Еуропалық одақ «Жасыл келісім» жобасын ұсынғалы бері ортақ мәмілеге келу қиын болып тұр. Бұған дейін газ бен атом энергиясын «жасыл» санатына енгізу мәселесі біразға дейін Брюссельдегі шенеуніктердің басын ауыртқан еді. Енді электр тоғымен жүретін көліктер Орталық Еуропадағы бірнеше мемлекетті қиын жағдайға түсірмек.
Мәселенің бәрі мынада. Еуропалық одақ ауаға таралатын парникті газдардың көлемін азайту мақсатында 2035 жылға дейін электр көліктерге толықтай ауысуға келіскен-ді. Осындай қадамдар арқылы қарт құрлық 2050 жылы ауаға мүлдем зиянды газ шығармауды көздеп отыр. Бірақ бұл жоспар көлік шығару өнеркәсібіне иек артқан мемлекеттерге оңайға соқпауы мүмкін. Әсіресе Еуропаның орталығындағы елдер қиындыққа тап болмақ.
Жұмыс күші арзан, инфрақұрылымы бар Чехия, Словакия секілді мемлекеттерге ірі көлік өндірушілер миллиардтап қаржы құйып келді. Бірнеше зауыт ашып тастады. Мысалы, Чехияда автоөнеркәсіп ішкі жалпы өнім көлемінің 10 пайызын құрайды. Шамамен жарты миллиондай адамды жұмыспен қамтып отыр. Словакияда бұл көрсеткіш 14 пайызға жеткен.
Словакияда халық арасында «Фольксваген» түшкірсе, бүкіл ел тұмауратып қалады» дейтіні де сондықтан. «Жасыл келісімге» Чехия әрдайым қарсылық білдіріп келеді. Аталған елдің премьер-министрі келісімді «төнген қауіп» деп бағалады.
Электр көліктерді құрастыруға кететін жабдықтар қарапайым көлікке қарағанда әлдеқайда аз. Оның үстіне көп адамның еңбегін қажет етпейді. Сондықтан зауыттардан мұндай көліктер көбірек шыққан сайын жұмыссыз қалғандардың да саны артады.
Чехия билігі жарты млн адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанына қарамастан, электр көлігіне отыруға асығатын емес. Оның орнына Брюссельдің кез келген ұсынысына қарсы шығуға бейіл. Мәселен, былтыр желтоқсанда премьер-министр Петр Фиала үш күн бойы «Жасыл келісімге» қарсылық білдіріп тұрып алды.
Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрлігінің өкілі электромобильдер парникті газ шығарылымын азайтудың жалғыз жолы емес екенін алға тартады. Оның орнына балама отынды пайдалануды жөн санайды. Әйтсе де, үкімет өндіріс иелеріне зиянды газ шығармайтын көліктер шығаруға көмек қолын созатынын уәде етті.
Шартараптың түкпір-түкпірінде электр көліктердің танымалдылығы да, өндіріс көлемі де артып келеді. Германияның, Оңтүстік Кореяның және Жапонияның негізгі көлік өндірушілері қай елдердегі зауыттарын электромобиль құрастыруға қолдануға лайық екенін зерттеуге кірісті.
Ендеше, Орталық Еуропа елдері үшін ертерек қамданбаса уақыт кеш болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Испания секілді мемлекеттер қарт құрлықтың хабына айналуға барын салмақ. Пиреней түбегі осы мақсатта электромобиль саласына 14 млрд доллар инвестиция құйды. Мұндай қадам тиімділігін көрсетті. Елде бірнеше электрмен жүретін және гибридті көліктер шығарыла бастады. Бұл салаға қызығушылық білдіріп отырған инвесторлар да көп.
Сарапшылардың айтуынша, Чехия, Словакия, Мажарстан мен Польша ертерек іске көшпесе, 2035 жылы қиын жағдайға тап келуі әбден ықтимал. Ірі көлік өндірушілер қажет емес деп тапқан зауыттарын жапқанда аталған елдерде жұмыссыздар саны күрт көбейеді.
Әйтсе де, Орталық Еуропа елдерін құтқара алатын жоба бар. Ондағы зауыттарды электр көліктеріне қажет жабдықтар шығаруға қайта өңдеу керек. Мәселен, таяуда «Фольксваген» компаниясы Чехияда құны 4,4 млрд доллар болатын алып зауыт ашуды көздеп отыр. Онда электромобильге қажет батереялар шығарылмақ. Жоспар бойынша 40 мың адам жұмыспен қамтылуы тиіс.
«Фольксвагеннің» чехтердің еліне қызығуында үлкен мән бар. Германия мен Чехия шекарасы маңында жатқан Кенді тауының қойнауында литий қоры бар. Бұл – электр көліктерге қажет батерея жасауға таптырмас шикізат.
Әзірге зауыт құрылысы нақты қашан басталып, қашан аяқталатыны белгісіз. Алайда сарапшылар жоспар бойынша мұндай өндіріс ошақтары 3-6 жыл көлемінде салынатынын айтып отыр.