Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – еліміздің руханият ордасы, ғылым, білім мен ақпарат кеңістігінің орталығы ретінде көпке танымал. Алматылықтар ғана емес, алыс-жақыннан келген ғалымдар, мыңдаған оқырман қауым бас қосатын кітапхана талай ғасырлардың куәгерлеріндей ұлттық құндылықтарды өз қорында сақтап, өскелең ұрпақтың қажетіне жаратуда. Өзінің саналы ғұмырын осындай оқу мен білім ордасында жұмыс істеуге арнап, қазір осы іргелі мекеменің директоры қызметін атқарып отырған еліміздегі бас кітапханашылардың бірі – Бақытжамал Оспанова. Біз қадірлі әріптесімізді кітапхана ісінің ақпараттық, ғылыми-әдістемелік орталығы – Ұлттық кітапханасының басшысы ретінде ғана емес, еңбек жолын қатардағы кітапханашылықтан бастаған және 40 жылдан астам осы салада еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген қайраткер ұстаз ретінде де құрмет тұтамыз.
Еліміздегі кітапхана ісінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан замандасымыздың өмір жолы көз алдымызда. Бақытжамал Қайырбекқызы 1962 жылы 13 маусымда дүниеге келген. Өзінің алғашқы еңбек жолын 1979 жылы Қостанай облысының Наурызым аудандық кітапханасында қатардағы кітапханашы болып бастағаны да күні кеше сияқты еді.Ол 1983 жылы Қостанай мәдени-ағарту училищесін бітіріп, аға кітапханашы, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы, Қостанай облысы Наурызым аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы болып қызметтерін жемісті атқарды.
Ал 1987 жылдан бері қайраткер әріптесіміз Ұлттық кітапханасында еңбек етіп келеді. Тұрақты ізденіс пен білімін жетілдіруге деген ынта-ықыласының арқасында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын 1997 жылы «Кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған Б.Оспанова республиканың бас кітапханасында оқырман қауыммен жүздесіп, ой бөлісіп келе жатқанына да 35 жыл болған екен.
Табиғатынан кез келген іске тындырымды, табанды еңбегі, ұдайы ізденісі мен талпынысы және өзінің мамандығына деген ерекше құрметі мен сүйіспеншілігі Бақытжамал Оспанованың қолына 2019 жылдан бастап Ұлттық кітапхананың директорлық қызметінің тізгінін ұстатты. Ол сонымен қатар Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы, Мәдениет саласының үздігі.
Бақытжамал Қайырбекқызы қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап, кітапхана саласындағы көптеген мәселенің жедел шешімін тауып, жаңа арнаға бетбұруына ұйытқы болды. Ол өзінің білімі мен тәжірибесін ғасыр жасаған Ұлттық кітапхананың дәстүрлерін сақтауға және одан әрі дамытуға, кітапхана қызметін жан-жақты жетілдіруге, заманауи кітапхананың имиджін қалыптастыруға аянбай жұмсап келеді. Ұлттық кітапхананы ақпараттық орталық ретінде дамытуда қуатты серпіліс жасады.
Басшымыз заман талабына сай жұмыс үдерістеріне жаңа технологияларды енгізіп, соның ішінде жаңа отандық WЕВ-РАБИС ақпараттық-кітапханалық жүйесін құрастырып, оны республика кітапханаларында игеруге көмектесе білді.
Осындай серпілістің нәтижесінде Б.Оспанованың жетекшілігімен кітапханалық тәжірибеге басқа да жаңа инновациялық жобалар енгізілуде. Бүгінгі таңда Ұлттық кітапханада жалпы кітапхана мамандарының кәсіби білімін арттыру мақсатында «Каталогизатор мектебі» және «Қалпына келтіру және консервациялау мектебі» атты жобалар табысты жүзеге асырылуда. Еліміздегі кітапхана мамандары осы мектептерден өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтап, жоғары деңгейге көтеріліп, жаңа қырынан танылып жатқаны қуантады.
Кітапхана оқырмандарына қызмет көрсету әдістерін жаңартып, кітапханаға және кітап оқуға оқырмандарды тартуға, қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосты. Ол пайдаланушылардың жан-жақты дамуына, өз деңгейін көтеруге және өзара сұхбаттасуларына мүмкіндіктер жасап, олардың оқуға ыңғайлылығы мен жайлылығын кеңейтуге бағытталған қолданыстағы кітапханалық ақпараттық технологияларды, сервистер мен қызметтерді жаңартуға ерекше назар аударды.
Бақытжамал әріптесіміздің қызмет бабындағы байқампаздығы мен ішкі интуициясына еріксіз бас иесің. Басшымыздың кітапхана ісінің өркендеуіне ұжымнан өзі таңдап, жолдарын ашқан Ф.Бектурбекова, Ф.Сыдықжанова, Г.Енсебаева, М.Әбілова, Ж.Тоқтарова сияқты мамандардың өз міндеттерін біліктілікпен атқаруы ұстаз үшін қашанда мақтаныш.
Бақытжамал Оспанова кітапхана мамандарын тәрбиелеумен қатар «кітапхана ардың ісі, адамгершіліктің айнасы, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалау» деген қағидасын әрдайым алға тарта отырып, қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, талабын күшейтуді жіті назарына ұстанып,Ұлттық кітапханада ақпараттар тасқыны арындаған заманда жедел ақпараттар алуға, олардың қысқа да нұсқа болуына, іздегенін тез табуға оқырмандар үшін барлық мүмкіндік жасалған.
Бақытжамал Оспанованың бастамасымен кітапханада қалың оқырман қауымға ұлттың мәртебесін көтеретін рухани дүниелерді жаңғыртуға ден қойылды. Соның бір дәлелі бізде «Абай әдеби орталығы» мен «Әл-Фараби ғылыми орталығының» ашылып, ұлы тұлғалардың асыл мұрасының оқырмандарға қолжетімді болуы. Бұл орталықтардың басты мақсаты – Ұлы даланың біртуар қайраткерлерін халыққа таныстыру болып табылады. Осы орталықтарда кітапхана қорындағы мол Әл-Фараби мен Абайға арналған құжаттар толық қамтылған және ашық қор ретінде оқырмандар үшін барынша қолжетімді. Сан түрлі мәдени шаралар өткізіледі, теледидарға белгілі тұлғалармен сұхбаттар түсіріледі. Бүгінгі таңда бұл орталықтар оқырмандардың қызығушылығын арттырып, ашық ой-пікірлер алмасатын диалог алаңына айналды.
Бақытжамал Оспанованың белсенді еңбегі мен ұтымды ерік-жігері арқасында кітапхана мамандары заман ағымына байланысты кәсіби біліктілікті дамыту мен шыңдауда әлемдік деңгейдегі беделді конференциялар мен форумдарға жүйелі түрде қатысады. Мәселен, 2019 жылы Грецияның астанасы Афинада өткен «Кітапханалар: өзгерістерге арналған диалог» атты 85-ші Халықаралық кітапханалық және ақпараттық конгресіне еліміздің отыздан астам кітапханашының қатысқанын мақтанышпен айтуға болады.
Қазір Ұлттық кітапхананың көкжиегі кеңейіп, әлем кітапханашыларының даму көшіне қосылды. Халықаралық конгресс аясында Бақытжамал Оспанованың бастамасымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай – Ұлы даланың ақыны» атты әдеби кеш өткізілді. Бұл шарада шақырылған шетелдік қонақтарға Қазақстан Республикасының Грециядағы елшісі А.Ю.Волков пен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б.Оспанова мазмұнды баяндамалар жасады. Елімізден барған кітапханашылар ежелгі өркениет орталықтарының бірі болған Афина қаласының төрінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының әлем тілдеріндегі өлеңдерін тебіреніспен оқыды, әндерін шырқады, кітап көрмесімен таныстырды және ұлттық тағамдармен қазақтың дастарқанын жайып, әсерлі сұхбаттар жүргізді.
Ұлттық кітапхананың басшысы ретіндегі міндетіне терең жауапкершілікпен қарай отырып, Б.Оспанова халықтың рухани игілігі үшін еліміздің кітапхана ісін нығайту жолында күш-жігерін аямай еңбек етіп, өзін жан-жақты таныта білуде. Оның еңбекқорлығы, қайырымдылығы, жайдары мінезі, үздіксіз үйренуге деген құлшынысы және жоғары ұйымдастырушылық қабілеті әрбір ісінде байқалып тұрады. Ол 2019 жылдан бастап Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы болып сайланды. Бұл ұйым республика кітапханаларының жұмысын үйлестіру және шоғырландыру мақсатында құрылған. Осы жауапты да маңызды қызметті атқаруда еліміздің кітапхана ісіне байланысты өзекті мәселелерді күн тәртібіне ұсынып, билікке жеткізіп, заман талабына сай дамыту мен кітапханашы мәртебесін көтеруде барынша іскерлік қабілетін көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда аталған Кітапханалық одақтың белсенді араласуымен кітапханашылардың жалақысы көтерілді, кітапханашы күні республикалық деңгейде белгіленді. Кітапханашының еңбегін бағалау мақсатында «Үздік кітапханашы», «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілермен марапаттау қолға алынды.
Ел руханиятына жанашыр басшы Б.Оспанова 2020 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасына 110 жыл толуын атап өтуді лайықты ұйымдастыра білді. Айтулы мерекелік шарада Бақытжамал Оспанова жұмыс қабілеті мен іскерлігін көрсетіп, «Қазақстан кітаптары» қызметінің оқу залына Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тұңғыш директоры – Ораз Жандосовтың есімін беріп, ақпараттық стенд жасатып, кітапхана қорынан «Мәдениетті өркендеткен Ораз» атты кітап көрмесін оқырмандар назарына ұсынды.
Мерейтойлық іс-шара аясында Ұлттық кітапхананың тарихында есімі алтын әріппен жазылған бұрынғы басшыларымыздың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Роза Бердіғалиева атындағы «Кітапханатану залының» ашылу рәсімі өткізілді. Тағы бір елеулі шаралардың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы тарихи музейінің салтанатты ашылуы болды.
Байқап қарасам, Ұлттық кітапхананың 110 жылдық ұлағатына қаншама тарих, уақыт, ұлылық пен өркениет сыйып тұр. Басшымыз Б.Оспанованың «Өткенді сақтай отырып, болашаққа жол ашамыз» қағидасы ұлттық рухқа дем береді, бүгінгі жас ұрпақты беделді тұлғалардың үлгісімен тәрбиелейді. Өткенге құрметпен қарау мақсатында кітапханадағы ашылған залдар соның дәлелі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылы коронавирустық пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Осындай қиын-қыстау кезеңде Бақытжамал Оспанованың жетекшілігімен кітапхана пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа форматы онлайн-режімге көшірілді. Оның бастамасы бойынша әлеуметтік желілерде онлайн-жобалар, кәсіби дәрістер, шеберлік сыныптар, елімізге танымал мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлерімен, сондай-ақ белгілі зиялы қауым өкілдерімен оқырмандарға тікелей эфирде маңызды да пайдалы әдеби шолулар мен кездесулер, сұхбаттар жүзеге асырылды. Оның ішінен атап айтатын болсақ: «Нағыз оқитын кез», «Кітапханадағы кездесулер», «Дара тұлғалар дауысы» және т.б. ауқымды жобаларды пайдаланушылар жылы қабыл алып, алғыстарын білдірді.
Мұнда да ол өзінің «Еліміздегі жақсы кітапхана – жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, рухани байлықтың қайнар көзі, ұлттық игіліктің нақ өзі» деген қағидасымен әріптестерін заман талабына сай барлық жаңалықта дайын болуды үйретіп, біліктіліктерін шыңдады.
Концептуалды ойлау қабілеті жоғары таңғаларлық мейірімді Бақытжамал Оспанова әрқашан жемісті қарым-қатынас пен ынтымақтастыққа ашық. Оның дәлелі әлем кітапханашыларының конференциясы мен семинарларына қатысып «Цифрлы ғасырдағы кітап және кітап оқу», «Кітапханалар мен баспаханалардың сандық кезеңдегі халықаралық байланыстары», т.б. маңызды баяндамалар жасады.
Бақытжамал Оспанова елімізде өтетін жыл сайынғы мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалінің кітапхана саласы бойынша қазылық қызметін белсене атқарып, өзінің үлесін қосуда. Осындай сан қырлы жауапты басшылық қызметті атқара жүріп, ол «100» қайраткер әйел: анықтамалық-энциклопедиясына, «Эдельвейс» баспа үйі жарыққа шығарған «Қазақстанның үздік әйелдері» атты кітабына енгізілді және арнайы «Лучшие женщины Казахстана» медалімен, еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды.
Осындай қызметтегі үлкен жетістіктің барлығы ел мәдениетінің ардақты тұлғасы Бақытжамал Қайырбекқызының кітапхана мен мәдениетке деген адалдығын, биік азаматтық болмысын көрсетеді және оның өзі таңдаған мәртебелі мамандығына деген зор құрметінің белгісі деп білеміз.
Қаншайым ИЗАМБЕКОВА,
Қазақстан кітапхана ісінің ардагері