• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 24 Мамыр, 2022

Көшелерде су көлкімеуі үшін...

266 рет
көрсетілді

Елдің экономикасын өрге сүйрейтін сала – ғылым. Президент те ғылымға көңіл бөлу керектігін баса айтты. Ал Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларды ғылым саласын меңгеруге ден қойып жатыр. Жуырда аталған мектептің екі оқушысы Ресейде өткен «Человек-Земля-Космос» ғылыми-зерттеу олимпиадасында ІІ орынға ие болды.

10-сынып оқушылары Қымбат Байсапина мен Нұрай Жанат­бек­қызының «Жаңбыр суын жинайтын дренаж жүйесі және заманауи қаладағы жолдық экоинфраструктура» атты жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған. Жас зерттеушілер бұл тақырыптағы еңбектерін екі жыл бұрын қолға алған.

– Мұндай жобаны қолға алуы­мызға қаламыздың көше­лерін­дегі жағдай себеп болды. Жасыратыны жоқ, жауын жау­са Семей көшелеріне су жина­ла­тынын көзіміз көріп жүр. Біз бақылаған Ә.Тәңірбергенов, Глинка, Селевин, Қабанбай батыр, Абай, Ш.Қаржаубайұлы сынды негізгі көшелері көлкіп кетеді. Соның салдарынан ас­фальт­тің қопарылуы өз алдына, жаяу жүргінші аяқ алып жүре алмай қалады. Көлік кеп­­телісі пайда болды. Сондықтан қала ішін­­дегі жолдарда жаңбыр мен қар суы жиналмауы үшін жол жиегін көгалдандыруға мүм­кін­дік беретін дренаж жүйесі мен экологиялық инфрақұрылым мо­де­лін әзірлеуді жүзеге асыр­мақ­пыз, – дейді Нұрай Жанат­бек­қызы.

Сонымен қатар заманауи қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз жол қозғалысы жоспарын жасап шығаруды көздеп отырған Қымбат пен Нұрайдың зерттеу обьектілері – жол, дренаж, топырақ, жаңбыр суы, көгалдандыру, жел энергиясы. Дренаж жүйесінің макетін жасауға және математикалық есептеулерді жүргізуге қала­мыз­да­ғы Қарағайлы ауданы зерттеу объектісі ретінде алынды. Бұл аумақта жаңбыр суының жиі тұрып қалуы байқалады. Зерт­теу­дің 3D сызбасы ­SketchUp­ бағ­дарламасының кө­ме­гі­мен жасалды.

Дренаж жүйесінің жұмысына назар аударсақ, ең алдымен жол­дың көлбеулігі арқылы жаң­быр суы жолжиектегі саңылаулар арқылы өтеді. Саңылаудан өткен су байланыстырғыш құбыр ар­қылы арыққа құйылады. Арыққа жаңбыр суы байланыстырғыш құбырдан құйылып, әрі қарай горизон­тальді резервуарға жи­на­лады. Жел генераторы өнді­ре­тін энергия есебінен осы резервуардың ішінде жиналған жаңбыр суын сорғы көмегімен верти­кальді резервуарға жеткі­зЕді. Вертикальді резервуардағы жаңбыр суын тамшылатып суару әдісімен қаланы көгалдандыруға қолдана аламыз. Қауіпсіздікті ойластыру мақсатында жаяу жүр­гіншілер жүретін жолда қоз­ға­лыс датчигін орналастыру, жолды екі жақтан жарықтандыру қарастырылған.

Зерттеу сұрақтарына жа­уап бере отыра, дренаж жүйесі мен қаладағы жол инфра­құры­лы­мының ерекше моделі жасап шығарылды. Ол өзінің тиімділігі мен экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оқу­шы­лар бұл жобаны кез келген қал­ада іске қосуға болатындығын айтып отыр.

 

СЕМЕЙ