• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Мамыр, 2022

Торғай сұңқары

1180 рет
көрсетілді

Жақында бір қаламгер аға­мыз украин жазушысы Олекса Десняктің 1916 жыл­ғы Торғайдағы ұлт-азат­тық көтерілісінің бас сардары Аман­гелді Иманов­тың күрес жолын баяндаған «Торғай сұңқары» атты екі бөлімнен тұратын кітапты оқуға берді. Туындыны қазақ тіліне белгілі журналист – аудармашы Пер­небек Бейсенов аударған. Қаламгер бұл повесті 1939-1940 жылдары жазыпты. Бізді таңғалдырғаны – украин жазушысының Қазақстанға келіп, халық батыры туралы күрделі шығарма жазғаны. Әлде оған сол кездегі саясаттың ықпалы болды ма, әлде жеке өзінің ынтызарлығы болды ма – бізге белгісіз. Белгілісі − суреткер қаламынан бас сардар жайындағы көркем шығарманың өмірге келгені.

Жалпы, Амангелді Иманов­тың батырлық бейнесін көр­кем сөзбен кестелеген туынды­лар ішінде Бейімбет Майлин­нің «Батыр большевик» пове­сін, Ғабит Мүсіреповтің «Аман­гел­ді» пьесасын, Нұрхан Ахмет­бе­ковтің «Амангелді» дастанын, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» және Қоғабай Сәрсекеевтің алға­шында «Қызыл жалау», кейін «Заманақыр» деген атпен ба­сылған романдарын ерекше айтуға болады. Осы шығармаларда айбынды ердің ұлт-азаттық күрес жолындағы жанқиярлық ерлігі, халықты соңынан ерте білген көсемдігі, ержүректігі, мергендігі әр қыры­нан сомдалып, батыр тұлғасы айшықтала түскен.

Олекса Десняк өз повесінде Амангелді Имановтың образын бейнелеуде өзгеше жолын тапқан. Туынды Торғай дуаны базарында болған оқиғадан өрбиді. Оны қаламгер былай суреттейді: «Көшедегі айқай-шуды естіп, сонда ентелей жеткен еді, бір төре қойшы қазақты сабап жатыр екен. Қызбаланып, жүрегі шыдамай кетті, төренің жанына жетіп барып, қамшымен оны басынан періп қалды. Төре құлап түсті. Жиналғандарды полицейлер қоршап алды. Сол кезде бұл аяғын үзеңгіге тірей көтеріліп: «Уа, халайық! Байлар мен патшалар төрелері бізді қашанғы ұрып-соға бермек? Қорғансаңдаршы! Мен Аманкелді Иманов деген бауырларың болам, келіңдер бері!» деп бүкіл базарға айқай салды» дейді.

Негізі, бұл оқиға 1908 жылы болған. Бірақ онда төбелесті пат­шаның мас солдаттары Тор­ғай дуанына жәрмеңкеге кел­ген бір қазақты жазықсыз соқ­қыға жығады. Соны көзбен көр­ген Аманкелді Иманов пен се­­ріктері мас солдаттармен тө­белесе кетеді. Оның соңы кісі өліміне әкеліп, батыр бас­таған бір топ адамды түрмеге қа­май­ды. Осы оқиға туралы 1975 жы­лы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «А.Иманов» құ­жаттар жинағы» атты еңбекте то­­лығырақ баяндалған. Сонымен тө­белеске қатысы бар деген 14 адам жауапқа тартылып, олар­­дың әрқайсысына түрлі жаза бел­­гіленген. Заманында бұл оқиға қазақ қоғамын дүр сіл­кін­діріп, «Айқап» журналы сол сот ісін нөмір сайын жариялап тұрған.

Жазушы батырдың ен далада еркін өсіп, жігіттік мінезі мен ел ісіне аралас бастаған қайрат­керлік қырын барынша ұтымды детальдармен шебер жеткізеді.

 «Жеті жасынан былай ол әке сөзін естімеді, он үш жасынан даладағы түп жусандай жападан жалғыз өмір сүрді. Атасы Иман үшін патша чиновниктері мұның әкесі Үдербайды қуғынға ұшыратты. Жетпіс алты жыл бұрын Иман атасы басқа кедейлермен бірге байлар мен патшаға қарсы көтерілді. Осы өңірге даңқы кеткен жігіт сол кезде үлкен отрядты басқарды. Бостандық үшін қазақтар жеті жыл бойы күресті. Патша әскер­лерімен айқаса жүріп, Иман осынау шалқар дала төсінде бүр­кітше самғады, сөйтіп, сол ұрыстың бірінде оққа ұшты. Ол жө­нінде ақындар жыр толғады. Ал Іле бойындағы ең биік тауды қазір Иман-тау деп атайды» дейді.

Кеңестік кезеңде жазылған дүниелерде Аманкелді Иманов «жарлы-жақыбай отбасынан шыққан» деп айтылса да, бұл дерек шындыққа жанаспайды. Батырдың әулетін білетін көнекөз қарттардың айтуынша, бас сардар Торғай өңіріне мәлім әруақты атадан өрбіген. Әкесі Үдербай қарапайым болса да, ауқатты тұрған. Ал атасы Иман батыр – 1831-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне бастан-аяқ қатысып, ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Кене ханға соңғы деміне дейін адал болып, сонымен бірге жорықта көз жұмған. Кеңес уақытында Кенесары ханмен бірге Иман батырдың да есімі айтылмады. Алайда автор шығармасында қисынын тауып, сардар атасының батыр болғандығын келістіріп жазған.

Сондай-ақ ұлт-азаттық көте­рілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы май­данның қара жұмысына қазақ жас­тарын шақыру жарлығы бір себеп болса, оған қоса Тор­ғай облысы губернаторы Эвер­сманның ашкөздігі мен елді басынған әре­кеті халықты ғана емес, батырды да ашындырғанын тұспалдап айтады.

«1916 жылдың сентябрь күндерінде Торғай даласында көтерілістің өшпес жалыны алау­­лай түсті. Торғайды жан-жа­­ғынан қоршап, Аманкелді өз күшін Татыр көліне жақын тұсқа жинап жатты. Тастан Дәрі­­баевтың отряды Әйке көлі­нен Ырғыз тас жолына қарай қоз­ғалды. Сәдібек Мұсаевтың отряды Торғайдың шығыс жа­ғын­дағы Батпаққара маңында қимыл жасады. Амангелдінің бұй­рығымен көтерілісшілер онсыз да елсіз далада ешнәрсе қал­дырмай, құдықты көміп, қыс­таудағы пішенді жойды» дейді. Әсіресе Торғай қаласы мен Та­тыр көлі маңайында болған шай­қастардағы Амангелді бас­таған сарбаздардың рухы мен ерлігін сол қалпында ақ қағазға шынайы түсірген. Сонымен бірге Алаш арыстарының жанды бейнелерін де кездестіресіз. Туындыдағы кей­бір кейіпкерлер өз аты-жө­німен берілген. Мә­селен, көтеріліс кө­сем­дерінің бірі Оспан хан Шо­лақ­­ұлының есімі нақ осылай жазылған. Сон­дай-ақ повесть жүгін көтеріп тұрған Зылиха, Тастан секілді кейіп­керлердің іс-әрекеті де ұмытылмайды.

Қысқасы, украин жазушысы Олекса Десняктің халық батыры Амангелді Имановтың күрес жолы мен ерлігін көркем суреттеген кітабында сол кездегі сая­саттың «лебі» болса да, қызықты дерекке толы көркем баяндауымен құнды екенін айтар едік.

Енді автор туралы бірер сөз айта кетейік. Жазушының шын аты жөні: Алексей Игнатьевич Руденко. 1909 жылы туып, 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан. Ол шығармашылықпен бар болғаны он төрт жыл ғана айналысқан. Оның ішінде оқырмандар қалам­гердің «Батальондар Деснадан өтті», «Удай-өзен романдары мен «Торғай сұңқары» атты повесін жақсы біледі.