• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2022

Егемендік эталоны

934 рет
көрсетілді

Көкірегінде өрлік салтанат құрған адам үшін елдіктің бейнесі – мемлекеттік рәміздер. Шүкір, азаттық алған тұста елдігімізді жаһанға мәшһүр ететін төл таңбамыз Елтаңба, мемлекеттің мерейі мен мәртебесін айқындаған Көк Ту, Мемлекеттік гимн дүниеге келді. Бұл қасиетті үштаған – елдіктің ажырамас бөлігі, азаттықтың бастауы.

Иә, уақытында азаттықтың алауындай болған Қазақстанның Туын көргендердің алқымына жас тығылған да болар. Бұл күнді ғұмырын ұлт азаттығы үшін күреске арнаған Алаш ардақ­тылары армандаумен кетті. Ал біз енді осы көк Тудың астын­да бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бас қосамыз.   

Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев «Қазақ­стан Республикасының Мемлекет­тік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік әнұранының музы­калық редакциясы туралы» заңдарға қол қойса, 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданды. Содан бері 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді.

Шәкен Ниязбековтің қол­таңбасымен дүниеге келген Мемлекеттік туымыз, Жан­дарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың төл туын­дысы ретінде танылған Ел­таң­бамыз қай кезде де елдің ел­дігін айқындап тұрады. Көк Ту мен еңселі Елтаңбаға қара­ғанда бойыңды шаттық сезі­мі кернемеуі, марқайып масат­танбауың әсте мүмкін емес.

Өйткені мемлекеттік рә­­міздер – азат елдің мақ­та­нышы. Ал әуелде Мұ­қан Төлебаев, Евгений Бру­силовский, Латиф Хамиди үш­тігінің әуеніне, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаевалардың сөзіне жазылған алғашқы Гимн 2006 жылға дейін азат елдің айбынын асырса, 2006 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Парламент ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қал­даяқовтың «Менің Қа­зақстаным» әнін Мемлекет­тік Гимн ретінде бекітті.

Бүгінгі қазақ туымен мақ­танады. Олай деуіміздің өзіндік себебі де бар. Елдің тұт­қасын ұстаған Мемле­кет басшысы ресми сапар­лармен шет мемлекеттерге барғанда көк Туымыз көкте қалықтаса, спортшылары­мыз халықаралық бәсеке­лерде атой салғанда бай­ра­ғымыз биікте желбіреп, Ән­ұранымыз шырқалады. Мұндайда бойды кернеген мақтаныш сезімі жанарға жас үйіретіні де бар... Өйткені көкте ту ғана емес, қазақтың өзі секілді азат құс қыран да қалықтап бара жатқандай болады да тұрады.

Спорт демекші, Кеңес Ода­ғының құра­мында Мюн­хен мен Мәскеу Олимпиада­сын­да атой салған Әлжан Жар­мұхамедов (баскет­­бол) пен классикалық күрес­те қар­сы­лас шыдатпаған Жақсы­лық Үшкемпіров атой сал­ған кезде қызыл империяның туын көтеріп тұрып: «Азат елдің туы қашан жел­бірейді» деп ойла­ған да шығар. Әл­жанды қай­дам, Жақаңмен сұх­бат­тасқанда: «Бүгінгі спорт­шы­лар бақытты ғой. Жа­һан­дық жа­рыс­тар­ға тәуел­сіз елдің туы астында барады» деген еді. Сол сөзінен-ақ оның егемен елі­міз­дің рә­­­міз­деріне деген құрметі бө­лектігі бай­қа­латын.

Қазақ оғландары арасынан алғашқы рет боксшы Бекзат Саттарханов Сидней Олим­пиадасында атой салып, Әнұранымызды асқақ­татып, Көк Туымызды желбіретті. Рас, Бекзатқа дейін Лилле­хамерде өткен қысқы Олим­пиадада шаңғышы Владимир Смирнов, Атлантада боксшы Василий Жиров пен клас­сикалық күрестің шебері Юрий Мельниченко атой салғанда да қуанғанбыз. Алайда болмысы бек­зат­тықтан жаралған Бек­зат­тың жеңі­сінің дәмі басқаша еді. Одан кейін Афинада ал­мас қылыштай жарқыраған жиырма бір жас­­тағы Бақтияр Артаев абыройымызды сақ­­тап, жалғыз алтынды иеленгенде де көз ұшы­­на түйір тамшы тығыла берген. «Бар бол, Бақтияр!» дегенбіз жал­ғыз алтынды қор­­­жын­ға түсірген бауырымызға ри­зашылық кейіппен.

Ол кезде құндылық бас­­­­­қаша ма еді, әлде азат­тықтың бастапқы жылдары болғандықтан бойдағы рух аспандап тұрушы ма еді, кім білсін?! Әйтеуір Бекзат пен Бақтиярдың жеңісі ел­ді ерекше қуантқаны есте. Одан кейін де сайып­қы­ран­дарымыз төрткүл дүниені өзіне қаратқан кездер аз бол­ған жоқ.

Алты құрлық мойында­ған Алты Алаш ар­дақ­ты­лары армандаған Көк Туы­мыз көкте жел­біреп, рухты кө­теретін гимніміз ұдайы шыр­­­қалып, Елтаңбамыз ­ел­ді­гімізді еселей бер­сін!

Абылайдың ақ туы мен азат елдің көк туының арасында үш ғасырлық тарих жатыр. Ол кезде Көк Туымыз дала майданында, батырлар аттың үстінде шапқан сәтте желбіресе, бүгінде бейбіт елдің аспанында желбіреп тұр. Біз үшін ақ ту да, көк ту да қымбат. Өйткені жиырма бірден үшті алуға болмайды.