• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 13 Маусым, 2022

Аңдаусыз тисе апперкот...

187 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-дың болжауынша, алдағы бір жыл көлемінде Brent мұнайының бағасы барреліне 135 долларға жетеді. Сарапшылар ресейлік мұнай жеткізудің қысқаруы және жаһандық сұраныстың артуы мұнай бағасын өсіреді деп пайымдайды.

­8 маусым күні Brent тамыз фьючерстерінің құны ICE Futures лондондық биржасында барреліне 121,94 долларды құраған. Бұл – алдыңғы сессиядан 1,14 пайызға көп. Нью-Йорк биржасындағы WTI мұнайының баррелі 120,61 долларға бағаланады. Әлбетте, мұ­найдың қымбаттай түскені елі­мізге тиімді. Содан түскен табыс есебінен Ұлттық қор толы­­ғады. Биыл 5 айдағы кіріс был­­­тыр­ғы бір жылдың пайдасынан асып түскен. Себебі неде? Мұнай сарапшысының айтуын­ша, 15 сәуір мен 14 мамыр аралығында ресейлік Urals мұнайы барреліне 73,24 доллардан сатылған. 1 маусымнан бері Ре­сей­дегі экспорттық кедендік баж салығы (ЭКБС) 4,8 долларға азай­ған. Қазір экс­порт­тық баж салығы тоннасына – 44,8 доллар.

«Бұрын Қазақстанда мұнай­дың экспорттық кедендік баж са­лы­ғы Ресейден төмен болған. Қа­зір әлдеқайда жоғары. Мысалы, мұ­най бағасы барреліне 100-ден 105 долларға дейін болғанда ЭКБС тоннасына 100 долларды құрайды. Мұнай бағасы бар­ре­лі­не 115-тен 125 долларға дейін болғанда ЭКБС тоннасына 130 дол­лар болады. Қазақстанның Салық кодексі мұнай Brent-ке қа­тысты ауқымды жеңілдікпен саты­латын әскери тәуекелдерді ес­кер­мейді. Төрт ай ішінде Ұлт­тық қорға көп ақша түсуінің де сыры осында жатыр», деп жазады Energy Monitor.

Ендігі бір қызық – жарым-жартылай эмбарго жарияланғанына қарамастан Ресей мұнайының әлі күнге Еуропаға тасымалданып жатқаны. Құр тасымалданбай, еселеп арттырып жеткізілуде екен. Еуроодақтың жаһандық нарықтағы ресейлік экспортқа қысым көрсетуіне қарамастан, Украинадағы соғыс басталғалы еуропалық компаниялар Ресей мұнайын тасуды күшейткен. Global Witness тобы жүргізген талдауда Еуропаның теңізге шығар жолы бар үш елі – Грекия, Кипр және Мальтаның ақпан айындағы 31 млн баррельден мамыр айындағы 58 млн баррельге дейін Ресейден мұнай импортын ұлғайтқаны айтылады. Ақпаннан бері осы үш ел жалпы жиынтығы 178 млн баррель мұнай тасыған. Оның құны ресейлік мұнайдың қазіргі құнымен есептегенде 17,3 млрд долларға жетеді.

The Independent басылымының жазуынша, осы үш елде орналас­қан кемелер соңғы бірер аптада ресейлік мұнайды әлем елдеріне жеткізу қарқынын да үдеткен. Бұл өз кезегінде танкерлік тасымал­дау тарифтерін қымбаттатқан. Де­­генмен сарапшылар бұл ұзаққа бар­майды дейді. Бізге де солай кө­рі­неді. Бәлкім, соңғы тұяқ сер­пу­дің бір нышаны...

Ресейлік сарапшы Юрий Ры­ков­тың айтуынша, жақын арада мұнайдың қымбаттайтыны сонша, 2008 жылғы барреліне 143 доллар болған межеден де асып түсуі мүмкін. Ресей мұнайы өтім­сіз болып қалмауы үшін оның атауын өзгерту секілді айла-амалдар істелуі де ықтимал.

«Біздің мұнайды сату меха­низм­­дері қазір де белгілі. Shell компаниясы істегендей, ресейлік мұнай деп саналмас үшін басқа мұ­наймен араластырады. ЕО санк­цияларының алтыншы пакеті ая­сында мұнай эмбаргосы толық кү­шіне енгеннен кейін баға өседі», деп болжайды сарапшы.

Айтпақшы, Каспий құбыр кон­сорциумын (КҚК) жел бір шай­қап алғалы бері, біз басқа балама жолдарды сөз ете баста­ған­быз. Бір нәрсе анық. Дәл қазір ешқандай балама жол – «Атасу-Алашанькоу» да, «Атырау-Са­ма­ра» да, КҚК-ны алмастыра ал­майды. Новороссийск пор­тын­дағы бекет арқылы ел мұ­найы­ның 90 пайыздан астамы жаһан нарығына шығарылып отыр. Қазір бұл құбыр желісіндегі апат қаупі жойылды. Қалыпты ре­жім­мен жұмыс істеп жатыр. Бірақ құлай сенуге тағы болмайды. Оған бірінші себеп – көршінің пи­­ғылы болса, екіншісі – кәрі құр­лық тарапынан туындауы мүмкін ық­тимал шектеулер.

Мұнай эмбаргосынан бөлек, ЕО Лондонмен Ресейден келетін отын тасымалын сақтандыруға ты­йым салу туралы келіскен. Finan­cial Times дереккөзге сілтеме жасай отырып, Ұлыбритания үкіметі жақын арада өз компанияларына ресейлік мұнай үшін ресейлік порттарға келетін кемелерді сақ­тан­дыруды қамтамасыз етуге тыйым салу туралы жариялауға ниетті екенін, содан кейін бұл ше­шімді бүкіл G7 қабылдай ала­тынын жазады. Бұдан кейін нақты ресейлік порттан шыққан кез келген кемені сақтандырудан бас тарта алады. Сарапшылардың айтуынша, КҚК қазақ мұнайын Новороссийскідегі порталда тан­кер­лерге тиейтіндіктен, бұл түптің түбі біздің иегімізге тақал­уы мүмкін жұдырық екенін естен шығармаған абзал.

Бокс тіліне салғанда, бірер ай бұрын ғана жеңіл-желпі «хук» тиді. Түбегейлі есеңгіремейтін, бірақ әптер-тәптеріңді шыға­рар­лық бір жағымсыз соққы. Ал ен­ді­гісі оңайға соқпайын деп тұр. Мейлі, Ұлыбритания ықпалымен әлдеқандай заңдық тұрғыдан шектеу болсын немесе КҚК-да түпкі себебі бізге беймәлім тағы бір кедергі туындасын... Қай-қайсысы да қиын... Иек астынан дедік қой, оны әдетте «апперкот» дейді және одан кейін көбі «ұйықтайды».