Қазіргі геосаяси жағдай Қазақстан мен Ресей арасын бұрынғыдан да жақындата түсті. Ресейліктердің ішінара Қазақстанға қоныс аудара бастауы, елімізде жұмыс істейтін еншілес банктердің ауыр дағдарысқа ұшырауы, еларалық сауда қатынасының құбылмалы ауа райындай күрт өзгеруі (экспорт пен импорттың шектелуі) және Ресей билігінің Еуразиялық одаққа ортақ қаржы жүйесін құруды ұсынуы осыны байқатады.
Жуырда Еуразиялық экономикалық комиссиясының интеграция және макроэкономика бойынша министрі Сергей Глазьев Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында жаңа қаржы жүйесін қалыптастыру керегін айтты.
«Біз әлемдегі валюталық-қаржылық қадағалаудың жаңа моделін құру туралы ойлануымыз керек. Алдымен ЕАЭО және «Бір белдеу – бір жол» аясында, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) әлеуетін пайдалана отырып, халықаралық қатынастарда қолданылатындай цифрлы форматтағы жаһандық есеп айырысу валютасын енгізудің ортақ моделін әзірлеген жөн. Бұл цифрлы валюта моделі ЕАЭО қатысушы елдерінің ұлттық валюталарына ғана емес, базалық биржалық тауарларға, соның ішінде шикізат тауарларына қатысты болады», дейді.
Оның айтуынша, ЕАЭО елдері улы, сезімтал, санкциялық қысымның құралы болып саналатын, эмитенттері өз міндеттемелерін орындамайтын, халықаралық құқықты бұзатын валюталардан бас тартуымыз керек. Солай дей келе, доллар, еуро, фунт және йенаны меңзейді.
«Қандай да бір санкциялық қысымнан қорғай алатын, орнықты дамуымызға сеп болатын платформаны құрып, оған ШЫҰ-дағы мүше-серіктестерді тартар болсақ, онда бұл модель бүкіл Азия үшін тиімді болмақ. Әрі қарай бүкіл әлем үшін», деп барып бір-ақ тоқтайды ЕЭК министрі. Солай дей тұра, С.Глазьев ортақ валюта жайлы сөз қозғап отырған жоқпыз, бар болғаны ЕАЭО елдерінің төл валюталарын нығайта түсетін, халықаралық есеп айырысуда ғана пайдаланылатын валюта құру туралы айтып отырмыз деп шыр-пыр болады. Қалай деп бұлтылдаса да, министрдің көмейіндегі бүлкілдеген ниетті аңғармау мүмкін емес.
Осыған өте ұқсас ойды қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының басшысы Константин Горожанкин де айтты. Оның пікіріне сүйенсек, ЕАЭО елдерінің интернет-алаңында шұғыл түрде «Мир» банктік картасымен төлем қабылдауды енгізу керек.
«Ресейлік карталар ажыратылғаннан кейін қазақстандық интернет-дүкендер осыған дейін ресейлік картамен төлеп келген біраз клиентінен айырылды. Олар – «Тикетон», flip.kz, kaspi.kz сияқты маркетплейстер. Яғни Қазақстанның әуе, темір жол компаниялары біраз ресейлік клиенттерді жоғалтты. Сондықтан қазір «Мир» картасын пайдаланатын ресейліктерге қазақстандық интернет-дүкендерде төлем жасау мүмкіндігін беру қажеттігі туралы әңгіме туындап жатыр. Жақын екі апта көлемінде «Мир» картасы қазақстандық интернет-дүкендерде қабылдана бастайды. Сөйтіп, ресейліктер біздің сервистерде еркін сауда жасайды», дейді К.Горожанкин.
Қауымдастық басшысы бұл Қазақстан үшін тиімді екенін, тиісінше, санкция қысымынан сақталған «Мир» картасына да жағдай жасап бердік деп пікір білдіреді. Бұл қалай болғанда да Қазақстанның Ресей үшін «қауіпсіздік жастықшасына» айналып жатқанының бір көрінісі.
Ал Ресей президентінің ортақ жүйе туралы сөз қозғауынан – орыс экономикасының оңалмас қиындыққа ұрынғанын, енді «қайраңдап қалған кемесінің» табанына көрші елдердің әлеуетін шынжыр ғып төсеп шығуға бет алғанын байқауға болатындай.
«SWIFT жүйесінен дос елдердің банктері арасындағы тікелей корреспонденттік байланыстарға көшуді қоса алғанда, өзіміздің халықаралық қаржылық және есеп айырысу тетіктері бойынша диалогты жеделдету маңызды деп санаймын. Оның ішінде Ресей Орталық банкінің қаржылық хабарламаларды жіберу жүйесінің көмегімен. Біз сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты аймағының негізгі қаржы орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуды ұсынамыз», деді В.Путин.
Премьер-Министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мұндай мәлімдемелерге қатысты пікір білдіреді.
«Әрине, қазір есептеулерді қиындатқан санкциялық ахуалдың бар екені рас. Әрі біздің елдер арасында доллармен есептесуде қиындықтар бар. Өйткені оның Ресейде пайдаланылуына тыйым салынған. Соған қарамастан ортақ валюта құру мәселесі күн тәртібінде жоқ. ЕАЭО-ның барлық органдарының негізгі міндеті – тауарларға бірыңғай стандарттар мен талаптарды енгізу және үшінші елдерден импорттауға бірыңғай тарифтік-тарифтік емес шараларды және басқа да құралдарды қолдану арқылы елдеріміз арасындағы саудадағы кедергілерді жою. 2025 жылға таман құнды қағаздар нарығын реттеуге бағытталған сақтандыру және банк саласындағы заңнамаларды сәйкестендіру жоспарланып отыр. Бұл үшін орган құрылып, Алматыда орналасады. Орган ортақ қаржы нарығы субъектілерінің тізілімін жүргізумен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық бойынша ұсынымдар әзірлеумен және ЕАЭО мемлекеттерінің заңнамасын халықаралық стандарттарға сай етіп жетілдірумен айналысады. Айта кету керек, ақша-несие саясатын жүргізу мәселесін, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, қаржы нарығын қадағалауды әр елдің Ұлттық банкі өздері жүзеге асырады», деді Б.Сұлтанов.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, тап қазіргі Ресейдегі жағдайды айту және оның Қазақстанға тигізер әсерін бағалау өте қиын.
– Ресейлік банктерге санкция салынуы елімізбен арадағы сауда қатынасына соққы болып тиеді. Бізде Ресейден келетін импорт көлемі азаюы мүмкін. Негізінен Ресей өндірісін тоқтатуы мүмкін тауарлар бойынша импорт төмендейді. Ондай жағдайда Румыния, Түркия сияқты елдерден сатып алуға тура келеді. Әзірге Ресейде жағдай қалай нашарлайды, ол бізге қалай әсер етеді – ол жағын кесіп айту қиын. Өйткені санкциялардың әсері әдетте біраз уақыттан кейін сезіліп жатады. Глазьевтің не айтқысы келіп тұрғанын түсінбеймін. Жалпы, ресейлік тарапта өздерінің бір ойлары бар, бірақ олар оны әлі жария етпеді. Мынау айтып жатқандары «қәне, сауданы басқаша жасасайық», деген сыңайдағы жалпылама сөз. Иә, қандай да бір ортақ валюта арқылы саудаласайық, бәлкім ол теңге болады. Өйткені біздің экономика – валютасы конвертацияланатын, ТМД-дағы ең ірі экономика саналады. Әзірге Ресей санкция құрсауындағы мемлекет болғандықтан, олармен кез келген келісімге барудың қисыны да жоқ, – дейді сарапшы.
Қаржыгердің пікірінше, «Мир» картасын айналымға енгізуден қорқудың қажеті жоқ.
– Мүмкін, «Мир» картасын пайдалануды қазақстандық банктер енгізіп көрер. Менің ойымша, мұны санкция салушылар – Еуроодақпен, АҚШ-пен келісіп көру керек шығар. Меніңше, бұл қалыпты тәуекел саналады. Дегенмен бәрі оңай болса, «Мирдан» 10 есе мүмкіндігі жоғары Union Pay Қазақстанда да, Ресейде де жұмыс істеп кетер еді. Неге Union Pay нарыққа кірмеді? Сол тәжірибені түбегейлі зерттеп, сосын барып «Мирді» енгізейік деген әңгімені айту керек немесе қазақстандық төлем жүйесін Ресейде де пайдалану жағын қарастырып көру керек. Иә, ресейлік банктерге салынған санкция екі ел арасындағы сауда қатынасына кері әсерін тигізуде. «Сбербанк» Қазақстандағы ірі ойыншы саналады және көп кредит берді. Осы кезде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірігіп, біздің бизнеске берілетін ақша тоқтап қалмас үшін не істеу керек дегенді ойластырғаны жөн. Өкінішке қарай, тығырықтан шығар жол тез табылмайды. Ұзақ мерзімді стратегия ойластырған абзал, не болмаса біздің нарыққа кіруге дайын шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу қажет, – деп пікірін білдірді Р.Рысмамбетов.
«Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьяновтың айтуынша, біз ЕАЭО аясындамыз және тауардың жартысынан көбін Ресейден сатып алып отырмыз.
«Бұл тұрғыда біз Ресейге ақша төлеп, қайта оларға кіріс әкеліп отырмыз ғой, неліктен біз тәуелді боламыз деген де пікір бар. Жалпы, біз сырттан келетін тауардың 50 пайызын Ресейден, 50 пайызын басқа елдерден сатып аламыз. Ал осы 50 пайыз Ресей үшін – 2,5 пайыз ғана. Яғни біз олар үшін – ешкім емеспіз, біз үшін олар – аса ірі. Иә, біз бір кеңістіктеміз. Бірақ әр кеңістіктің өз Ұлттық банкі бар. Солар пайыздық ставканы бекітеді. Былтыр Ресейде базалық ставка – 4,5, ал бізде 10 пайыз шамасында болды. Мәселен, сүт зауытын ашқымыз келді делік. Оны қаржыландыру үшін несие керек. Сол несиені 10 пайызбен Қазақстаннан алған тиімді ме, әлде 4,5 пайызбен Ресейден алған тиімді ме? Әрине, Ресейден. Сондықтан ол жақта зауыт салу арзан. Олардың сүтінің өзіндік құны біздің көршілес қаладағы сүттен әлдеқайда төмен. Сонда біз жасырын түрде өз экономикамызды өлтіріп, көршінің экономикасын қолдап отырмыз. Біз олардың тауарын Қазақстанға алып келген кезде, олардың инфляциясын да қоса алып келеміз», дейді С.Лукьянов.
Еске салайық, сәуір айында «Банк ЦентрКредит» ресейлік «Альфа-Банктің» біздегі еншілес банктің 100 пайыз акциясын сатып алып, оны Eco Center Bank деп қайта атады. Сондай-ақ өткен айда «Сбербанк Қазақстан» өзінің 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін Halyk Bank-ке сатты. «ВТБ Қазақстанның» да сатылатыны белгілі болды. Ал жақында ғана Иржи Шмейц басқаратын PPF халықаралық инвестициялық-қаржы корпорациясының топ-менеджменті отандық «Банк Хоум Кредит» акциясының 75 пайызын ресейліктерден сатып алды.