• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Маусым, 2022

Сенім қазына-байлықтан да артық

1165 рет
көрсетілді

Бойын күдік пен үрей билеген адам біреудің басына түскен жағдайын түсініп, оларға қиындықтан құтылуға көмектесе ала ма? Жоқ, әрине. Туындаған осындай мәселені шешу үшін кісіге алдымен қуат керек, жақсы көңіл күй қажет. Ондай адамның ішкі жан дүниесінде әлдебір күйзелістің болмағаны абзал.

Мұндай жағдайдың пайда болуына адамның менмендігі мен өркөкіректігі себеп болады. Мұндайда ол бәрін түсіне тұра, ештеңе істей алмайтынын, істегісі де келмейтінін сылтауратып, жұмыстан жалтарудың амалын іздеп, қорқыныштың қандай да бір түрін ойлап табуға тырысып, оны өз ыңғайына қарай түсіндіргісі келеді.

«Қорыққанға қос көрінеді», дегендей қорыққанынан адам ештеңені түсінбесі анық. Ол эмоцияға беріледі. Бұл адамды ресурссыз күйге душар ететіндіктен, сіз бұл күйден шыға алмайтындай жағдайға түсесіз. Өйткені жаныңызды жегідей жеп отырған іштегі жаңағы эгоңыз сізге жұмыс істетпек түгіл, ол туралы дұрыс ойлауға да жол бермейді. Бұған адамның өзі кінәлі, өйткені ол дәл осындай дүниені өз қолымен және өзі үшін жасап отыр. Оның үстіне, ол осы «жайлылық пен қолайлылық аймағынан» шығуға ыңғай танытпайды. Мақтаншақтық пен тәкаппарлық адамға мұны істеуге мүмкіндік бермейтіндігі айтпаса да түсінікті. Мұның барлығын тек «көз қорқақ, қол батыр», деген ұстаныммен өмір сүретіндер ғана ұғады.

Осыған байланысты өмірге деген сенім адам үшін үлкен мотивация болады.

Қорқыныш пен күмәнға бой алдырған адам басқаға бірдеңе беру дегенді мүлдем білмейді. Ондай адамның бойындағы қуат кімге жетсін. Олай болса, адамның трансформациялануы оның оған қаншалықты дәрежеде дайын екендігіне байланысты. Егер ол бұл мәселені басымен қабылдар болса, онда проблема туын­дайды. Өйткені адамның миы өзінің не істей алатынын, нені істей алмайтынын түсіне бермейді. Адам бойындағы тұтастықтың болмауы ішкі дүниені осылай бөлшектеуге әкеліп, ол осы сәттен бастап бойындағы күшін жоғалта бастайды. Ал егер адамның ішкі бірлігі болған кезде ол ешкімді бөліп-жарып, ажыратпас еді. Айналасына адамша көз салар еді. Барлық адамдарға адам ретінде бірдей қарап, оларды алаламас еді. Осылай болғанда ғана адамның өмірлік жолының терең мәнін ішкі жүйелілік пен тәңірлік негізінде түсінуге болады. Демек, іші бүтін адам ғана жақсы адам бола алады. Ендеше, осылардың барлығына төтеп беру үшін үлкен сенім қажет. Өйткені сенімсіз иман болмайды, ал сенім жоғалған өмір – сергелдең өмір. Менмендіктен арылу үшін кез келген істі шүкіршілік, сүйіспеншілікпен қабылдап, сенім және қуанышпен жасау керек. Сонда ғана таза боласың. Осындай күй кешу арқылы аспан мен жердің энергиясын байланыстырып, басқаларға қуат беруге болады. Сондықтан санада сандырақ емес, айқындық болуы шарт. Адамның интуициясы – оның ішкі дауысы. Ол шын жүректен шығады. Жүрегі таза адам қиянатқа бармайды. Бұл адаспаудың және дұрыс жолды табудың кепілі болмақ. Сәттілік анықтық болған кезде келеді. Бұл жерде бастағы жаттанды мәтіндердің «мықтылығы» емес, шығармашылық пен көрегендік керек. Оған бекерден-бекер бойыңдағы қуатыңды жұмсап, ысырап қылудың қажеті шамалы. Кез келген іске қызығушылықпен қараған жөн. Бұл жақсы іс болғандықтан сен оны міндетсінбей, жеке басыңды дәріптеп, ұпай іздеп, кез келген істен пайда дәметпей кіріссең оған шаршамайсың. Жаратушы барлығына бірдей мейірімді болғандықтан, ол ақ тілекпен адамның бойына мейірімділік, жанашырлық және махаббат сыйлайды. Демек, тілегі ақтың – ісі хақ. Олай болса, адамның әрекеттері сыйақы алу мақсатындағы міндеттілікпен емес, керісінше, экологиялық таза ниетпен іске асырылуы қажет. Өйткені әрбір ниет күш-қуатты қажет етеді. Кез келген ой – міндетті түрде өнетін дән. Әркім арманын орындау үшін сиқыршыны күтпей-ақ, өз өмірінің қожасы болғаны абзал.

Адамның басты құндылықтары оның болмысын айқындайтын орталық болғандықтан, ол оның кім екенін көрсетеді және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Сондықтан құндылықтарды нақты анықтау арқылы адам өзінің жеке этикасына адал болуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ оған тұлға ретінде өсуге септігін тигізетін мақсаттарды дұрысырақ қоюға жағдай туады. Мақсатты анықтау – бұл қанағаттанарлық өмір сүру үшін бірегей дағдылар мен қажеттіліктерді пайдалану жолын табу деген сөз. Мақсаттармен оларға қол жеткізу жоспарлары азаматқа әрі қарай не істеу керектігінің дұрыс бағытын табуға мүмкіндік береді. Ол сонымен қатар адамға маңызды деген нәрселерге назар аударып, мақсаттарға жетуге жағдай жасайды.