• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 17 Маусым, 2022

Бюджет қаражатының жартысы әлеуметтік шығынға жұмсалды

152 рет
көрсетілді

Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенаттың жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды.

Палата отырысында Президент Сенаттың Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұсы­нымы бойынша Жоғарғы Соттың судья­ларын сайлау мәселесі қарал­ды. Депутаттардың дауыс беру нә­тижесінде Досжан Әмір мен Қамбар Нұрышев Жоғарғы Сот судьялары қызметіне сайланды.

Сонымен қатар сенаторлар «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энер­гия тиімділігін арттыру, жер қой­науын пайдалану, жергілікті мем­ле­кеттік басқару және мемлекет­тік шекара мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқы­лымда қарады. Нәтижесінде, Сенат депутаттары заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды.

Атап айтқанда, сенаторлар көп­пәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум нысанын басқарудың жаңа тә­сіліне көшіру мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартуды ұсынды. Одан бөлек, Палата депутаттары Алматы қаласын дамыту мәселесіне назар аударып, жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның қызметі мен құзыреті туралы нормаларды нақтылау қажет екенін жеткізді.

Сенат енгізген түзетулердің қатар­ында Ұлттық ғылым академия­сының ұйымдық-құқықтық нысанын өзгертуге, оның негізгі өкі­леттіктерін айқындауға қатысты ұсыныс бар. Сондай-ақ «Ұлттық ғылым академиясының академигі» ұғымын бекітуге және академиктерге зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өмір бойы ай сайынғы стипендия белгілеу қажеттігі көрсетілген. Бұл нормаларды «Ғылым туралы» заңда нақты көрсету ұсынылды.

Сондай-ақ сенаторлар Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқары­луы туралы есептерін тыңдады. Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев­тың айтуынша, коронавирус пан­демиясы бірқатар кедергі кел­тір­генімен, 2020 жылмен салыс­тыр­ғанда іскерлік белсенділіктің жандануы байқалған.

«Ішкі жалпы өнім өсімі 4 пайызды құрады. Оған мынандай негізгі фак­торлар әсер етті. Көрсетілетін қыз­­­меттер секторындағы өсу же­дел­­деді. Экспорт өсуінің жоғары қар­­қыны есебінен сауда теңгерімі нығай­тылды. Өндіруші салалардағы жоға­ры инвестициялық белсенділік бай­қалды.

Экономиканың барлық базалық салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіп өнді­рі­сінің көлемі – 3,8 пайызға, құры­лыс саласы – 7,6 пайызға, көлік – 3,6 пайызға, сауда 9,2 пайызға өсті. Не­гізгі капиталға салынған инвести­циялар көлемі 3,5 пайызға ұлғай­ды. Инфляция деңгейі 8,4 пайыз­ды құрады. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысының мәлі­метіне сүйенсек, түсім 12,7 трлн теңгені құрап, 100,8 пайызға орын­далған. Ішкі жалпы өнімге қатысты бюджет тапшылығы 3,1 пайызды құрады. Шығыс 99,2 пайызға иге­ріліп, 15,2 трлн теңгеге жеткен. Әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен са­лыс­тырғанда 910 млрд теңгеге ұлғай­ған. Осылайша 7,5 трлн теңге­ден асқан. Бұл республикалық бюд­жет­тің жалпы көлемінің жартысына жуық.

«Трансферттерді есепке алма­ған­да кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге асыра орындалды. Бюджетке 7,4 трлн теңге түсті. Салық­тық түсімдер 7,1 трлн теңгені немесе жоспарға сәйкес 102,1 па­йызды құрады. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы кор­по­ративтік табыс салығына, шикі мұ­найға экспорттық кеден бажына және импортқа қосылған құн салы­ғына тиесілі.

Салық түсімдерін ұлғайтудың маңызды факторларының бірі – эконо­миканың біртіндеп жандануы және салықтық-кедендік әкімші­лендіруді жетілдіру. Соңғы 3 жылда салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша шаралардан бюджетке 2 трлн теңгеден астам қаражат түсті. 2021 жылдың қорытындылары бойынша Қытай Халық Республикасының экспорты мен Қазақстан Республикасының им­порты бағыты бойынша ста­тис­тикалық деректердегі алшақтықтар 40,5 пайызға дейін төмендеді», деді Е.Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы бюджет шығыстары 56 страте­гиялық бағытты қамтыған. Даму жоспарларының 263 индика­торына қол жеткізілді. Ұлттық жоба­лар мен мемлекеттік бағдарла­ма­ларды іске асыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер еткен екен.

«Өткен жылы 17 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пай­далануға берілді. Қалалар мен ауыл­дарда 5,3 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілері салынды. Жергілікті маңызы бар 1 287 шақырым автожол жаңғыр­тылды. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 3,7 млрд тон­наны құрады. Агроөнер­кәсіп­тік кешенде 24 мыңнан астам инвес­тициялық жоба субсидиялау­мен қамтылды.

Білім беру, денсаулық сақ­тау және мәдениет саласында пе­дагогтердің, дәрігерлердің, мәде­ниет және халықты әлеуметтік қор­ғау қызметкерлерінің еңбек­ақы­сы көтерілді. Тек осы мақсат­тар­дың өзіне шамамен 950 млрд теңге жұмсалды. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге 422 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді», деді Е.Жамаубаев.

Бұдан кейін Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылы әлемдік экономика пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды. Қазақстан экономикасы да 2021 жылы 4,1 пайызға өскен. Осылайша, індетке дейінгі мөлшерге жеткен. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы биылғы инфляциялық қысым геосаяси дағдарыстың салдарынан күшейгеніне тоқталды.

«Ақпан-наурызда теңгенің айыр­бас бағамының әлсіреуі және жоғары белгісіздіктің салдарынан шамадан тыс өскен тұтынушылық белсенділік байқалды. Оның салдарынан инфляция ақпандағы 8,7 пайыздан мамырда 14 пайызға дейін өсті. Жылдық мәнде 19 пайызға жеткен азық-түлік өнімдері бағасының өсуі де біршама үлес қосып келеді.

Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының артуына әсер етті. Олардың өсуі 11,9 пайызға дейін жеделдеді. Реттелетін қыз­мет бағасын өсіруге енгізілген мора­торийдің тежеуіш әсеріне қара­мастан, ақылы қызмет инфляциясы 9,1 пайызға дейін өсті. Сыртқы секторда геосаяси ахуалдың едәуір нашарлауынан сыртқы шоктың ел экономикасына салдарын барынша азайту, баға тұрақтылығын сақтау және жергілікті валютадағы активтерді қорғау мақсатында Ұлт­тық банк 2022 жылғы 24 ақпанда базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтерді.

Үкіметпен бірлесіп, жеке тұлға­лардың теңгедегі депозиттері бо­йынша өтемақыны бюджет қара­жаты есебінен төлеуді көздейтін Теңгелік салымдарды қорғау бағдар­ламасы жарияланды. Үдемелі сыртқы инфляциялық қысым, жал­ғасып келе жатқан ынталандырушы фискалдық саясат, тұрақты ішкі және сыртқы сұраныс, инфляциялық болжамдардың өсуінен 25 сәуірде базалық мөлшерлеме 14 пайызға дейін көтерілді», деді Ғ.Пірматов.

Сонымен қатар Ұлттық банк айырбас бағамының күрт ауытқуын және оның инфляцияға ауысуын шектеу шараларын қабылдаған. Нәтижесінде, айырбас бағамы күрт ауытқудан кейін өткен жылдың соңындағы деңгейге қайта оралды. Болжам бойынша 2022 жылдың соңында инфляция 13-15 пайыз деңгейінде сақталмақ.

Есеп комитетінің төрағасы На­талья Годунова тиімсіз қаражат жұм­салуына қатысты мәліметімен бө­лісті. Оның айтуынша, құқық қор­ғау органдарына 121 материал жолданған.

«2020 жылға қарағанда 2021 жылы бұл саладағы талаптарды бұзу деңгейі 27 пайызға азайды. Есепті кезеңде тиімсіз жұмсалған қаражат сомасы 413 млрд теңгені құрады. Оның ішінде қаржы сала­сындағы талаптарды бұзу бағы­тында 79 млрд теңге анықталса, со­ның 85 пайызы бухгалтерлік есеп­ке қатысты. Тиімсіз жоспарлау мен пайдалану тұрғысында 200 млрд теңгеден астам қаражат тіркел­ді. Республикалық бюджетке қайта­рылған сома 17 млрд теңгені құра­ды. Бақылау шотындағы қалдық қаражат 47 млрд теңге.

Кейінгі үш жылда Есеп комитеті құқық қорғау органдарына 121 материал жолдады. Соның арасында 56-сы былтыр қарастырылды. Қазіргі кезде 32 материал қаралып жатыр, сотқа тек 3 іс жіберілді. Осы орайда материалдың біразы бойынша тергеу амалдары қайта қозғалды. Атап айтқанда, жүргізілген аудитке қатысты Үкімет анықталған кемшіліктерді түзету бағытындағы жұмыстарды атқарып жатыр», деді Н.Годунова.

Отырыс барысында былтыр республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалғаны атап өтілді. Дегенмен депутаттар бюд­жет қаражатын жұмсаудың тиім­ділігін одан әрі жақсарту мәселесіне тоқталып, халықтың әл-ауқатын арттыруға кері әсер ететін бірқатар маңызды және жүйелі проблемаға назар аударды.

Сенат Төрағасы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын тілге тиек етті. Соған байланысты қазір биліктің барлық тармағы Мем­лекет басшысы белгілеп берген мақ­сат­тарға қол жеткізу жолын­да күш біріктіруі керек екенін айтты. «Жаңа кезеңде мемлекет қар­жы­сын жұмсаудың және рес­публи­калық бюджетті орындаудың тиім­ділігін арттыруымыз қажет. Осы бағытта жаңа ұстанымдар мен прин­цип­тер керек», деді Палата Төрағасы.

Бұдан басқа ол еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі өңірлердің дамуын жаңа деңгейге көтеру екенін айтты.

«Облыстарда инфрақұрылымды жетілдіру, коммуникацияларды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу, тұрақты жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арт­тыру бағыттары бойынша ауқым­ды жұмыс атқарылуға тиіс. Консти­туциялық өзгерістердің аясында Сенат өңірлердің мәселелерін қарас­ты­ратын негізгі институт ретінде анықталды. Алдағы уақытта осы ба­ғытта Үкіметпен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, 2021 жылғы бюд­жеттің атқарылуы туралы есеп 2022 жылғы 20 маусымда өте­тін Парламент Палаталарының бір­лес­кен отырысында қаралып, қоры­тын­дыланады.