• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Мамыр, 2022

Ескерткіш Қожа елмен қауышады

562 рет
көрсетілді

Жалпы балаларға арнап әдеби шығарма жазу қиын. Оған кез келген қаламгердің жүрегі дауаламайды. Өйткені бала көңілі мен сезімін тап басу үшін шеберлік қана емес, бала мінезді болу керек.

Әлем әдебиетінде балаларға арнап жазылған жауһар туындылар жетерлік. Соның ішінде оқырмандар атақты америкалық жазушы Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» мен «Гекльберри Финнің басынан кешкендері» атты шытырман оқиғаларға толы хикаяттарын жақсы біледі. Оны жеткіншектер ғана емес, ересектер де сүйіп оқиды. Осы айтулы екі шығарманы қазақ балаларына көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова мөлдіретіп аударды. Классикаға айналған көркем дүниені жазған автордың балалық шағы Миссури штатының Ганнибал қаласында өтті. 1926 жылы осы шаһарда жазушының кейіпкерлері Том мен Гекке арналған ескерткіш ашылды. Ескерткішке жа­қын жерде жазушының мұражай үйі орналасқан. Оны жергілікті тұрғындар «Том Сойердің үй» деп атайды.

Сондай-ақ әлемнің көптеген қала­ла­рынан әйгілі жазушылардың шығар­маларындағы кейіпкерлерге қойылған ескерткіштерді жиі кездестіресіз. Мұндай үрдіс біздің елде де қалыптасып үлгерді. Мәселен, Ақтөбе қаласында биыл дүниеден озған Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкер­леріне ескерткіш орнатылды. Онда Бел-Аран шоқы тасы символының үстін­де бостандыққа ұмтылған Еламан мен Қален, сұлу Ақбала, оның әкесі Сүйеу қарт, олардың артында жалқау Судырах­мет пен өсекшіл Қарақатын және басын тік ұстап, итін ерткен Тәңірберген бейнеленді.

Қазақ көркем сөз өнерінде балалар әдебиеті айтарлықтай дамыды. Кеңестік кезеңде үлкен мектеп қалыптасты. Балаларға арнап «Шоқан асулары» деген тағылымды кітап жазған Сапарғали Бегалиннен бастап, Өтебай Тұрманжанов, Сейітжан Омаров, Нәсіреддин Серәлиев, Сансызбай Сарғасқаев, Машқар Гуме­ров, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қал­дыбаев, Қастек Баянбай, Молдахмет Қаназ, Марат Қабанбай, Шәкен Күміс­байұлы, Өтепберген Ақыбекұлы, Сейіт­құл Оспанов, Қуандық Түменбай, Бай­бота Серікбаев секілді сыршыл суреткерлер өнімді еңбек етті.

Әсіресе балалар әдебиетінің дамуына қабырғалы қаламгер Бердібек Соқпақбаев зор үлес қосты. Жазушының 1951 жылы шыққан «Он алты жасар чемпионынан» бастап, «Алыстағы ауылда», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан», «Қайдасың, Гауһар?» повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» романын балалар ғана емес үлкендер де қолынан түсірмеді. Ал «Менің атым Қожа» по­весі қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындысына айналды. Кітапты оқыған барлық бала «Қожа» секілді еркіндікті ұнатты. Бір қарағанда тентек, қиқар, бірақ ақылды жеткіншектің болмысы сол кездегі идеологияның қалыбына сыймады. Жазушыға да сыншылар тарапынан ұшқары пікірлер айтылды. Алайда сәтті сомдалған Қожа бейнесі талай талантты баланың көзін ашты. Бұл повесть орыс, украин, француз, латыш, өзбек секілді бірнеше тілге ауда­рылды. 1963 жылы «Қазақфильм» кинос­тудиясы шығарма желісімен фильм түсірді. Талантты режиссер Аб­­долла Қарсақбаев қолтаңбасын та­ныт­­қан туындыны қаншама жылдар өтсе де көрермендер әлі құмартып көреді. 1967 жылы Францияның Канн қала­сындағы жастар мен балаларға ар­нал­ған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде ол бас бәйгені жеңіп алды.

«Ана тілі» газетінің 2020 жылы №50 (1570) 10-23 желтоқсанындағы санында белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаевтың «Балалық бейнеміздің белгісі» атты мақаласы жарық көрді. Онда танымал публицист «Менің атым Қожа» кітабы кейіпкеріне ескерткіш қою мәселесін көтеріп:

«Енді, дейміз де, 68 ел тіліне аударылып, 32 мемлекеттің фильмотекасында тұрған туынды нағыз туынды-ақ емес пе?! Еңбек, керемет еңбек-ау, шіркін! Олай болса ондағы басты кейіпкер кішкентай Қожаға неге символдық образ тұрғысында ескерткіш орнатпасқа?! Мұнда біз жоқтан бар жасайық деп буын­сыз жерге пышақ ұрып отырғанымыз жоқ. Әлемдегі өркениетті елдердің тарихында мұндай үрдіс бар. Оған мәселен, Париждегі Виктор Гюго кітабындағы Гаврошқа, Ригадағы ағайынды Гриндер туындысындағы Бремен музыканттарына, Самарадағы Ярослав Гашек шығармасындағы сайыпқыран сарбаз Швейкке, Мадридтегі Джоан Кэтлин Роулинг кітабындағы кейіпкер Гарри Поттерге қойылған ескерткіштерді үлгі етіп айтуға болады. Ал Корней Чуков­ский, Ганс Христиан Андерсен, Сергей Михалков өлеңдері мен әңгімелеріндегі Вильнюстегі Айболит, Копенгагендегі Су перісі, Мәскеудегі Степа ағай мү­сін­дері ше? Айта берсек төрткүл дү­ниедегі балалар жазушыларының еңбе­гімен өмірге келген мұндай образды тас­тұғырлар көп... Тіптен көп! Солардың қатарында өзіміздің мәңгілік бала бейнеміз – кішкентай Қожа тұрса мұның еш артықтығы болмас еді» деп жазды. Осы мақала жарық көрісімен іле авторға сол кездегі Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәлиден жауап хат келді. Хат толығымен «Ана тілі» басылымында жарияланды.

«Құрметті Жанболат Әлиханұлы! Сіздің «Ана тілі» газетіне 10.12.2020 ж. (№50) жарияланған «Балалық бей­неміздің белгісі» деп аталған мақа­лаңыздың негізінде Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысына қызметтік хат жазған еді. Онда Сіз көтеріп отырған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне ескерткіш орнату туралы мәселесімен қоса, қазақ балалар әдебиетін дамыту, балалар жазушыларын ынталандыру, оларға мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсету мәселелерін де қоса жазған едік. Сіздің мақалаңызда көтерілген мәселені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап, Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арқылы Үкіметке және салалық министрліктер мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тапсырма берген болатын. Жуырда вице-премьер Ералы Тоғжановтан аталған хатта көте-рілген мәселелер бойынша атқары­лып жатқан жұмыстар туралы жауап келді. Хатта: «...Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкерлеріне елордада ескерткіш орнатуға 2021 жыл­ғы жергілікті бюджеттен немесе демеушілердің есебінен қаржы қа­рас­тыру мәселесін пысықтауда» деп жазылған. Сонымен қатар балалар жазушыларына қолдау көрсету мақсатымен 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралардың жобасы әзірленіпті. Яғни Сіздің қазақ баспасөзі арқылы көтеріп отырған мәселеңіз Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріліп, нақты шешімдер қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр» делінген.

Биыл Мемлекет басшысының қол­дауымен елімізде Балалар жылы жария­ланды. Осы жыл аясында балаларға арнап бірқатар іс-шара қолға алынды. Соның бірі ретінде 1 маусым – Халық­аралық балаларды қорғау күнінде елор­дадағы «Жетісу» саябағында Бер­дібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабының кейіпкеріне ескерткіш ашылады. Бұған дейін балалар Қожаның бейнесін кітаптан оқып, кинодан тамашаласа, енді ескерткішін көріп, мәз-мейрам болады.