Былтыр Қаржы министрінің бұйрығымен астық экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтарып беру жөнінде қанатқақты жоба қолға алынған. Жоба бойынша бидай экспорттаушыларға салықтың осы түрін қайтару көзделген. Қазақстан 2019-2021 жылдары сырттан 157 млрд теңгеге 2,7 млн тонна астық сатып алса, басқа елдерге 20,2 млн тонна астық сатқан.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың айтуынша, Ресейден әкелінетін бидайға қатысты әртүрлі «сұр» схема жиі қолданылады. Өйткені онда астықтың құны әлдеқайда төмен және біздің экспорттаушылар оны көрші елден сатып алуға тырысады. Осындай тәуекелдерді болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп ҚҚС-ты жеңілдетілген қайтару бойынша пилоттық жобаны іске асырып отыр. Осы жобаға қатысу туралы меморандум жасасатын экспорттаушыларға ҚҚС қайтару тексерусіз және айыппұл санкцияларын қолданбай жүргізіледі.
«Қазіргі кезде пилоттық жобаға 20 салық төлеуші қатысуда. Олардың ішінде 7 экспорттаушы және 13 астық өнімдерін шығаратын тікелей жеткізуші бар. Меморандум ерікті түрде жасалады. Кез келген компания меморандумға қосыла алады. Ол үшін «Атамекен» ҰКП-ға жүгіну қажет. Пилоттық жобаның алғашқы қатысушылары – жетекші астық экспорттаушылары болды. Қатысушылар тізімі алдағы уақытта кеңейтіледі. Пилоттық жоба нарықтағы заңсыз әрекеттерге қарсы тұруға бағытталған. Пилоттық жобада ҚҚС қайтаруды екі жолмен жүзеге асыру қарастырылған. Біріншісі камералдық бақылау жүргізбестен 15 жұмыс күні ішінде. Бұл ретте бюджеттен қайтарып алуға ұсынылған салық сомасына банк кепілдігі болуы қажет. Екінші жолы – мемлекеттік кіріс органдары жүргізетін камералдық бақылаудан кейін күнтізбелік 100 күн ішінде. Бұл ретте банк кепілдігі талап етілмейді», дейді Қ.Миятов.
Сондай-ақ егер қатысушылардың салықтық айырмашылықтары анықталса, аталған кезеңде оның бұл бұзушылықтарды өз бетінше жоюға құқығы бар. Содан кейін мәлімделген және расталған ҚҚС сомасы осы кезеңде қайтарылады. Айта кету керек, пилоттық жобада ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды. Мұнда салық төлеушіге және оның жеткізушілеріне салық заңнамасының бұзушылықтарын жоюға және қосымша салық есептілігін ұсынуға, сол арқылы осы сәйкессіздіктерді жоюға мүмкіндік беру қағидаты қолданылады. Пилоттық жобаның мәні – жеткізілім байланыстарын азайту үшін жосықсыз жеткізушілер тізбегін, яғни әртүрлі тиімсіз шығындарды қысқарту. Ол үшін «Атамекен» ҰКП базасында ақпараттық ресурс жасалды. Онда салықтық бұзушылықтар туралы мәліметтер ұсынылған.
Бұл мәміле жасағанға дейін оңтайлы жеткізушіні таңдауға мүмкіндік береді, яғни егер жеткізушінің салық есептілігінде қандай да бір айырмашылықтар болса, ол сайтта көрініп тұрады. Жеткізуші өзінің беделіне нұқсан келтірмеуге, осы «сұр» тізімге енбеуге тырысады.
«Мәмілелер жасалғаннан кейін барлық қатысушылар жеткізушілерден бұзушылықтардың бар екендігі туралы ақпарат алады, олар барлық сатып алушыларды немесе жеткізушілерді хабардар ету үшін осы ақпаратты жария етуге келісті. Оларда бұл бұзушылықты жедел жоюға мүмкіндік алды», деді спикер.
Пилоттық жоба шеңберінде астық өндіру және сақтау объектілері есепке алынбақ. Бұл – элеваторлар және астықтың өмірлік циклі. Сондай-ақ астықты алқаптан шекараға дейінгі қозғалысын қадағалау қамтамасыз етілді. Бұл үшін Qolday ақпараттық жүйесі қолданылады.
«Виртуалды астық қоймасы» модулі әзірленіп, онда астық өндіруден бастап, оны элеваторға жеткізіп, сақтауға қабылдауға дейінгі барлық қозғалыс циклы толық көрсетіледі. Бұл жүйеде ғарыштан түсірілген суреттер тіркеледі, онда егін егу жүргізілген кезең, оны жинау, одан әрі тасымалдау, сақтау және астық қолхаттарын құжаттық ресімдеу кезеңдері осы жүйеде көрсетілген.
Қазіргі уақытта екі салық төлеуші мамыр айында ҚҚС сомасын қайтаруға өтініш берді. Олар шамамен 300 млн теңге көлеміндегі қаржыны қайтарып алмақ. Қазіргі уақытта камералдық бақылау жүргізіліп жатыр. Олар ҚҚС-ты қайтарудың екінші жолын таңдады, яғни 100 күннің ішінде камералдық бақылау жүргізіледі, содан кейін шешім қабылданады. Камералдық бақылауды маусым айында аяқтауды және қосылған құн салығының расталған сомасын осы компаниялардың шоттарына қайтару жоспарланып отыр. Бұл пилоттық жоба астық нарығында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге ашық емес бизнес-процестер мен схемалардан бас тартуға септігін тигізеді. Қазақстанда тең бәсекелестік жағдайлар орнайды деп үміттенеміз. Егер аталған пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетсе, біз оған тартылатын өнімдер тізбесін кеңейтетін боламыз», дейді комитет басшысының орынбасары.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңесшісі Екатерина Никитинская кәсіпорын адал қызмет етсе, мемлекеттің де оған деген көзқарасы оң болатынын жеткізді. Оның айтуынша, біздің жоба Ресейдегі жобаға ұқсас, бірақ біршама артықшылыққа ие.
«Бізде ақша қозғалысы астықтың нақты қозғалысымен сүйемелденіп, расталды. Ол үшін арнайы ақпараттық ресурс жасалды. Ресей Федерациясында ондай жоқ, олар енді ғана әзірлемек. Бұл тұрғыда Қазақстан алда келеді. Бірақ біз үшін кәсіпкерлердің мемлекеттік кірістер органдарының оларды қолдайтынын түсінгені маңызды болды. Яғни оларға ҚҚС тізбектеріндегі төлем бойынша проблемалық жерлердің бар екендігі және бұл олқылықтар жойылған жағдайда оларға бәрі қайтарылатыны туралы ақпарат алатындай жағдайлар жасалады. ҚҚС қайтару кезінде бюджет шығынға ұшырамауы керек. Біздің қоғамда бәрі адал болуы керек. Себебі салық төлейтін кәсіпкерлер мемлекет алдында жауапты. Тек осы жағдайда ғана олар бәрін 100 пайыз қайтаруға кепілдік береді», дейді Е.Никитинская.