Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова әртүрлі институт арқылы несие беруді тоқтату жөніндегі ұсынысын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, былтыр мемлекет сондай институттар көмегімен 390 млрд теңге қарыз таратқан. Алайда сол ақшаның басым бөлігі кері қайтпады.
«Тек шамалы үлесі ғана нақты өндіріс құруға мүмкіндік береді. Одан да екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемесін, соның ішінде ұзақ мерзімді несиелер бойынша да мөлшерлемені субсидиялау дұрыс емес пе? Жеңілдетілген несиелеудің орнына ставканы субсидиялауды енгізсек, мемлекеттік қолдау ауқымы 5 есе артады. Ұсынылып отырған тәсіл экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға, отандық тауарлар өндірісінің өсімін көбейтуге жағдай жасайды», деді Н.Годунова.
Комитет басшысының мәлімдеуінше, қазір біраз ұлттық жобалардың мемлекеттік бағдарламаларды алмастырғанын, алайда одан ештеңенің де өзгере қоймағанын айтады.
«Жобалық басқарудың негізгі принциптері сақталмайды. Қаржыландыру қажеттіліктің тек 57 пайызын құрап отыр. Қажетті деңгейдегі қаржыландыру жоқ, демек нәтиже сұрауға да моральдық құқық болмауы керек. Іс-шаралар толық пысықталмаған, тиісінше орталық пен өңірлер арасында үйлесім жоқ. Орталық мемлекеттік органдардың шешім қабылдауы мен оның адамдарға сезілуі арасындағы уақыт тым ұзақ. Бюджеттің миллиардтаған қаражаты желге ұшып жатыр. Қазір экономиканың біртіндеп жақсаруы енді ғана шағын және орта бизнеске жағымды әсер етуде. Ал көптеген қазақстандықтың өмір сүру деңгейі әзірге көтерілетін емес. Сірә, инфляция салдарынан. Азаматтардың еңбек қызметінен алатын табыс үлесі төмендеп, әлеуметтік трансферттерге деген тәуелділігі артып барады. Қазір халықтың көпшілігі мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Тамақтану өнімдері тұтынушылық шығындар құрылымының жартысынан астамын құрап отыр», дейді Н.Годунова.
Ол – тұтынушылық шығындарды өтеу үшін, былай айтқанда ішіп-жеу үшін халық несиеге бата бастағанын айтады. Жеке тұлғалардың ипотекаларының өсімі – 38, тұтынушылық мақсаттағы несиелері 40 пайызға жетіп отыр. Бұл бүкіл экономикаға берілген кредиттің үштен бірі екен.
Телеграмдағы Risk Takers каналының сарапшысы Н.Годунованың бұл ұсынысына қолдау танытқан.
«Тиімсіз басқару фактілері бірнеше рет жария болды. Біздің «Қазагро» және «Аграрлық несие корпорациясы» туралы алдыңғы посттарымыз соған дәлел. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі агросектор үшін арнайы мемлекеттік банк құруға қатысты да пікір білдірген. Олардың пікіріне сүйенсек, қаржы нарығында онсыз да коммерциялық банктер де, экономика секторларын несиелеу үшін түрлі даму институттары да бар. Біз де жеңілдетілген бағдарламалар мен жаңа мемлекеттік банктерді көбейте беруге қажеттілік жоқ деп санаймыз», деп жазады канал.