Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін заң жобасын қабылдады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.
«2018 жылғы маусымда зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құруды, мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін оңтайландыруды, тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін өтемақы институтын және тауар белгілеріне өтінімдер жариялау тетігін енгізуді көздейтін заң қабылданды. Осы құжат зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдірудегі кезекті қадам болды. Бұл процесс ұлттық заңнаманы халықаралық шарттармен үйлестіру қажеттілігіне негізделген.
Қазіргі уақытта Қазақстан 19 халықаралық шартқа және 25 өңірлік келісімге қатысады. Осыған байланысты, 2020 жылы Парламент Мәжілісі Әділет министрлігіне осы саладағы құқық қолдану практикасына талдау жасауды ұсынды. Талдау Reed Smith компаниясының заң консультанттарын тарта отырып жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша зияткерлік меншік саласын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова.
Бұл жұмыстың нәтижелері Мәжіліс депутаттарына таныстырылған. Депутаттың сөзіне сүйенсек, заң жобасында халыққа мемлекет кепілдік берген заң көмегін 2025 жылға қарай 2 есеге ұлғайту жөніндегі міндетті шешу ұсынылады. Мұндай міндет Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған.
«Жол картасын орындау үшін 2022-2024 жылдарға республикалық бюджеттен 8 млрд 700 млн теңге бөлінді. Түзетулер 12 мыңнан астам мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге заң консультанттарын тартуға бағытталған және халықтың мұқтаж топтарын қамтуға көмектеседі. Бұл құқықтық мәселелерді шешу тиімділігін арттыруға, түрлі инстанцияларға жүгіну санын азайтуға ықпал етеді», деді Г.Бижанова.
Заң жобасына қатысты Сенат Спикері: «Бұл заң жобасы зияткерлік меншік құқығын жетілдіруді көздейді. Құжатта зияткерлік меншік құқықтары мен өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейту мәселесі қарастырылған» деген пікірін білдірді. «Заң жобасында ұлттық заңнаманы осы саладағы халықаралық ұстаным мен тәжірибелердің ережелерімен сәйкестендіруге қатысты нормалар да бар. Сондай-ақ енгізілген нормалар мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу аясын кеңейтуге бағытталып отыр. Алдағы уақытта осы заң елімізде зияткерлік меншік нарығын дамытуға, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы қабылданған заң уәкілетті органда, сараптама ұйымында және соттарда өтініш берушілер мен құқық иеленушілердің мүдделерін көздейтін патенттік сенім білдірілген өкілдер институтын жетілдіруге арналған. Сондай-ақ заң консультанттары мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне енгізіледі. Сол арқылы халықтың осал топтары өкілдерінің заң көмегін тегін алу мүмкіндігі пайда болады.
Сонымен қатар отырыста сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Үкімет басшысына жолдаған сауалында Нұртөре Жүсіп мемлекеттік рәміздерді қорлаған және әдепсіз сөздер айтқан әншілерді сахнадан 5 жылға шеттетуді ұсынды. Одан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы өңірлік және республикалық көркемдік кеңестердің жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. «Жақында Алматыдағы спорт сарайында өткен концертте «ИК» тобы мен «Шиза» лақап аты бар әншінің өте өрескел іс-әрекеттеріне куә болдық. Олар Туды келемеж етіп, бейәдеп сөздер айтты. Іле-шала тек кешірім сұрап, айыппұл төлегені мәлім болды. Жаңа Қазақстанның ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешірім сұраумен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз», деді Н.Жүсіп.
Осы орайда депутат осы оқиғаға қатысты Мемлекет басшысының да пікір білдіргенін атап өтті. Сенатордың айтуынша, қоғам бұл оқиғаға қандай құқықтық баға берілетінін күтіп отыр.
«Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша «Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Концертті кімдер ұйымдастырды? Әдетте қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мына мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды», деді депутат.
Сенатор мұндай оқиғалар үшін жауапкершілікті қатаңдату маңызды екеніне сенім артып отыр. Ол шығармашылық еркіндігі жауапсыздықты білдірмейді, ал мемлекет ұлттық құндылықтарды белсенді қорғауы керек екенін атап өтті.
«Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және аймақтық көркемдік кеңестер құрылуы керек. Бұқаралық мәдени іс-шараларды өткізу мен жүргізу талаптарына халықтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтау мен сыйлау ережелерін енгізуді, осы талаптарды бұзған шығармашыл ұйымдар мен әншілердің қызметін 5 жылға дейін шектеу қойылуы тиіс», деді сенатор.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдаған Мұрат Бақтиярұлы білім беру саласындағы проблемаларды көтерді. Атап айтқанда, білім алудағы теңсіздікті, бастауыш сыныптарда тілдерді оқыту сапасын, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселелерін атап өтті.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі неғұрлым реформаланған білім беру саласы. Тек соңғы 5 жылда білім туралы заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ал мемлекеттік білім беру стандарты 2000 жылдан 2017 жылға дейін 7 рет өзгерді. Сонымен қатар бұл өзгерістерден тек кітап баспалары ғана пайда көрді, ал балалар тек тәжірибе нысанына айналады. Сенатор бұл салаға миллиардтаған қаражат салғанына қарамастан, елдегі білім деңгейі жақсартуды талап ететінін жеткізді.
«Әлемдік банк зерттеуі бойынша елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушыларымыздың басым бөлігінің таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Олар негізінен екі не үш ауысымдық мектептерде білім алуда. Әлемдік банктің зерттеуінше қазір еліміздегі адам капитал индексі бар-жоғы 63 пайыз. Бұл индекс бала туылғанынан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдыларының жиынтығы. Біздің білім жүйесі осылардың 63 пайызын беріп отыр», деді сенатор.
Мұрат Бақтиярұлы өзінің сауалында саланың басқа да өзекті мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі осы мәселелердің барлығын шешу жолында аса ауқымды қызмет атқарып жатқанына назар аударды.
«Білім және ғылым министрлігі қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 900 мың бүлдіршіні бар 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушы оқитын 7 500 орта мектеп, 500 мың контингенті бар 820 колледж, 600 мың студенті бар 120 жоғары оқу орны және жарты миллионнан астам мұғалімдер мен педагогтардың жұмыстарын үйлестіру керек. Бұл бір министрлікке өте үлкен салмақ. Сондықтан да кеше ғана Президент айтқандай, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған дұрыс деп санаймыз», деді депутат.
Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында Сұлтанбек Мәкежанов ауылдық бюджеттер кірістердің жеке көздерінің тізбесін кеңейту керектігін айтып, осы бағытта бірқатар нақты шаралар ұсынды.
Ауыл округтері әкімдерінің дербестігін күшейту бюджетті ұлғайтуға септігін тигізеді. Ол үшін сенатор Сұлтанбек Мәкежанов жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер тізбесін кеңейтуді ұсынды. Депутат жақында Жамбыл облысына барған кезде сенаторлар ауыл тұрғындарымен бюджетаралық қатынастар жүйесінің және бюджеттік операцияларды оңтайландырудың мәселелерін талқылағанын атап өтті. Кездесулер барысында көтерілген мәселелердің бірі 4 деңгейдегі бюджет кірістерінің, яғни ауыл кірістерінің шектеулі тізбесі болды.
«Төртінші деңгейдегі бюджет кірістерінің меншікті көздерін кеңейту бойынша бірқатар нақты тетік қарастырылғаны белгілі. Атап айтқанда, қоршаған ортаны өндірістермен ластағаны үшін төлемдерді, сондай-ақ қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұлдардың түсімдерін бюджетке 70 пайыз бөлу нормативі бойынша беру ұсынылады. Сонымен қатар ауылдық округтің учаскелік полицейлері салған айыппұлдарды сол ауылдың бюджетіне берілсін», деді депутат Сұлтанбек Мәкежанов.
Сонымен қатар сенатор Үкіметке өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту және экономиканы дамытуды ынталандыру, сол арқылы жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту тетіктерін әзірлеуді ұсынды.