Донор болу – өзге адамға екінші өмір сыйлаумен пара-пар. Адамзат баласының арманын сабақтап, жүрегіне үміт отын ұялатудың мәні мен маңызын біреу білсе, біреу біле бермейді. Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Дүниежүзілік қан доноры күні. Заманауи донор, ол кім?» тақырыбында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берілді.
Бүгінде елімізде қан құю саласында 470-тен астам медициналық ұйым еңбек етеді. Әр жыл сайын республикада 80 мыңға тарта науқасқа қан құйылады. Оларға шамамен 400 мың қан құю жүргізіледі. Еліміздің медициналық ұйымдары 100% қанмен және оның компоненттерімен қамтамасыз етіледі.
Осы жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов баяндады.
– Қан компоненттері көбінесе акушерлік тәжірибеде, онкогематологияда, хирургияда, травматологияда қолданылады. Қан алу және құю процесі өте ауыр жұмыс. Оған қан орталықтарында 300-ге жуық дәрігер мен шамамен 700 медбике, стационарларда 500 дәрігер тартылады. Тиімді қан қызметі мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін емес. Мемлекеттің қолдауымен 2008 жылдан бастап елімізде 10 жаңа заманауи қан орталығы салынды. Олар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, вирустық инактивация және карантиндеу технологиялары енгізілді», деді Б.Сарымсақов.
2005 жылдан бастап 14-маусымда әлемнің барлық елдерінде Дүниежүзілік Донор күні атап өтіледі. Атаулы күннің басты мақсаты – медициналық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ету мәселесіне қоғам назарын аудару, сондай-ақ қан донорларын құттықтау.
Бүгінгі таңда науқастарға жанашырлық көрсету үшін күн сайын мыңдаған ерікті қан орталықтарына барып, қан тапсыруда. Ұлтымыздың қанына сіңген мейірім мен қамқорлық соңғы уақытта айқын көрініс табуда. Алайда кез келген адам донор бола алмайды. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігі «Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дулат Имашпаев мәлімет берді. Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы біреудің өмірін бір тамшы қанмен құтқаруға көмектесе алады. Донордың ауыр созылмалы аурулары болмауы керек, салмағы кемінде 50 кг болуға тиіс.
– Донордың денсаулығын қан тапсыру алдында қан орталығының дәрігері қосымша тексереді, сондай-ақ донордың қанына зертханалық тестілеу жүргізіледі. Республика бойынша қан орталықтарында дайындау және өңдеу тәсілдеріне байланысты қан компоненттерінің 90 түрі дайындалады. Донорлық қанды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу шығарылатын өнімнің жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Донорлар үнемі келіп тұруы үшін, халықты қан донорлығы туралы барлық қолжетімді және ықтимал тәсілдермен хабардар етеміз. Бұл үшін ақпарат берудің әртүрлі жолдары қолданылады. Мысалы, елорданың орталық көшелерінде мотоцикл жарысы өтеді, онда донорлық символикасы бейнеленген жалауша, донорлыққа қатысты аудиоақпарат ұсынылады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада билбордтар мен аялдама павильондарында қан донорлығының көрнекі жарнамасы орнатылды», деді спикер.
Қан және оның өнімдері – жүктілік және босану кезінде қан кеткен әйелдерге, жарақаттары бар пациенттерге және операциядан кейін, онкологиялық аурулары бар адамдарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды ресурс.
Д.Имашпаев түйткілді мәселелер жайлы ой қорыта келе: «Қауіпсіз қанның оны құюға мұқтаж әрбір адамға қолжетімді болуы маңызды. Халықтың кеңінен және белсенді қатысуын қамтамасыз ететін қан донорлығының тиімді бағдарламасының болуы бейбіт уақытта да, төтенше жағдайлар мен апаттар кезінде де қажетті қан құюды уақтылы орындауға мүмкіндік береді. Қан донорлығының тиімді бағдарламасын дамытуға көп жағдайда жалпыға ортақ ынтымақтастықтың қолайлы әлеуметтік және мәдени ахуалы ықпал етеді. Бұл ретте қан донорлығы актісі қоғамдағы байланыстарды дамытуға және әлеуметтік келісімді нығайтуға көмектесетіні белгілі. Қан донорлығы – ынтымақтастық актісі. Биылғы атаулы күн «Донор болыңыз және өмірді құтқарыңыз» ұранымен өтті. Бұл адамдардың өмірін сақтап қалу және қоғамдағы ынтымақты нығайту үшін ерікті қан тапсырудың маңыздылығына назар аударуға бағытталған. Мексика 2022 жылғы Дүниежүзілік қан доноры күнін қабылдаушы тарап болады. Жаһандық іс-шара Мехикода өтеді», деді.
Донор болу – үлкен жүректі, мейірбан көңілді қажет ететін жоғарғы қасиет. Өзгенің өмірі үшін күресу ісі барлық ізгіліктің басында тұрған абзал қасиет. Содан да донорлар туралы тек 14 маусымда ғана айтылып қоймайды. Оларды насихаттау мен көптеген донорлар тарту жұмысы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, былтырғы желтоқсанда BloodDonation платформасы іске қосылған болатын. Мақсат – барынша көп адамды қамтып, оларды ерікті донор болуға ынталандыруға көмектесу. Сондай-ақ платформада донорлар үшін жақын маңдағы қан тапсыру орталықтары жайлы ақпарат ұсынылған. Бүгінгі таңда әлемде жақын жердегі донорлық пункттерден хабарлама алып отыруға 100 млн-нан астам Facebook қолданушылары келіскен. Бұл мәліметтерге қарап болашақта науқастардың өміріне араша түсуші кең жүректі жандардың бұдан да арта түсетініне шүбәсіз сенуге болады.