Электронды коммерция нарығының даму қарқыны қазір триллиондаған теңгелермен өлшене бастады. Былтырғы қорытынды бойынша онлайн-сауда нарығының айналымы 1 трлн теңгеден асты. Екі жыл бұрын ғана айналым 327 млрд болғанын ескерсек, 24 айдың ішінде нарықтың айтарлықтай ұлғайғанын байқаймыз. Бұл тұтынушы үшін де, бизнес иесі үшін де тиімді болып тұр. Екі жақтың да шығыны қысқарады, сәйкесінше уақыты мен энергиясы үнемделеді.
Жақында PwC Kazakhstan компаниясы мен Цифрлы Қазақстан қауымдастығы бірлесіп, арнайы зерттеу жария етті. Оған бірқатар отандық және халықаралық компания қатысқан.
«2021 жылы тұтынушылар рационалды бола түсті. Олар аз ақша жұмсап, көп жинауға көшті. Қазір бәрі үйде отырып жұмыс істеуге, үйде отырып тауар сатып алуға әбден машықтанды. Солай істеу оңай, арзан әрі қолайлы. Нарықтағы ойыншылардың белсенді дами бастауы, тұтынушылардың да онлайн сатып алуға дайын бола түскені, электронды коммерция нарығына мемлекеттің де назар аударып, қолдау көрсетуі – саладағы бәсекелестікке дем берді және шетелдік ойыншыларды Қазақстанға қарай тартып жатыр. Осы факторлардың барлығы жиыла келе экономикаға және елдің инвестициялық әлеуетіне оң әсер етеді», дейді Еуразия өңіріндегі консультациялық практика лидері Наталья Лим.
2021 жылы орташа тоқсандық сатылым көлемінің өсімі 20 пайызды құраған. Жасалған транзакциялар саны 37 млн бірлікке жетті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары. Орташа чек сомасы – 28 мың теңге. Бұл да алдыңғы жылдағыдан 20 пайызға көп.
Kaspi компаниясының хабарлауынша, Қазақстанда шағын бизнес өкілдері сатылымды маркетплейстер арқылы жүзеге асыруға ерекше ынталы болып тұр.
«Бұл оларға саудасын дөңгелетудің тамаша құралы. Kaspi.kz-тегі сатушылар саны бір жылда 5 есе көбейді. Тұтынушылар көбіне күнделікті тіршілікке қажетті тауарларды көптеп сатып ала бастады, бұл – тамақ өнімдері, шаруашылық тауарлары. Мұндай өнімдерге деген сұраныс жылдамдықты және жеткізуге деген қолайлылықты талап етеді. Биыл біз 3 сағат ішінде апарылатын экспресс жеткізуді және тауарды кез келген уақытта алып кетуге ыңғайлы Kaspi Postomat құрылғылар желісін іске қостық», дейді.
Halyk Market өкілдері Қазақстан электронды коммерцияның дамуына жағдай жасай алып отыр деп есептейді. Олардың айтуынша, интернет қолжетімділігі және идентификация процестерінің цифрлануы барлық қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, электронды коммерцияның қазіргі деңгейге жетуіне пандемия ерекше әсер етті. Халық талабына сай болу үшін маркетплейстердің мобильді қосымшалар мен онлайн-дүкендер үздіксіз дамуды жалғастыруда. Олар бұрынғыдан да ыңғайлы бола түсті және тауарлар санатын көбейтті.
Қазақстанда жұмыс істей бастаған Ozon Marketplace алаңындағы онлайн тапсырыс беру саны артып келеді. Өсім динамикасы өте жоғары. Мысалы, 2022 жылдың қаңтарында біздің алаңқайдағы электроника сатылымының көлемі 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 5 есе артты. Киім – 7 есе, шаруашылық тауарларының сатылуы 8 есе өсті. Мұндай өсімді байқаған көптеген шетелдік маркетплейс Қазақстан нарығына келе бастады. 2021 жыл қортындысы бойынша жалпы бөлшек саудадағы e-commerce үлесі 11 пайызды құрады. Өзге елдерде, мысалы Қытай, Ұлыбританияда онлайн-сауданың үлесі 30 пайызға жетеді, кейде тіпті одан да көп. Қазақстандағы нарық әлі даму кезеңінде тұр, қазір өз салаңызды табу үшін тамаша уақыт.
Сарапшылар Қазақстан нарығының перспективасы жоғары деп бағалайды. Электронды коммерцияда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу айналымы жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан жаңа алаңдардың пайда болуы, онлайн-арналардағы шағын бизнестің өсуі және артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға ұмтылатын логистикалық компаниялардың көбеюі – заңды құбылыс.
«Биыл біз Қазақстандағы ірі технологиялық-логистикалық платформа Kaspi Smart Logistics-ті дамытуды жалғастырдық. Платформамызға қазірдің өзінде 30-дан астам логистикалық компания қосылып үлгерді. Логистикалық желі Қазақстанның барлық қаласын қамтиды және 6 мың бағыт бойынша қызмет көрсетуге дайын. Осы жолы Kaspi Pay қосымшасы базасында бірінші кезекте шағын бизнес өкілдері үшін сервисті одан әрі жақсарта түссек дейміз», дейді Kaspi.kz.
Ал Halyk Market биыл алыс аудандарға тауар жеткізуді, тапсырыс беру бекеттерін ашуды және қала тұрғындары арасында e-commerce танымалдылығын арттыруды қолға алмақ.