• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Маусым, 2022

Мәңгілік өмір кейіпкері

398 рет
көрсетілді

Ажалға айла жүрмейді. Осы ой санамызда қылаң берсе, әуелі Қорқыт ата еске түседі. Түркі өркениетінің темір­қазығына айналған алып тұлғаның аңызы – рухани кеніш. Әсіресе қазаққа жақын секілді. Ертегі мен әпсанадан бас­тап, шындыққа тамыр жаяр ойлы оқиғалардың желісіне ертетін әңгімелер әсерлі әрі әдепті. Пайғамбарлар дәуі­рі­нен басталған хамса жыр мен бояудан әлі де ұйқас іздейді.

Талғампаз суреткер Әбдіра­шит Сыдыханов батыстық мәнерде реалистік бірнеше туын­дымен қатар мифке иек сүйейтін түрлі шығарма жазды. Оның жеке әлеміндегі ең басты ерекшелік – түстер траектория­сы. Яки, бейнелеу өнерінде бірінші кезекте әсер беретін, визуалды түрде эмоцияға бө­лейтін, сезу мүмкіндігін сыйлайтын – бояу. Бұл – айдан анық!

Түс қашанда үлкен мағы­налы символдың рөлін ат­қарады. Тіпті адамды бастапқы кезеңмен, ата-тегімен және олардың ойлау қағидасымен үндестіреді. Бояу – суретші үшін адамның жан-дүниесін, сезімдері мен ойын еркін бере алатын құнды құрал.

Мәселен, «Қорқыт ата» кар­тинасы 1992 жылы жа­рық­қа шыққан. Мұнда сол кезеңнің түсі бар. Суреткер аты аңызға айналған Қорқыт ата бейнесін үлкен философиялық мағынамен ұштастырады. Мұндағы идея – мәңгілік өмір.

Композицияда Қорқыт аспанда, бейне бір шексіз ға­ламда нар үстінде қыл­қобы­зымен әуендете қалықтап ұшып барады. Мөлдір, ашық түстермен берілген ақ сақалды әулие Қорқыт бақсы, мәңгілік символы ретінде берілген. Қолындағы қоңыр, қою-қызыл түсті қасиетті аспабы қылқобыз – сол әлемге жолдайтын жол, есігін ашатын кілт іспетті.

Бақсаңыз, салалы саусақ­тарынан, алтын түсті нұрлы іше­гінен шыққан әуен – өкі­ніш пен қайғы, өмірдің уақыт­пен ғана өлшенетін қысқа жолы. Ал көк­шіл-қара аспан, жыл­тылдаған ақ түспен түрт­кен нүктелі дақтар шоқ жұл­дыз­дарды еске түсіретін тұң­­ғиық әлем, яғни – шексіздік, өмір­дің жалғасына айналған символ белгі. Қорқыт ата образы – мәңгілік өмірдің кейіпкері. Күрделі композицияның негізгі кілті осы.