• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Маусым, 2022

Астанадан шалғайда немесе қанттың бағасы – 750 теңге

286 рет
көрсетілді

Астанадан шалғайдағы кей жандарға үлкен қалалардағы өмір ғажап көрінетіні бар. Нұр-Сұлтан мен Алматы – уайым-қайғысыз ба­қытты мекен деседі. Алайда олар ертеңді-кеш ұшақтар ұшып-қонып жататын шаһарларға іштей қызыққанымен, тәуекел етіп көшуге, «қалалықтар» секілді «әдемі» өмір сүруге аса пейілді емес. Өздеріне астанадан шалғайдағы сол өмірлері ұнайды. Қоңыр тіршілік. Тау-тасына сүйенген, топы­рағына байланған.

Сөйте тұра қаланы да жаман демейді: «Алматы деген ғажап қой» деп сұм­дық таңғалып отыра береді. Астананың так­сишілері секілді саясатты соқпайды. Оларды сай­лау да, референдум да қызықтырмайды. Еш­кімді даттамайды, ештеңе сұрамайды. Көппен қосы­лып Елбасын да жамандамайды. Бәріне пейілі оң.

Өзін кішкентай адамға балайтын, жылтыраған жақсы өмірге тұра жү­гір­мейтін, ауылдағы ми­тың тіршілігіне дән ри­за осындай жандарда қа­рапайымдылықтан да күшті бір мінез бар.

Үлкен қалалардағы өмір­дің ғажап екенін есті­ген біз әлгі адамның ақ адал, аңғал пейіліне риза болып тұрып жылағымыз келеді. Қаладағыларға, керісінше, кейде қым-қуыт тіршіліктен түу алыс­тағы өмір тыныш, жы­лы көрінеді. Ауылда уа­қыт баяу өтетіндей, өмір ұзағырақ болатын­дай. Жақсы өмір, тек қалада деген жақсы адам­ның ертегісі ғой. Мұн­да бәрі жұмыс істеу үшін өмір сүреді. Кейде бәрінің мінезі бір-біріне ұқсайтындай көрінеді: салқын қабақ, томаға-тұйық, самарқау. Ешкім­нің қолы бос емес, бәрінің жүйкесі жұқарған. Бәрі түрлі тренингке барады. Бұл қалада байлар да, олигархтар да, шенеуніктер де, қарапайым халық та тұрады. Сан түрлі тағдыр үлкен даңғылдар мен көшелерде бір-біріне жұ­ғыспай, қиылыспай зулап өтіп жатады.

Ал ауыл ешқайда асық­­­тырмайды, жаның­ды жұмсартады, бәлки мі­не­зіңді де. Қаланың қат­қыл, жарқыл тіршілігіне үйренген адам да бірауық ауылды сағынады. Ба­лалығы үшін, естелік­тері мен сезімдері үшін, сәулелі сәттері үшін. Таң­нан кеш­ке дейінгі кеңсе жұ­мы­сынан жалыққанда көңілің шалғайдағы қо­ң­­ыр тамға ауады. Мал­дың даусы, қидың иісі, ауа жайылған түтін, әр үйдің іргесіндегі мая шөп, жамау қораның жанында жотадай үйілген кептірілген қи, дәу қара қазан, даладағы қотыр пеш, сарыала самаурын – бәрі-бәрі қатып-семген жүрегіңді жылыта­тын­дай.

Алайда қазір көп ауыл­­дарда мұндай картина болмауы да мүмкін. Шал­­ғайдағы ауылдар да қа­лаланып жатыр. Бә­рі­­нің үйінде ыстық су аға­ды, газ кірген. Еш­кім митыңдап күл шы­ғар­­майды. Әкімдері ци­ви­лизацияға «әдейі» жет­кізбей жүрген ауылдар болмаса (елімізде мұндай мекендер көп), қалған өңірде жол да жасалған, интернет те бар. Ауыл мен қаланы теңестіру саясаты, бәлки дұрыс та шығар. Дегенмен, біршама жылдардан кейін қалалықтар ауылға барып ауылды тап­­пай қалмай ма деген ойға қаласың. Енді бір жағынан, қаладағы жағ­дай ауылда да болатын болса, неге ауылға барып тұрмасқа дейтіндер де та­былады. Таза ауа һәм табиғат.

Қанттың бағасы 750 теңге болғалы жалпы Қазақстанда өмір өз­гер­ді: қалада да, ауыл­да да тұрмыс мәз емес. Қым­батшылық жала­қы­сы төмен халықты қы­сып барады. Ең қы­зы­ғы, ауылдағылар қала­дағыларды бай деп ойлайды. Ал қалалықтар ауылда өмір сүру арзан дейді. Кей жұрт бізді – журналистерді де шалқып өмір сүреді деп жүр екен. Адамның аңғалдығынан асқан жақсы мінез жоқ шығар, сірә. Біздің де бір «кедей» екенімізді олар қайдан білсін...