• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Мамыр, 2022

Таразылаған тарих тазарады

1976 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қаңтар айында жария­лаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихымыздың ақтаңдақ беттері туралы, соның ішінде ХХ ғасырда орын алған екі дүркін алапат ашаршылық туралы атап өтіп: «Тарихымыздың осы ақтандақ беттері әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», деген еді.

Осы орайда, болашақта қоғам алдына көлденең тартылар бір сұрақ бар. Ол «Өткен ғасырда қазақты қынадай қырған ашаршылық қалай пайда болды, әдейі, қасақана ұйымдастырылды ма?». Осы сұраққа ғылыми тұрғыдан егжей-тегжейлі сараптал­ған толымды жауап берілмей келеді. Аталған тақырып төңірегінде ұзақ жыл зерттеу жүргізген тарихшы-ғалым Талас Омарбеков, бұл ашаршылық әртүрлі шаруашылықтық-әлеуметтік науқандар­ды ұйымдастыру нәтижесінде кеңестік билік тарапынан қолдан жасалғаны рас, бірақ оның қазақ халқына қарсы әдейі ұйым­дастырылмағаны анық, – дей отырып: «Кеңес­тік билік елді жедел индустрияландыру мақсатын көздегенімен бұл науқандар елді жаппай аштан қыруға алып келетінін алдын ала болжай алмауы және биліктегілердің қате саясатынан, адам құқын аяқ асты ететін, зорлыққа негізделген шаруашылықтық-саяси науқандарынан туындады. Алайда өзінің салдарлары жағынан қа­зақ халқының жартысына жуығын жалмаған ­бұл қасірет геноцидтің қатерлі қорытындысы­мен бірдей болып шықса да, оған алып кел­ген Сталин бастаған тоталитарлық мемлекет­тік жүйенің қазақ халқын түбегейлі жо­йып жіберу мақсатын көздемегені де анық» де­ген қорытынды жасапты.

Әрине, ғалым ағамыздың жоғарыда айтқан пайымын жоққа шығармаймыз. Десек те, атам қазақ «бос жатқан жер жау шақырады, берекесіз іс дау шақырады» дегеніндей, мешін жылы маң даланы өлікке толтырған бұл қасіреттің айтылмай жүрген бір себебі, зардап шегуші халықтың тым мешеулікке ұшырауының қасіреті емес пе?

Қасірет жылдары өмір сүрген қазақ ша­йыры Ғұмар Қараш «Кең далаға қарасаң, жайылған қойдай халайық, Бітіміне қарасаң, қасқыр жеуге лайық» деп налыса, үлкен ақын Мағжан Жұмабаев: «Ұйқы басқан қабағын, бастыра киген тымағын, жалқаулықты жар көрген, жүрген ескі заңымен, алдындағы малымен, бірге жусап, бірге өрген» деп күңіренуі расын айтқанда, ресейлік отарлаушылар алдындағы халқымыздың дәрменсіз, бейшара халін бейнелеп тұр. Ендеше, ислам ұстанымындағы «халық өзі қор болмайын­ша, қорлық келмейді» деген тұжырымын да ­еске алған дұрыс.

Сонымен айтпағымыз, тарих таразылау­ды сүйеді. Таразылаған тарих тазарады. Өйткені, өткен тарихтың келеңсіз оқиғалары халықтың бойына үрей-қорқыныш сезімін сіңіріп кетеді де, ол қасіретті оқиға жаңғырған сайын жұрт­тың бойындағы үрейді тірілтіп отырады. Сондықтан осындағы аштық һәм ашаршылық тақырыбын зерттегенде оның кесірі мен қасіретін айғайлап айта бермей, осындай күйге тап болған тарихи-әлеуметтік салдарды да айтып, тіпті қажет болса зардап шегуші халықтың қателігін де атап өткен жөн. Осы­лай нақты, шынайы шығарылған қоры­тын­ды, ұрпақты үрейден арылтып, болашақта болуы мүмкін қасіреттен сақтандырады.

Қазіргі қазақ қоғамы өткен ғасырдағы қасіретті оқиғалар: 1921-22 және 1931-32 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдары орын алған қуғын-сүргінді еске алудың жолы – үлкен қалаларда ескерткіш ашу, жиын өткізу деп ойлайды. Көп жағдайда осылай механикалық әрекеттермен шектеліп жүрміз. Бұл әрекеттер әлі де жетімсіз екені анық. Бұндай үлкен қасіретті оқиғалардың діни-рухани маңызы барын ескермейміз. Мысалы, нақты белгіленген даталы күні халықтық аза тұту, барлық мешіттерде қуғын-сүргін құрбандарына арнап құран-хатым түсіру сияқты шариғи маңызға ие оқиғалар – адамға рухани тыныштық сыйлайды һәм жүрегін тыныштандырады.

Тағы бір ескеретін дүние – қазіргі қоғамда қуғын-сүргін көрмеген қазақ үйелмені кемде-кем. Әрі дәстүрлі қазақ шаңырағында әулет шежіресі деген бар. Осы арқылы әр отбасы, әр қазақ өзінің қуғын-сүргінге ұшыраған ағайын-туыс, ата-бабасын түгендесе, сол арқылы мемлекеттік маңызы бар тізім жасалса. Сөйтіп, қоғам қасіретті оқиғалар әрбір қазақ отбасына тән дүние екенін сезініп, ұлттың қайғысын ұлтты ұйыстыратын тетік ретінде бағамдаса дейміз.