Қазіргі геосаяси ахуал мен нарықтағы қымбатшылық банк секторына да салқынын тигізді. Дағдарыс сәтінде отандық банктердің қарыз портфелі біраз азайды. Соңғы бір айда қарыз портфелінің көлемі 0,6 пайызға немесе 127,3 млрд теңгеге төмендеген. 1 мамырдағы дерек бойынша екінші деңгейлі банктер тарапынан халыққа берілген несие көлемі – 20,32 трлн теңге. Бүкіл сектор бойынша – 11, үздік ондықтағы 4 екінші деңгейлі банк минусқа кірген.
«Дегенмен несие белсенділігінің жалпы құлдырауы фонында бірқатар екінші деңгейлі банк белсенді өсім динамикасын сақтады. Кредитор банктердің ондығында Bank RBK сенімді көш бастап тұр: қаржы институтының қарыз портфелі сәуір айында 11,5 пайызға өсіп, 746,6 млрд теңгеге жеткен. Жылдық динамикада банк несие беру көрсеткішін 43,6 пайыз деңгейінде өсірген. Бұл – сектордағы ең мықты динамика. Екінші орында – бір айда қарыз портфелін 10,4 пайызға, 1,45 трлн теңгеге ұлғайтқан «Банк ЦентрКредит». Банктің жылдық динамикадағы көрсеткіші де оптимистік жағдайда (+31 пайыз). Үштікті бір айда қарыз портфелін 8,8 пайыз немесе 872,2 млрд теңгеге дейін көбейткен «Еуразиялық банк» түйіндейді. Бір жылда банк займы 35,8 пайызға өсім көрсетті», деп жазады Ranking.
Айлық динамикадағы төмендеуге қарамастан банк атаулының жиынтық қарыз портфелі оң көрсеткіште тұр: 26,7 пайызға көбейген. Портфель сапасы да тәп-тәуір. Төленбегеніне 90 күннен асқан (NPL 90+) «нашар кредиттердің» жалпы займ көлеміндегі үлесі 3,6 пайызды құрайды. Салыстырар болсақ, бір жыл бұрын «нашар несиелер» – 7,6, он жыл бұрын – 32,3 пайыз болған.
Жекелей алып қарастырар болсақ, несие беру үлесі бойынша жетекші банктердің де займ сапасын жақсартудағы оң қадамдары байқалады. NPL 90+ Bank RBK-да 2,4 пайызды құрайды. Бір жыл бұрын – 8,7, бір ай бұрын 2,72 пайыз болғанын ескерсек, кәдімгідей сапаға жұмыс істегендері көрінеді. Займ сапасын да сақтап отыр және клиенттерге несие ұсыну ықыласы да жоғары. Қазір қаржы институты тұтынушыларға 10 млн теңгеге дейінгі кепілсіз займдар беруге даяр. Кредит бойынша ставка 8 пайыздан, ЖТСМ 21,6 пайыздан басталады. Несие мерзімі – 6-84 ай аралығында.
«Банк ЦентрКредит» те 90 күннен асып төленбеген берешектер мөлшерін біршама азайтқан – наурыздағы 5,06 пайыздан сәуірдегі 4,48 пайызға дейін. Бұл қаржы ұйымындағы «нашар кредит» мөлшері бір жыл бұрын ғана 6,91 пайыз болған. Бір айлық динамикада «Еуразиялық банк» те NPL 90+ көлемін азайтқан, бірақ жалпы деңгейі әлі де болса 6,67 пайыз деңгейінде тұр. Қайта бұл төмендегені, бір ай бұрын жалпы несие портфеліндегі қайтарылмай жатқан берешектер 7,43 пайызды құраса, бір жыл бұрын 8,7 пайызды маңайлапты.
Қаржы институттарындағы жеке тұлғалардың салымы сәуірде 280,5 млрд теңгеге азайыпты. 1 мамырдағы жағдай бойынша банктердегі жеке тұлғалар депозитінің көлемі 12,83 трлн теңге болып тұр. Қызмет етіп тұрған 22 банктің 9-ында салымдар әжептәуір азайған. Халықтың ақшасын жинау жағынан абсолютті лидер атағына Kaspi ие. Сәуірде бұл банктің қорына 120,1 млрд теңге келіп қосылып, жалпы жиынтығы 2,6 трлн теңгеге жеткен. «Банк ЦентрКредит» сәуірде 886 млрд теңге салым жиған. Жалпы көрсеткіш тұрғысынан сектордағы үздік ондыққа да кірмейтін «Фридом Финанс Қазақстан» салым өсімі бойынша үшінші орында тұр. Қаржы институтының депозит портфелі бір айда 12,8 млрд теңгеге өсіп, 62,5 млрд теңгені құрады.