• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2022

Шалғайдағы ауылдың шамы сөнбесін

617 рет
көрсетілді

Жалпы, Жетісудың жалпақ аймағына екі облыс сыйып жатыр. Ежелден мұңы да, сыры да ортақ болғаны бар, тағдыры да тоқайлас екені және анық. Әрі енді ғана еншісі бөлінген Жетісу мен Алматы облыстарына тән жетістіктер мен мәселелерді бірден бөліп қарастыруға ертерек болса керек. Көп жағдайда өңірдің тынысы егіз қозыдай ұқсас қалпында өрбитіні де сөзсіз.

Мәселен, шекаралық аудандарға тән проблема екі өңірге де ортақ. Және бұл жағ­дайдың түп-төркі­нін бұр­нағы кезеңнен бері тарат­қан жөн. Өйткені тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында алып аймақта бірнеше аудан оңтайланып, жабыл­ған болатын. Атап айтқанда, Жетісу өңіріндегі Қапал, Үйгентас, Қоғалы, Нарынқол сынды шекаралық аудандар бір жылда таратылып, көрші аудан­дарға қосылған. Араға ұзақ жылдар салып Нарынқол аумағы ғана жеке бөлініп, өз алдына мәртебеге ие болды. Бұл – Қытай елімен арадағы негізгі қақпа сынды тірек аймақ еді. Қазір Райымбек ауданы жаңаша сипатта дамып келеді. Бірақ біздің әңгі­мемізге арқау болатын басқа аудан, басқа ауыл бұл жолы. Өкінішке қарай, шаруасы шатқаяқтап тұрған шалғай ауылдың тағы бірі де...

«Егеменнің» елдегі өкі­ліне Жұмағали Тұрсынұлы есімді ақсақал хабарласып, өзінің туып-өскен ауылы­ның аянышты халін айтып, тұрғындардың жанайқайын жоғарыға жеткізуді өтінген еді. Ақсақалдың туған ауылы Ақтөбе – қазір Ақсу ауданына қарайды екен. Оңтайландыру жылдарында жабылып қалған Қапал ауданының ең шет­кі нүктесі саналатын шағын ауыл Қытаймен шектесетін аумақта жатыр. 1997 жылы Ақсу ауданына қосылған ауыл бүгінде тозып, жойылуға шақ тұр. Тау арасындағы елді мекенге жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болады. Әрі ортада арынды Ақсу өзені ағып жатыр. Әупіріммен тұрмыс кешіп отырған ауыл­дың тұрғындарына осы асау өзеннің үстіне салынған көне көпірдің өзі күн сайын қауіп төндіреді екен.

– Алыстағы ауылға апаратын жолдың машақатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тек жол талғамайтын көлік­тер­мен, өгіз аяңмен ғана шо­қа­лақтатып жетеміз. Қазір шалғайдағы шекаралық елді мекендегі 21 үйде жүз шақ­ты адам ғана қалды. Қысы-жазы жол қатынасы қиын. Көлік иелері қойдың құнын берсең де, Ақтөбе ауылына барудан ат-тондарын ала қашады. Ал аудан билігі уәде еткен жолдың жыры ше­шімін таппай келеді. Осы жолды кесіп ағатын Ақсу өзенінің үстіндегі өткелді қия­меттің қылкөпірімен ғана са­лыстыруға болатын шығар. Өткел 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тек мүл­де жүруге жарамсыз болып қалғанда, жұрт шу­лаған­да реттеп қойған болады. Онда да ауыл тұр­ғын­дары өз күштерімен жөндей­ді. Маман­дар бұл көпірді мүл­дем сүріп тастап, жаңадан темірбетон материалдармен қайта салу керегін айтқан. Бірақ оған көңіл бөлінбей келеді, – дейді Жұмағали Тұрсынұлы.

Жол қатынасының на­шар­лығы ауылдағы ауру-сыр­қауы бар жандарға тіптен қиын болып отыр. Ақтөбе ауылы қарайтын Суықсай ок­ру­гіндегі дәрігерлік амбу­ла­­­торияның меңгерушісі Роза Есерманованың айтуын­ша, науқас тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмекті жолай қатынаған адамдардан беріп жібереді. Ал ауылда жаңа туған бала мен жас босанған анадан бөлек диспансерлік есепте тұратын да жандар бар көрінеді. Мысалға, ауылдың үш бірдей тұрғыны қан қы­сымының жоғарылығына байланысты арнайы есепке алынған. Оларға мезгіл сайын медициналық көмек көрсету керек, бірақ үнемі олай бола бермейді.

Тау арасының табиғаты да қатал келетіні бар. Ал ауыл тұрғындары үшін қыста көмір тасымалдау бір азап дейді кейіпкеріміз. Тіпті ауылдағы шағын мектепті жылытудың өзі үлкен мәселеге айналады-мыс. Мәселен, мектебіне қыс­қы маусымға 10 тонна көмір қажет екен. Осы отынды тасымалдау кезінде ауылға жете алмаған жүк көлігі кө­мір­ді ескі көпірдің арғы беті­не төгіп, түсіріп кетуге мәж­­бүр болады. Ал мектеп ұжы­мы оны жабылып тасуға кірісе­тін көрінеді.

Ауылдағы электр желісі мен бағандарының да тозы­ғы жетіпті. Ұзындығы 26 ша­қырым болатын желінің сымы жиі-жиі үзілсе, атам заманда қойылған ағаш бағандар шіріп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар әуелі жарық қай күні сөнеді деп емес, басымызға баған құлап, үзілген сымнан тоқ ұра ма деп қауіптенеді.

Айтпақшы, ауылдағы ша­ғын мектепте 4 бала ғана оқи­ды. Жастар да қалмай бара­ды дейді ауыл азаматы. Өйткені ауылда тиянақ қылар, табан тірер өркениеттің нышаны да жоқ. Телефон байланы­сы нашар, интернет мүлдем тартпайды. Соған қарамастан ауыл­да өмір бар, тіршілік жал­ғасуда. Ақсу аданы әкім­дігі­нің мәліметінше, осы Ақтөбе ауылы­на 2024 жылы жаңа­дан дәрігерлік қосын салынбақ. Сондай-ақ өңірдегі қуат желісін басқаратын «ТАТЭК» компаниясы барлық электр бағанын ауыстыруға уәде еткен. Ал Ақтөбеге дейінгі ауыл­­дар – Ащыбұлақ пен Суық­­сай арасындағы 9,6 ш­а­қыр­ым жолды жөндеудің жобасы жасалған. Жол жасалса, кезек біз сөз еткен ауылға да жету­ге тиіс. Жалпы, Ақтөбе ауылын­да 198 бас сиыр, 119 жыл­қы, 600-ден астам қой-ешкі бар. Бірақ төрт түлікке қажет жайы­лым­дық жер жетпейді-мыс. Бұл енді Ақсу ауданына ғана емес, мұқым Жетісу облысының аумағына тән проблема.

Түйіндей айтқанда, мем­лекеттік шекара сызығы өтетін аумақтағы ең шалғай ауылдың болашағы қалай болатынын қазір тап басып айту қиын. Ауыл жанашыры Жұмағали Тұрсын­ұлы көтерілген мәсе­леден аудан, облыс басшы­лығы толықтай хабардар еке­нін, бірақ жағдайды тү­зеуге жергілікті бюджеттің қау­қары жетпейтінін айтады. Яғни ақтөбеліктер бұған Мем­лекет басшысының өзі назар аударса дейді. Өйткені шалғайдағы ауылдың шамы сөнсе, шекараның бұл шебі бос қалады деген қауіп бар.

 

Жетісу облысы