Қазақстандық ғалымдар артериялық патологияларды емдеудің жаңа әдістерін ойлап тапты. Зерттеушілер жаңа әдістер мен осыған қатысты құрылғыларға отандық және халықаралық патент алды. Оны енді практикада қолдануға болады.
Жаңа әдістерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қан тамырлары патологиясы орталығының қызметкерлері әзірледі. Бұл әдістердің жаңашылдығы құрылғылар мен әдістердің артериялық тамыр өткізгіштігін қалпына келтіре алатынында болып отыр. Ал маңыздылығына келсек, тың жаңалықты практикада қолдану миокард инфаргінен, инсульттан, трофикалық жаралардан, аяқ сүйегінің іріңдеуі және басқа да мүшелерден болатын мешелдік пен өлімді азайтады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қан тамырлары патологиясы орталығының директоры Оралбай Дәрменов ғылыми өнертабыстың әрқайсысына екі патенттен алынғанын айтады.
«Артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған құрылғылар мен әдістерге Қазақстан Республикасының екі патентін және Еуразиялық патенттік ведомствоның екі патентін алды. Біздің өнертабыстарымыз «Артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған құрылғы және әдіс» және «Атеросклеротикалық бляшкаларды селективті ультрадыбыстық диссекцияға арналған құрылғы және артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіру әдісі» деп аталады. Емдеу әдісі мынадай: біз артерияларда жабық қуыс жасап, артерия арқылы қан ағып жатқан кезде атеросклеротикалық бляшкаларды (бляша деген қарапайым тілмен айтқанда түйін, бүртік, қан тамырларында кездесетін түйіншектерді білдіреді – А.Ш.) препаратпен ерітеміз. Бұл өнертабыстар атеросклеротикалық бляшкаларды түбегейлі жоюға және бірден бірнеше артерияны тазалауға мүмкіндік береді», деді О.Дәрменов.
Бұл құрылғыларды қолдану қан тамырларын стенттеу, сондай-ақ өмірлік маңызды органдар, яғни жүрек, ми, төменгі аяқ артериялары және басқа да тамырларына ашық шунттау операциялары сияқты белгілі және күрделі әдістерге қарағанда емдеудің салыстырмалы түрде тиімді әрі сапалы нәтижесін беруі мүмкін.
«Жыл сайын әлемде стенттер (операцияға қажетті құрылғы – А.Ш.) 60 млрд долларға сатылады, біз ұсынатын емдеу әдісі әлдеқайда арзан болмақ. Біздің өнім техникалық та, құны жағынан да осыған ұқсас аналогтардан бірнеше есе асып түседі», деді аталған орталықтың басшысы.
Қазіргі уақытта ғалымдар клиникалық сынақтар мен коммерциялық өндіріске арналған құрылғылардың зертханалық және өндірістік үлгілерін жасаумен айналысып жатыр.