Санкцияға тап болған ресейлік еншілес банктер клиенттер алдындағы өз міндеттемесін толығымен өтейді. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
«24 ақпаннан, санкция жарияланған уақыттан бастап үш ресейлік еншілес банк – «Сбербанк Қазақстан», «Альфа-Банк» және «ВТБ Қазақстан» санкциялық тізімге қосылды. Сол кезде олардың қызметіне қатысты белгілі бір шектеулер жарияланды. Бұл шетелдегі корреспонденттік шоттардың жабылуына және олардың шетелдегі банктердегі активтерінің бұғатталуына байланысты. Сондай-ақ олар доллар, еуро және фунт стерлингпен есеп айырыса алмайтын болды», деді М.Әбілқасымова.
Осының өзі аз кедергі емес. Осы шектеулердің өзі аталған үш қаржы институтының шаңырағын шайқалтып жіберді. Санкция жариялана салысымен азаматтардың салымдарын кері қайтарып алуы – сөзіміздің дәлелі. Ең сенімді банк – азаматтардың салымы (депозиті) көп жинақталған банк. Депозиті ортайған қаржы ұйымының қауқары да қалмайды.
Агенттік басшысы айтқан дерекке сүйенер болсақ, қазір үш банкте жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың 500 млрд теңге көлеміндегі депозиті бар. Қарыз портфелінің сомасы – 1,7 трлн теңге.
«Қазіргі күні өтімділік қаражаты – 590 млрд теңге, демек олар жеке және заңды тұлғалар алдындағы міндеттемесін толығымен жаба алады. Яғни банктердің төлем қабілеті бар және олардың орнықсыздығы туралы проблема жоқ», дейді агенттік төрағасы.
Еліміздегі банк секторын қадағалайтын басты орган осылайша көпшіліктің көңіліндегі өрекпіген күдікті сейілтіп қоюды жөн санаған сияқты. Әйтпесе үш банктің ахуалы анау айтқандай тамаша деуге ауыз бармайды. Тамаша болса «салған санкцияңнан қылымыз да қисаймайды» деп қызметін әрі қарай жалғастыра беруші еді. Қазір үшеуі де жұтылып кетудің аз-ақ алдында. «Альфа-Банкті» бірер апта бұрын ғана «Банк ЦентрКредит» сатып алды. Сөйтіп, «Альфаның» бүкіл салымы мен несиелері БЦК-ға ауысты. Ғалым Құсайынов басқаратын қаржы институты агенттік қолдауының нәтижесінде өте қысқа мерзім ішінде сатып алу процесін жүзеге асырды.
«Сбербанкке» қатысты да сөз көп. Бұл қаржы ұйымының нарықтағы аса белсенді және ерекше тәртіпті, әсіресе бизнес иелері үшін сүйкімі артық екенін білетінбіз. Мұндай банкті кім-кім де сатып алғысы келеді, өйткені бет-беделі жоғары, несие портфелі сапалы, қызметі мен бағыты әлдеқашан жолға қойылған. Бірақ маңдайында «таңбасы» бар, сол себепті ықтимал сатып алушы тарапынан саудаласудың тым қызу жүрері де күмәнсіз. Ондайда берілуші тараптың позициясы да солқылдақ келмек.
OFAC-тың негізгі лицензиясының уақыты 12 шілдеге дейін жарамды. Сол уақытқа дейін транзакцияларды аяқтап үлгеруі керек. Тиісінше, сату процесінің де 12 шілдеге дейін тәмам болғаны қажет. Бұған дейін банктегі Sberbank International блогының жетекшісі Тимур Козинцев Қазақстандағы еншілес банктің міндетті түрде сатылымға шығарылатынын, қаржы институтына Қазақстаннан, Түркиядан бірқатар инвесторлардың қызығушылық танытып отырғанын айтқан еді.
Таяуда ғана Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Одиль Рено-Бассо «Бәйтерек» холдингінің «Сбербанкті» сатып алуы мүмкін екенін айтты.
«Сбербанкке қатысты мәмілеге келсек, шын мәнінде бұл транзакция немесе операция «Бәйтерек» холдингі мен РФ арасында талқыланып жатыр. ЕҚДБ бұл процеске араласпайды. Банк «Бәйтерекке» өткеннен, яғни Қазақстан оның толық иесі атанғаннан кейін қандай да бір капиталдандыру қажет болса онда біздің банк бұл мәселеге қатысады», деп келтіреді Рено-Бассоның сөзін Интерфакс.
Санкцияға дейін банктің қызметі сенімді және орнықты болды, сол себепті де активтер көлемі бойынша елімізде 2-орында тұрды. Санкциялар жариялана салысымен жетінші позицияға бір-ақ сырғыды.
Үшінші еншілес банктің жалғыз акционері – негізгі ВТБ Банк Қазақстандағы еншілес банкін қосымша капиталдандыруға ниетті. Сөйтіп, шаруасы шатқаяқтаған туыс банкті сақтап қалғысы келетін сияқты.
«Рәсім барлық заңды талаптар орындалғаннан кейін жүзеге асырылады. Банк алынған қаражатты өз капиталын ұлғайтуға жұмсайды. Бұл қажетті нормативтерді орындауға және елдегі банк қызметін одан әрі дамытуға ықпал етеді. «ВТБ Банк» (Қазақстан) Қазақстан Республикасының резиденті болып саналады және елде 13 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Акционер банкке сенім білдіреді және толық қолдау көрсетеді. Біз Қазақстанда ВТБ дамуының жаңа жолын анық көріп отырмыз және бизнес-модельді трансформациялаумен айналысып жатырмыз. Капиталды ұлғайту банкке тұрақтылықты арттыруға және акционермен бірлесіп айқындалған міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді», дейді «ВТБ Банк» (Қазақстан) басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.