Қазақ – әу бастан жетім көрсе жебей жүріп, жесірін елеусіз қалдырмаған текті халық. Қазіргі уақытта ата-анасыз қалған балалар мен әлеуметтік қиындыққа тап болған сәбилер мемлекет қорғауына алынған. Оларға махаббат пен мейірім еккен балалар үйінің бірі – Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйі.
Бұл мекемеде балалар саны – 88, оның ішінде жетім балалар саны – 14, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 74. Бір қуанарлық жайт, балалар үйіне келетін балалардың саны жыл сайын кеміп келеді. Мәселен, 2019 жылы балалар үйіне келіп түскен балалар 83 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 28-ге азайып 55 бала қабылданған, ал 2021 жылы балалар үйіне 43 бала келген.
Мекеме директоры Ботагөз Қазбекова балалар үйіндегі балалардың дені ата-анасының қамқорлығынсыз қалғаны үшін осында келгенін мәлімдеді. Яғни олар әлеуметтік жетімдер тобына жатады. Неге бұл үрдіс белең алып барады? Ата-аналардың безбүйрек болып кеткені ме? Әлде маскүнемдікке салыну мен тұрмыс тапшылығы ма? Еліміздегі мамандардың айтуы бойынша, балалар үйіне балалар асыраушысынан айырылуы, яғни ата-анасының өмірден өтіп, қараусыз қалуына байланысты және ата-анасының өз еркімен баладан бас тартуы немесе ата-ана құқығынан шектелуі себепті балалар үйіне орналастырылады. Ал балалардың ата-анасының қамқорлығынсыз қалуына әкеліп соғар тағы бір жағдай – кейбір жас аналар өмірдегі қиындықтардан қорқып баладан теріс айналуы себепті және отбасында мүмкіндігі шектеулі (ерекше балалардың) балалардың қоғам мүшесі болып, болашақта аяққа тұрып кетуіне күмәнмен қарауы салдарынан болып отыр.
Ақкөл қалалық балалар үйінен шыққан түлектер еліміздің ғана емес, Ресейдің жоғары оқу орындарында оқып, білімін жетілдірген. Озат түлектің бірі – Майра Давыдова. 1992-2003 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Майра әуелі Томскідегі политехникалық университетте ядролық физика және технология мамандығы бойынша білім алады. 2009 жылы Ресейдің ғылыми-зерттеу институтының ішіндегі ядролық орталықтың қызметкері болып еңбек етеді. 2008 жылы отау құрып, бүгінде үш баланың анасы атанып отыр.
Майра өз сөзінде: «Балалар үйінің мейірбан алақанына шексіз алғысымды білдіремін. Көптеген баланың тағдыры – сіздердің қолдарыңызда. Тағдыр тәлкегіне түскен балалардың өмірін жеңілдетіп, бақытқа бөлеу үшін өз жүректеріңізден мейірім мен парасаттылық отын ақтара білгендеріңіз үшін алғыс айтамын», деген болатын.
Ал балалар үйінен қанат қағып, жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде екі баланың анасы болып отырған Айгүл Дүйсембаева ағынан жарыла: «Ата-анасыз, туған туыссыз өмір сүрсем де, балалар үйінде бұл олқылықты сезінген емеспін. Балалар үйінде болған әр адамнан сабақ ала білдім. Өмірде жетістікке жету үшін көп еңбек ету керек екенін түсіндім. Ешқашан басқа жаннан дайын затты күтуге болмайды. Еңбек, еңбек және еңбек. Қауіпсіздік пен махаббатты сезіндіргені үшін біздің балалар үйінің ұжымына үлкен алғыс айтамын», деді.
Балалар үйінде жеткіншектер болашаққа еркін қанат қағуы үшін барлық жағдай жасалған. Әртүрлі спорттық ойын алаңдары мен балалардың зейіні ашылуы үшін кітапхана қызмет көрсетіп отыр. Әр баланың тағдырына жеке-жеке назар салып, бүгіннен ертеңге жолдама берген мейірім ордасы алдағы уақытта да қажырлы еңбегімен алға адымдай берері сөзсіз.