Қаржы, экономика тақырыптарында еркін көсілетін депутат Аманжан Жамалов жуырда қызық мәлімдеме жасады. Депутаттың айтуынша, Қазақстанның қарызы Ұлттық қорда жинаған қаржысынан да көп болып кеткен.
Қазір Ұлттық қор активтерінің көлемі 53 млрд долларға жуықтайды. Ал мемлекеттік қарыз 47 млрд доллар. Бұған квазимемлекеттік сектордың 40 млрд доллар көлеміндегі міндеттемесін қоссақ, 87 млрд долларға жетпек.
«Баланс теріс болып тұр. Үкіметтің қарызы көп. Қарызға алынған ақшаның 25 млрд теңгесі игерілмеген. 2021 жылы үкіметтік қарыз лимиті 470 млрд теңгеден асып кетті. Қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге бюджеттің 16,5 пайызы жұмсалып жатыр. Былтыр заңнамада сыртқы қарыздарды тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін мемлекеттік органның бірінші басшыларын жауапқа тарту көзделген еді. Осы норманы тәжірибеге енгізетін кез келді. Бюджет кірісін арттыру бойынша да жүргізіліп жатқан жұмыстар тым солғын. Үкімет қосымша кіріс көзін іздеуге құлықсыз, қит етсе, Ұлттық қордан ала салуға немесе жаңа займ ресімдей салуға үйренген. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы салық және кедендік әкімшілендіру есебінен бюджетке 684 млрд теңге түскен. Алайда аудит бұл деректі небәрі 55 пайызға растады. «3,9 млрд теңге жұмсалған «салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» жобасының нәтижесі қайда?» деген сұрақ туады», деп ашына сөйлейді А.Жамалов.
Депутаттың айтуынша, былтыр ІЖӨ-дегі салық үлесі 16,2 пайызды құраған, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен де төмен.
«Квазимемлекеттік сектордан қайтарым болып жатқан жоқ. Үкімет – «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері. Соған қарамастан оны бюджетке дивиденд төлеуге мәжбүрлей алмай отыр. 2020 жылы мемлекеттік қордың таза табысы 558 млрд теңге болған. Бірақ бюджетке небәрі 88 млрд теңге, яғни 16 пайыз ғана ақша берген», деп сынға алды.
Сондай-ақ ол бюджет ақшасын пайдалану тұрғысынан да Үкіметтің елеулі қателіктерге жол беріп отырғанын, мұның соңы жақсылыққа соқпасын айтып ескертеді. Сарапшының сөзіне қарағанда, базалық мөлшерлеменің тым жоғары болуы себепті де Үкімет бизнеске субсидия беруге, жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын шығаруға мәжбүр.
«Бюджет ел экономикасының басты кредиторына айналды. Мемлекеттік бағдарламаларға жыл сайын миллиардтаған теңге бөлінеді. Алайда сол бағдарламалардың тиімділігін бағалап, дәлелдеп жатқан бірде-бір бірыңғай есептеу жүйесі жоқ. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені әзір төмендеткісі келмейтінін ескерсек, жеңілдетілген қаржыландыру әлі ұзақ жыл жалғасады. Сондықтан барлық қолдау шарасын жоспарлаудың, есепке алудың және бақылаудың бірлігін қамтамасыз ету үшін бизнесті қаржылық қолдаудың барлық шарасын бір бағдарламаға немесе ұлттық жобаға біріктірген жөн. Оның үстіне осы қолдау шараларының барлығымен жұмыс істейтін «Бәйтерек» мемлекеттік холдингі бар», деп өз ұсынысын да білдіреді сарапшы.
Жалпы, бюджетті тиімді жоспарлау және бюджет кірісін арттыру – біздің ең жанды жеріміз. Бір жыл бұрын бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударған.
«Қай жоба елге пайда әкеледі, ал қайсысын кейінге қалдырамыз дегенді түсіну өте маңызды. Әлеуметтік-экономикалық эффект талдауының нәтижесін пайдалана білу керек. Қазіргі уақытта оны кешенді бағалау, бақылау және қолданудың тиісті тетігі әзірленуде. Бюджетті қалыптастыру кезіндегі қате басқару процесі экономикалық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады. Сондықтан Үкіметке бюджет қаражатын ұлттық басымдықтарға сәйкес пайдалануға мүмкіндік беретін мемлекеттік шығыстарды басқарудың кешенді жүйесін құруға тура келеді», деген еді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында.
Осындай талдаушы тиімді жүйе құрылмай, Ұлттық қорға сүйенгеніміз сүйенген сияқты. А.Жамаловтың сөзінің жаны бар. Кез келген тығырыққа тірелу жағдайында Ұлттық қор есігін қаққанға әбден үйреніп алдық. Бюджетті пайдалану процесі барынша ашық әрі цифрлы болмайынша, тиімсіз жұмсау тыйылмайтынын Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова да ұдайы айтып келеді.
«2019 жылы 428 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. 2018 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бұған жол беруге болмайды», деп еді Н.Годунова.
А.Жамаловтың айтуынша, Үкімет 2009 жылдан бері бюджетті үш жылдық жоспарлау жүйесіне көшті. Алайда әлі күнге тым құрыса бір жылға жоспарлауды меңгере алатын емес. 2021 жылы республикалық бюджет 9 рет түзетіліп, 19 пайыз шығыс қайта қаралған. Соның өзінде 68,8 млрд теңге игерілмей қалды.
«Былтыр Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың орнына 10 ұлттық жоба жасап, соны жүзеге асыруды бастады. Бірақ жоспарлауға қатысты жағдайы әлі жақсармаған. Мемлекеттік бағдарламалар да, ұлттық жобалар да стратегиялық жоспарлау құжаты бола алған жоқ. Бұл әртүрлі бюджет бағдарламалары ғана. Сондықтан оны мемлекеттік бағдарлама деп атасаң да, ұлттық жоба деп атасаң да бәрібір. Үкімет біраз жылдан бері жобалық басқару енгізу туралы айтып келе жатыр. Ал әрбір бюджет бағдарламасында өзіндік мақсаты, міндеті, тікелей нәтижелердің көрсеткіші, жетекшілері болмаушы ма еді. Сонда бұл жобалық басқару емес пе?! Стратегиялық құжат – Мемлекет басшысының Жолдауы, ұлттық даму жоспары, Парламенттегі көпшілік партияның бағдарламасы. Ал шығыстар түзілген кесе – ол стратегиялық құжат емес, ол жай ғана бюджеттің аналитикалық бөлінісі», дейді депутат.
Сенат депутаты Динара Нүкетаева бюджет қаржысы бұлай оңды-солды шашыла берсе, онда тексеру жүргізу қажет деп санайды.
«Ауылдағы жұмыспен қамту деңгейін көтеру үшін 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасы арқылы 5 жылға 190 млрд теңге бөлу қарастырылған. Әңгіме ауылдың әлеуметтік-экономикалық бейнесін, мамандануын, іскерлік әлеуетін және кооперация бағыттарын анықтау, технологиялық карталарын қалыптастыру туралы болып отыр. Бұрын жүргізілген мемлекеттік бағдарламаларда сонда мұндай анализ болмады ма? Қандай құжатқа сүйеніп мемлекеттің аса ірі көлемдегі қаржысы жұмсалайын деп отыр? Егер бюджет ақшасын жоспарлау және жұмсау сапасы сын көтермейтін болса, онда тексеру жүргізу қажет. 2025 жылға дейін 2 млн жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Соның 600 мыңы ғана тұрақты болмақ. Бұл іс-шаралар ауылдағы халықтың өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру үшін жасалмақ. Біз азаматтарымызды сапалы жұмыспен қамту мәселесін түбегейлі шешкенде ғана ол межеге жете аламыз», дейді сенатор.
Соңғы 10 жылда тек «Еңбек» бағдарламасының өзіне 695 млрд теңге бағытталған. Бағдарлама жұмыссыздық проблемасын шешіп, әл-ауқатты арттыруға тиіс болған. Д.Нүкетаеваның айтуынша, уәденің бәрі қағаз жүзінде ғана орындалған. Өйткені бағдарлама аясында жұмыс тапты деген азаматтардың дені 3-4 ай ғана жұмыс істеген. Мұны олардың зейнетақы түсімдері мен басқа да деректері растайды.
Таяуда ғана Н.Годунова тағы бір даудың бетін ашты. Айтуынша, 2021 жылы әртүрлі институттар арқылы 390 млрд теңге экономиканы несиелеуге жұмсалды. Тиісінше, басым бөлігі бюджетке қайтпаған. Комитет басшысы жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын шығара бергенше, несие ставкасын субсидиялауды қолға алу қажеттігін жеткізді.
Қалай болғанда да бюджет қаржысын жұмсау жағынан ұятты болып тұрмыз. Үкімет мүшелері әр алуан бағдарлама ашып, сан түрлі институт құрып, қазынадан қаржы алып шығудың түрлі нұсқасын меңгерген. Осы критерий бойынша халықаралық рейтинг түзілсе, Қазақстанның бас бәйге аларынан зәредей күмәнданбаймыз. Президент наурыздағы Жолдауында есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға айналдыруды ұсынды. Оның басшысы жылына екі рет төменгі палата депутаттарына есеп бермек. Сөзсіз, бұл Мәжілістің де позициясын күшейтеді.
Жақында өткен референдум барысында да Президенттің біраз өкілеттілігі Парламентке, оның ішінде Мәжіліске ауысқаны белгілі. Жоғары аудиторлық палата құру және оны Мәжіліске «бағынышты» ету де ашықтыққа жол бастайтын бастама. Енді бюджет қаржысы қатаң қадағаланып, бір тиын шашау шықпайтындай бақылау болады деген үміт бар.
«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды...» деуші едік қой. Бюджет зарын айта-айта А.Жамалов та шаршайтын болды. Мәжіліс құзыреті артқан соң бәлкім басқа да депутаттар бұл мәселеге үн қосар, күріш арқылы жылдар бойы су ішіп келген күрмектей, шөлі басылмайтын, кеңірдегі кең тойымсыздарға тосқауыл қойылар, бәлкім...