• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2022

Орда байларының бас көтеруі

1392 рет
көрсетілді

1928-1932 жылдардағы күштеп ұжымдастыру саясатының салдары Орда ауданының ауыл­да­рына да зардабын тигізген. 1930-1932 жылдары аудандағы №1 ауыл, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының байлары жергілікті кеңестік билік органдарына және колхоздастыруға қарсы бас көтереді. Оған Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті архивінен табылған құжаттағы деректер айқын дәлел.

Архивте Құлбай Сырымбеков, Үмбетәлі Өтәлиев және басқаларын Қыл­мыстық кодекстің 58-10, 59-13-баптары бойынша айыптаған П-3271 нөмірлі құ­жаттық іс сақталған. 1930-1932 жылдары бай-кулактарды тап ретінде жою бағытында өткізілген ұжымдастыру нау­қанын жүзеге асыру кезеңінде Батыс Қазақстан облысының байлары бел­сен­ділік танытып, кеңестік билікке қарсы бүліктер жасаған. 

№1 ауыл, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарында қалған байлардың алғашқы контрреволюциялық қызметтері 1929-1930 жылдары ұжымдастыру кезеңінде бас­талады. Байлар колхоздарды ыды­ра­тудың әдісі ретінде тұрғындардың ара­сын­да антиколхоздық үгіт-насихат жүр­гізуді, сондай-ақ колхозға мүше болып кіріп алып, оны ішінен ыдыратуды таң­дап алған. Байлардың келісіп жасаған әре­кет­терінен колхоздар тарқап кетіп отырған.

1930 жылы Қасымтау ауылында колхоз ұйымдастырылады. Ауылдың байлары колхозға қосылуды құптамайды. Колхоз құру барысында жергілікті биліктің жауапты адамдары Қадырғали Исмағамбетовтен шаруа қожалығын уақытша пайдалануға сұраған. Алайда Қадырғали колхозға өзінің қыстауын беруден үзілді-кесілді бас тартып, «сендердің колхоздарың бәрібір ұзаққа бармайды» деп кесіп айтқан.

Сол кезеңде Қасымтауда Кәкіш Алма­нов пен Әлмағамбет Уаисовтың бас­шы­лығымен байлардың ұйымы құрылады. Олар өздерінің жағына үгіттеу арқылы орташалар мен кедейлерді тартып, жиналыс кезінде бүлік шығарып, жергілікті кеңестік органның өкілдерін, оның ішінде ауылдық кеңес төрағасын, хатшысын ұрып-соққан. Ақырында байлардың ұйымы Қасымтау ауылында ұйымдастырылған колхозды таратып жібереді. Бұл ұйымның қатарында Кәкіш Алмановпен бірге Жүніс Жамалов, Кұлбай Сырымбеков, Өтеғұл Сырымбеков, Құбай Айтқалиев, Үмбетәлі Өтәлиев, Қадырғали Исмағамбетов, Шәкір Жәрдемов, Ахмеджан Жәрдемов, Омар Жетібаев, Қаби Саржігітов, Жәрдем Кенжеғалиев, Хайретдин Әбужапаров, Медекеш Зайналиев, Самау Жақыпов секілді байлар белсенді әрекет етіп, ауыл қызметкерлерін, коммунистерді ұрып-соғуға қатысқан. 1931 жылы күзде ауыл кедейлері байлардың жасаған істеріне наразылық ретінде кедейлердің жалпы жиналысында аталған байлардың барлығын колхоздың құрамынан шыға­рып жібереді. Колхоздан шығып кеткен байлар енді Астрахань, Қалмақ облыстарына қарай қоныстану жағын қарастыра бастаған.

Осыған ұқсас жағдай Орда ауданының №1 ауылында да болған. Сол ауылдың байлары Қасымтау ауылының байларымен  тығыз қарым-қатынас ұстайды. Колхозды ыдырату мақсатында біріккен топқа Қаби Құрмашев, Ықсанғали Мұқанов жетекшілік жасаған. Көтерілісшілер бас­тап­қыда жасырын жиналыстар өткізсе, кейін колхоздастыруға ашық түрде қарсы шығып, колхоздың мал-мүлкін тонаумен айналысқан. Байлардың антиколхоздық әрекеттері анықталған соң олар да колхоздан шығарылған.

Сүйіндік ауылының байлары Лұқпан Бектеміров, Омарғали Жанғалиев Қасым­тау ауылының байлары Кұлбаймен Сы­рым­беков, Үмбетәлі Өтәлиев және т.б. бай­ланыс орнатып, ауыл тұрғындары арасында кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, Астрахань, Қалмақ облыстарына көшіп кету жөнінде жиі айтып отырған.

1931 жылдың аяғында Кұлбай Сырым­беков колхоздан шығарылғаннан кейін Астрахань округіне қарай қашқан, одан әрі Қалмақ облысына барып, ол жақта бір ай болып қайтқан. Шындығында Кұлбай Қалмақ облысына Қасымтау ауы­лынан бұрынырақ кеткен Қажығали Сұлтанғалиев, Шавали Қасымов секілді байлармен кездесіп, сол жаққа өз отбасыларымен бірге көшу мәселесін ақылдасу үшін барған.

Кұлбай Сырымбеков тергеуде берген өз жауабында малын жаппай сатып жібергені үшін колхоздан шығарылып, жеке салық салынғаннан кейін Иманғали Бақтыбаевпен бірге Қалмақ облысының Андреевка хуторына сол жақта жасырынып жүрген күйеу баласы Қажығали Сұлтанғалиевке барғанын мәлімдеген. Әңгіме барысында Қажығалидың бұл жақта өмір сүру қолайлы екенін айтып, оларға Қалмақ облысына көшіп келуге кеңес бергенін баяндаған. Мұнда үш күндей болып, Иманғали екеуі Джакуй қаласына тағы бір туысқаны Шавали Қасымовқа барғанын атап көрсеткен.

Орда ауданының Сүйіндік ауылының тұрғыны, сол уақытта кулак ретінде анық­талған Арыстанғали Ихласов 1929 жыл­дың аяғында байдың санатына жатқы­зылып, астық дайындау науқаны кезеңінде 5 пұт бидай салығы салынғанын, оны төлей алмаған соң мал-мүлкі тәркілеуге ұшырағанын айтқан. Дегенмен артынан салығын толықтай өтеген соң, мал-мүл­кін кейін қайтарып алған. Бұдан кейін ол қолындағы бар малын түгелдей сатып, 1930 жылдың жазында Қалмақ облы­сы­ның Замьяна ауылына көшіп кеткен. Кейінірек ол жаққа ордалықтардан он шақты шаруашылық көшіп барған, оның ішінде Оспан Қарамолдин, Мүшкен Дәулетияров, Қажығали Дербісалиев және т.б. бар. Сонымен бұлардан басқа шаруашылықтар да күштеп ұжымдастыру саясатына шыдамай, Астрахань, Қалмақ жеріне көшіп кетіп отырған.

Арыстанғали 1932 жылы ақпан айын­да Астрахань облысында Орда ауда­нынан барып базарда мал сатып жүр­ген адамдарды құзырлы органдар жаппай ұстай бастағанын айтқан. Мил­ли­ционерлер кейін ауылға келіп, үй-үйді тінтіп, Қажығали Дербісалиевті тұт­­қын­даған. Одан бөлек барлығы 26 адам­ды ұстап, Қалмақбазар ауданына алып барған, кейін Астрахань түрмесіне қа­ма­ған. Арыстанғали Астраханьдағы қамаудан тек төрт айдан соң ғана босап шыққан. Сөйтіп, күштеп ұжымдастыруға наразылық білдірген Орда ауданында қалған байлар да алдарындағы малдарын сойып, Астрахань базарларында сау­далап отырған. Бұл байлар үшін малдарын колхозға өткізбеудің бір амалы еді. Алайда байлардың бұл әрекеттері кейін өздеріне айып болып тағылды.

1932 жылы 25-26 наурызда Үмбетәлі мен Кұлбай Сүйіндік ауылына келіп, тұрғындармен кездеседі. Олар елдегі жағ­дайдың күрделі екенін, халықтың ашар­шылыққа ұшырағанын, тіпті билік­тегі қызметкерлердің өздері де ашы­ғып жүргенін айтқан. Егер жағдай ушыға берсе, жұмысшылар мен қызметкерлердің өздері көтеріліске шығатынын, бәрінен бұрын кеңестік билік осыдан қорқып отырғанын атап көрсеткен. «Енді ауыл­да тыныш өмір сүру мүмкін емес, сон­дық­тан бас ауған жаққа кету керек, ең болмағанда Астрахань округіне не­ме­­се Қалмақ облысына қарай бару ке­рек. Ол жақта жағдай жақсы, саудамен айналысып азық табуға да болады», дейді олар. Лұқпан Бектеміров қо­нақ­тар­дың сөзін қостап, қанша рет айтса да ешкімнің көшкісі келмейтінін, егер өзіне салынған міндеткерліктен құтылса, бірден «Астрахань жаққа жасырынып кететініме сөз беремін», деп уәде еткен.

1932 жылы сәуір айының басында Кұлбай Сырымбеков мен Қаби Құрмашев ауылды аралап, Ө.Сырымбеков, Ж.Өрне­ков, Қ.Саржігітов, Ж.Жамаловтың үйле­рін­де болады. Колхозға қайтадан кіру үшін арыз беру мақсатында олармен Ордаға бірге баратын болып келіседі. Кұлбай Қалмақ облысына жасаған сапары жөнінде әңгімелеп, ол жақта билікке қарсы қарулы «бандалық топтың» бар екендігін, жағдай күрделене берсе, сол жаққа қарай кетудің қажеттігін айтқан. 4 сәуірде К.Сырымбеков, Ө.Сырымбеков, Қ.Құрмашев, Ж.Өрнеков, Ж.Жамалов, Қ.Саржігітов барлығы бірге Ордаға барады. Алайда ауылдағы таптық күрестің тіптен шиеленісе түскеніне қарағанда байлардың колхозға қайта кіру ниеттері орындалмағанға ұқсайды.

1932 жылы 26 сәуірде Кұлбай Сырым­бе­­ковтің Қарат сойған мекеніндегі үйін­де түнде байлардың жасырын жи­на­лысы өтеді. Оған барлығы 20 шақты адам қатысқан. Жиналыста Ү.Өтә­лиев, С.Айтжанов, К.Сырымбеков, Ш.Жәр­демов және Ж.Жамалов кезекпен сөз алып, жақын арада Кеңес өкіметінің құлайтынын, Қалмақ облысында жүрген Қажығали Сұлтанғалиев және Омар Жетібаевпен (1931 жылғы Жаңақала көтерілісінің белсенді «бандалары») байланыс орнатып, олардан қару-жарақ алып, Кеңес билігіне қарсы шығуға да­йын болуы керектігін айтқан. Олар кейін кол­хоздың малын айдап, Қалмақ облысына қарай көшіп кетуді жоспарлаған. Жиынға қатысушылардың барлығы оған қолдау білдіріп, Қалмақ облысына өз араларынан уәкіл ретінде Кәкіш Алма­нов, Ақмолда Бегешанов, Үмбетәлі Өтә­лиев пен Сүлеймен Қараевты жіберуге бірауыздан шешім қабылдаған.

Қасымтау ауылының тұрғыны Жүніс Жамаловтың тергеуде айтқаны бойынша күштеп ұжымдастыруға қарсылық білдірген Қ.Исмағамбетов, Ү.Өтәлиев, С.Айтжанов ауылдық биліктің кеңсесіне келіп, сүтті мал берулерін талап еткен, олай болмаған жағдайда басқа ауданға көшіп кетеміз деп қорқытқан. Ақырында үшеуі де өз ауылдарынан қашып шығып, Астрахань жаққа қарай көшіп тынған. Астрахань аумағына барып қоныстанған Қ.Исмағамбетовтің екі ұлының бірі Дінім Қадырғалиев 1930 жылы көшіп кетсе, екіншісі Имаш Қадырғалиев 1931 жылы көшіп барған. 1932 жылы Имаш Қасымтау ауылына келіп, Орда ауданына қайтып көшіп келмекші болған, дегенмен ол сол кеткеннен қайтып оралмаған.

1932 жылы 26 мамырда Орда ауданы Теректі ауылының тұрғыны Қаби Құрмашев қамауға алынған. №1 ауылдың тұрғындарынан Қ.Құрмашевпен бірге айып тағылғандардың ішіндегі Ықсанғали Мұқанов Вологда қаласына, Ишанғали Бөкенбаев Сібір өлкесіне бұрынырақ жер аударылған, ал Жақсымбек Ирғазиев, Ықс­ан Көпжанов, Бисенбай Омаров, Сүн­детқали Ажығалиев, Зұлқайыр Харе­сов тергеуден қашып жүрген және оларға іздеу жарияланған.

1932 жылы 3 шілдеде Орда ауданы Сүйіндік ауылының байлары – О.Жан­ғалиев, З.Жанғалиев, Ұ.Досқалиев, Ғ.Ұсағалиев, Ш.Ұсағалиев, Қасымтау ауы­лының байлары – Қ.Сырымбеков, Ү.Өтә­лиев, Қ.Исмағамбетов, Ж.Жамалов, Ө.Сырым­беков, Қ.Саржігітов, Қ.Айтқа­лиев, Т.Мүлхайдаров, Ш.Жәрдемов қа­мау­ға алынған. Ал 2 шілдеде Ж.Жұмаға­лиев, А. Ихласов қамауға алынған екен, кейінірек Л.Бектеміров тұтқындалған. Қамауға алынғандардың барлығы да БҚО бойынша ОГПУ-дың тергеу изоляторына Орал қаласына жөнелтілген.

Қараша айында тергеу барысында кінәлары анықталмаған азаматтарды қамаудан босатса, Қ.Құрмашев, Қ.Сырымбеков, Ү.Өтәлиев, Қ.Айтқалиев, Ш.Жәр­демов, Ө.Сырымбеков, Т.Мүлхай­даров, Л.Бектеміров, О.Жанға­лиев – барлығы 9 адам Қылмыстық кодекстің 58-10, 59-13-баптары бойынша айып­тала бастаған. Қаби Құрмашевтан басқа­лары өздеріне тағылған кінәні мойын­да­ма­ған. Ал осы іс бойынша белсенділер ретінде қаралып жатқан Қ.Саржігітов, Қ.Исма­ғамбетов пен Ж.Жамалов Орал­да­ғы еңбекпен түзеу мекемесінде денсау­лық­тарының нашарлауына байланысты қайтыс болған.

Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының кеңестік билік саясатына ашық қарсы шықты деп жазықсыз айыпталған азаматтарға қатысты архив құжатында мынадай деректер бар:

Қаби Құрмашев – 53 жаста, №1 ауылының тұрғыны, 1907-1909 жылдар аралығында старшынның хатшысы, 1919-1920 жылдары ақтар кезінде старшын қызметтерін атқарған, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатты, партия қатарында жоқ, отбасылы, 1928 жылы сотталған, 1930 жылы ұжым­дастыру кезеңінде Ықсанғали Мұқа­нов­пен бірге колхоздарды ыдырату бағы­тында байлардың тобын құрып, жетекшілік жасаған. Құлбай Сырымбеков – 49 жаста, Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, отбасылы, малшы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, 1929-1930 жылдары колхоздарды ыдырату бойынша байлар тобының белсенді мүшесі болған. Үмбетәлі Өтәлиев – 41 жаста, Қасымтау ауылының тұрғыны, рево­люцияға дейін бірнеше жыл старшын болып қызмет атқарған, 1921-1922 жылдары банды Орынғалидың тобына белсенді қатынасқан, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, малшы, отбасылы, 1931 жылы сотталған, өйткені 1930 жылы колхоздарды ыдырату бойынша байлар тобына кірген, кеңестік қызметкерлерді ұрып-соғуға қатынасқан, Сырымбековтің үйінде өткен жасырын жиында Жаңақала көтерілісі басшылары Сұлтанғалиевпен және басқаларымен байланыс орнату қажеттігін, Қалмақ жерінен қару-жарақ алу және Қалмақ облысына көшіп кету жөнінде айтқан. Кұбай Айтқалиев – 49 жаста, Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатсыз, партия қатарында жоқ, малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, 1930-1932 жылдары Қасымтау ауылында колхозды ыдырату бойынша байлардың тобын құрып, жетекшілік жасаған. Кол­хоз­дастыруға қарсы үгіт-насихат жүр­гізу арқылы Қасымтау ауылындағы колхозды таратып жіберген. Бұл мәселе­лер бойынша Орда ауданының №1 ауылындағы байлар тобының жетекшісі Қаби Құрмашевпен байланыс орнатқан. Олардың байланысы басында жасырын жиналыстар өткізумен шектелсе, кейін колхоздарға ашық қарсылық білдіру, колхоздың мал-мүлкін тонау арқылы көрініс берді. Кеңестік билікке қарсы және жеңілмеуге үгіт-насихат жүргізіп, колхозшыларды колхоз малын өз бетінше сойып алуға, колхоздан шығуға итермеледі. Шәкір Жәрдемов – 30 жаста, Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, малшы, отбасылы, 1931 жылы малын әдейі сатқаны үшін сотталған, колхоздарды ыдырату бойынша Қасымтау ауылының байлары тобының мүшесі болған. Өтеғұл Сырымбеков – 50 жас­та, Орда ауданының Қасымтау ауылы­ның тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айы­рылған, сауатсыз, партия қатарын­да жоқ, кәсібі бойынша малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сот­тал­маған, колхоздарды ыдырату бойынша Қасымтау ауылының байлары тобының белсенді мүшесі, өзінің аға­йы­ны Қ.Сырымбековтің үйінде болған бай­лар­дың контрреволюциялық жиылысына қатысқан. Төлепқали Мүлхайдаров – 40 жаста, Қасымтау ауылының тұрғыны, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, малшы, отбасылы, өзінің айтуы бо­йынша сотталмаған, Қ.Сырымбековтің үйінде өткен байлардың жасырын жиналысына қатынасқан, халық арасында кеңестік билікке қарсы үгіт-насихаттар жүргізген. Лұқпан Бектеміров – 47 жаста, Сүйіндік ауылының тұрғыны, 1913 жылдан 1923 жыл аралығында молда болған, бай, сайлау құқығынан айырылған, шала сауатты, партия қатарында жоқ, малшы, отбасылы, өзінің айтуы бойынша сотталмаған, Қалмақ облысында жасырынып жүрген байлар тобымен және Қасымтау ауылының байларымен байланыс жасаған. Омарғали Жанғалиев – 45 жаста, Сүйіндік ауылының тұрғыны, рево­люцияға дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған, 1918-1919 жылдары ақтардың кезеңінде өз еркімен Анохиннің отрядына қосылып, бейбіт тұрғындарды шабуылдау әрекеттеріне қатынасқан, әлеуметтік шыққан тегі жағынан ірі байдың ұлы, өзі де бай, сайлау құқығынан айырылған, сауатты, партия қатарында жоқ, малшы, отбасылы, 1930 жылы мал саудалағаны үшін сотталған, Қалмақ облысында жасырынып жүрген байлармен байланысы бар, халықты көшуге үгіттеген және кеңестік билікке қарсы шығуға шақырған.

1932 жылы 1 желтоқсанда Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының тұрғындарына қатысты «қылмыстық істің» айыптау қорытындысы шығарылып, бұл құжат ҚАССР-і ОГПУ-ының саяси өкілдері үштігінің соттан тыс қарауына жолданған.

1932 жылғы 28 желтоқсандағы ОГПУ жанындағы саяси өкілдер үштігінің отырысында №354 айыптау ісі бойынша Қаби Құрмашев пен 9 адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 58/10, 59/13-баптары негізінде төмендегідей шешім қа­былданған. «К.Срымбеков, У.Ута­лиев, К.Айткалиев, Т.Мулхайдаров, О.Джангалиев, Л.Бектемиров – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. есептелсін. К.Курмашев, Ш.Джардемов, У.Срымбеков – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мер­зі­мі 3/VII-32 ж. есептелсін. Бар­лы­ғы­ның мүлкі тәркіленсін».

Сөйтіп, ұжымдастыру саясатына қар­сылық білдіргендері үшін сотталған Орда ауданының үш ауылының адамдары жазаларын өтеу үшін Қарлагқа жө­нел­тілген. Ал олардың кейінгі тағ­дыр­лары туралы мәлімет жоқ. Деген­мен 1989 жылы 13 шілдеде жазықсыз айыпталған Орда ауданы азаматтарының барлығы Орал облыстық соты Президиумының қаулысымен ақталған.

Орда ауданы байларының ұжымдас­тыру саясатына қарсы бас көтеруі –1928-1932 жылдардағы Орал округіндегі халық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі. Олай дейтін себебіміз, бұл бас көтерулердің Жаңақала көтерілісімен байланысының болғандығы анық байқалады. Өйткені Жаңақала көтерілісіне қатысып, тергеу­ден босаған адамдар Орда ауданына келіп қоныстанған, одан әрі Астрахань округіне, Қалмақ облысына қарай қашқан. Қ.Сұлтанғалиев, О.Жетібаев, М.Зайналиев және тағы басқалардың Жаңақала өңірінен шыққан көтеріліске қатысушылар екен­дігіне архив деректері дәлел болады. Міне, осындай белсенді көтерілісшілер Орда ауданы байларына идеялық қолдау көрсетіп, кеңестік билікке қарсы күресте оларға демеу болып отырған.

Орда ауданы байларының бас көте­руінің мақсат-мұраттары қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысымен үндесіп жатыр. Сталиндік әкімшіл-әміршіл жү­йег­е қарсы тұра білген қайсар рухты жандарды халық батырлары деп тануға, олардың ерліктерін қазіргі жас буынға үлгі-өнеге етуге әбден лайық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық сая­си ақтау, олардың есімдерін бүкіл қоғамға таныту және дәріптеу – еліміздің басты идеологиялық ұстанымының бірі. Бұл жағдай халқымыздың тарихи санасының жаңғыруына негіз болып, Жаңа Қазақстанның рухани-мәдени дамуына жол ашады.

 

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссия мүшесі