• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Маусым, 2022

Андрей Голубев: Мақсатым – жыл соңына дейін ТОП-10 спортшының қатарына ену

153 рет
көрсетілді

Теннистен жұптық сындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Андрей Голубев «Ролан Гаррос» жарысынан кейін бірнеше күнге Қазақстанға келді. Елге келген бойда журналистермен тілдескен ол алдағы турнирлерге дайындығы мен биылғы бірінші жарты жылдықтағы нәтижелеріне тоқталып, алдағы жоспарлары туралы ойын ортаға салды.

– Андрей, елге қош келдің! 2022 жылдың алғашқы алты айында өзің қатысқан кұм­дауыт корт­та­ғы өнеріңе көңі­лің тола ма?

– Көңілім толады деп айта ал­маймын. Себебі өзім жоспар­лаған біраз жарыста тәуір өнер көр­сете алмадым. «Ролан Гар­рос­қа» дейінгі бәсекелерде де, Фран­ция ашық чемпионатында да жанкүйерлерімді қуантуды көздеген едім. Бірақ ол ойым­ды жүзеге асыра алмадым. Әйт­песе, басты мақсатым – ірі же­ңістерге, титулдарға қол жеткізу еді. Деген­мен әзірге тек Римдегі «Мас­терс» тур­нирінің жартылай финалына дейін жеткенім кө­ңілге медеу болып тұр.

– Біраз уақыт бойы фран­циялық Фабрис Мартенмен жұп­тасып, түрлі сайыстарға қа­­ты­сып жүрсің. Тен­нис­­ші­лер серігін ауыстыру, өз­герту ке­­рек екенін қай уақыт­та тү­сінеді?

– Бұл жерде екі теннисшінің де бірге жеткен нәтижесіне байланысты ғой. Егер бір-біріңмен тіл табысып, ірі жетістіктерге жетіп жатсаң, айырылмауға ты­рысасың. Ал керісінше, еш нәтиже шығара алмай жатсаң, басқа теннисшімен бірге бақ сынап көруге ұмтыласың. Сон­дай-ақ кейде біраз уақыт бірге ойнаған серігіңнің ойын кестесі сол турнирге сәйкес келмей қалса, тағы да жұбыңды ауыс­тыруға мәжбүр боласың. Мы­салы, біреуі басқа турнирде ойнағысы келсе, екіншісі ол жарысқа қатысқысы келмейді дегендей. Жұптық теннисте мұндай сәттер жиі кездеседі.

– Жұптық сында бір­неше серіктесің болды. Бір-бі­ріңе сай келетіндеріңді қалай біле­сіңдер?

– Қай теннисшінің ойын сти­лі өзіңе жақын екенін түрлі жарыс­тарда қарап, бақылап жү­ре­­міз. Кейін кортта бірге ойнап көреміз. Ойынымыз үйлесіп жат­са, әрі қарай да бірге ойнай бере­міз. Егер стиліміз сәйкес келмесе, кел­есіде басқа серіктес іздеп көреміз.

– Ал жекелей сында өзіңнің ең ерекше есіңде қалған матч­та­рың бар ма?

– Әрине, бар. Атап айтар болсам, Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында Швей­царияда Станислас Вав­ринкамен, Чехияда Томаш Бердыхпен, Қазақстанда бель­гиялық Давид Гоффенмен бе­сінші сетте 12-10 есебімен жең­­­генімді қалай ұмытайын?! Жеке­лей жарыстарда да мұндай ойындар көп болды. Мысалы, Гам­бургтегі доданың финалы, Аус­­тралияда ресейлік Михаил Юж­ныймен бес сетке созылған матч, Содерлингпен болған ойын әлі күнге дейін есімде.

– Екі апта бұрын жұптық рейтингте жеке рекордыңды жа­­­ңарт­­тың. Римдегі «Мас­терс» турнирінің жартылай фи­налына дейін жетіп, нәти­жесінде рейтингте 21-орын­ға көтерілдің. Қазір 22-са­тыдасың. Маусым со­ңына дейін ТОП-10 теннис­ші­нің қатарына қосылуға мүм­кін­дік бар ма?

– Жұптық сында бұл нәти­жеге қол жеткізуге әбден болады. Жыл соңына дейін алдыма ондықтың қатарына енуді мақсат етіп қойдым. Ол үшін әр жарыста табысты өнер көрсетуім керек.

– Қазақстан құрамасы са­пында Дэвис кубогында 14 жыл бойы ойнап келесің. Ел на­мысы сынға түскен әр ойын­да ерекше сезімге бөле­не­сің бе, әлде он­дайға үйреніп кеттің бе?

 – Ұлттық құрама үшін б­і­рін­ші рет, әлде бесінші, тіпті жиырма­сыншы рет ойнап жатсам да, жауапкершілік жүгі еш­­қашан жеңілдеген емес. Тек Дэвис кубо­гының жаңа фор­ма­тына қатыс­ты айтарым бар. Бейтарап аймақ­та үш ко­мандаға қарсы ойнау оңай емес. Дегенмен қарсыласымыз Ұлы­британия, Норвегия немесе Ис­пания болсын, біз қазақ­стан­дық жанкүйерлердің қол­дауын әр кез сезінеміз.

– Биыл Қазақстан теннисі үшін ерекше жыл болмақ. Өйт­кені ерлер құрамасы Дэвис кубо­гының, әйелдер құра­масы Билли Джин Кинг кубо­гы­ның және 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді. Би­ылғы Дэвис кубогында Қазақ­стан Ұлы­британия, АҚШ, Ни­­дер­ланд секілді мықты құра­ма­ларға тап болды. Осы айтулы жарыстан не күтесің?

– Әрине, кез келген жарыс­тың финал­дық кезеңінде оңай қар­сыластар түс­пей­тіні анық. Алғаш­қы екі құра­маны айт­па­ған­ның өзінде, Ни­дерланд теннис­шіле­рімен бұдан бірнеше жыл бұрын кездес­кенбіз. Бірақ қазір олар­дың деңгейі өсті, бұрынғыдай емес. Жекелей сын­да ТОП-60-қа кіретін екі ойыншысы бар. Жұптық сында да осал емес.

– Алдағы «Уимблдон» до­да­сына дейін қандай жарыс­тарға қатысуды жоспарлап отырсың?

– Әзірге «Уимблдонға» қа­тысу-қатыспауым белгісіз болып тұр. Өйткені Кәсіпқой тен­нисшілер қауымдастығы (АТР) «Уимблдонда» жеңіс үшін берілетін ұпайларды алып тас­тады. Сондықтан бұл до­даға қатыспауым ғажап емес. Бәл­кім, бұл аралықтағы уа­қыт­ты қалпыма келу үшін жұм­­сайтын шығармын. Одан кейінгі додаларға қатысу үшін де күш керек қой. Дегенмен көгалдағы төсеніш маусымында Германиядағы Галле АТР 500 және Испаниядағы Мальорка АТР 250 турнирлерінде бақ сынай­тыным анық. Қалғанын уақыт көрсетеді.

– Әңгімеңе рахмет.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»