Жетісудың інжу-маржаны саналатын Алакөл жағалауында қауырт тірлік басталды. Мұнда жазғы маусым ашылып, шипалы көлдің суына шомылушылардың алды келіп жатыр. Биыл миллионнан астам адам жағажайда демалады деген болжам бар. Ал былтыр Алакөлде 1 млн 400 мың адам демалып, 8,5 млрд теңгеге туристік қызмет көрсетілген екен.
Алакөл – өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ. Сондықтан өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту басты міндет. Оның ішінде Алакөлге апаратын жолдарды жөндеу де басымдықтардың бірі болып отыр. Жалпы, Алакөл жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылған. Оларда жалпы саны жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Бүгінде жағалауды қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдарында жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалуға тиіс. Әзірге қоршалған жердің аумағы 770 метр шамасында екен.
Сол сияқты жағалаудағы 210 туристік нысанның орталық кәріз жүйесіне қосылуына мүмкіндік туды. Жүйенің үшеуі орнатылған. Енді бесеуі жақында іске қосылмақ. Жоспар бойынша қарашада құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Қазір қысымын тексеру, іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен жобаның ІІ кезегін іске қосу сәл кешеуілдеуде. Мәселен, тәулігіне 6,5 мың текше метрлік кәріз тазарту құрылғысын салу демалыс нысандарынан шыққан пайдаланылған су ағынын тазарту мәселесін шешуге тиіс.
Бүгінде Ақши ауылын сумен қамту мәселесі шешілген. Өткен жылы желтоқсанда жағалаудағы су жүйесі іске қосылған. Қазір Тоқжайлау, Қоңыр, Бибақан, Кеңес ауылдарына су тартудың қажетті құжаттары әзірленуде. Теректі, Лепсі, Көктұма, Бұлақты ауылдарындағы су жүйесі қайта жаңғыртылады. Мұнан бөлек Ақши ауылына электр желісін тартуға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 67,4 шақырым желі жүргізіліп, қайта жаңғыртылады. Мамандар мұндағы электр тұтыну қажеттілігі 10 МВт болса, бұл шара оны әлі де толық көлемде жабуға жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан тағы 1 жобаға құжат әзірлеуге қаржы бөлініп отыр. Яғни Бескөлден Ақшиге дейін және Ақши – Көктұма – Ақтоғай бағытында екінші линияны тарту керек. Осы желілердің әрқайсысы үшін қолданыстағы қосалқы стансаларды қайта жаңғырту қажет. Ал қыста жинақталатын артық электр қуатының тапшылығы бар Достық бекетіне бағыттау межеленіп отыр.
Сондай-ақ Үшарал әуежайында ұшып-қону жолағы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар аяқталғанда Үшаралға үлкен ұшақтар да еш кедергісіз қатынамақ. «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалтай Дөңсебаевтың айтуынша, ұшақ қонатын жол толықтай жаңартылып болып қалды. Құрылыс компаниясы жұмыстарын алдағы шілде айының ортасында толықтай бітіреді деп жоспарланып отыр. Сонда күніне 8 рейс қатынап, 500-дей жолаушы қабылданатын болады.
Айтпақшы, Талдықорған – Өскемен автожолының жай-күйі, құрылыс жұмыстарының қазіргі ахуалы облыс әкімдігінің басты назарында екен. Жақында Алакөл ауданына арнайы сапармен барған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкіліне құрылысқа тиісті техникалардың көптеп тартылуын, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Жалпы, жол, бірінші қабатты асфальт төсемі биыл төселіп бітуге тиіс, басты көпірлердің құрылысы да аяқталуға жақын екен. Енді жолмен көлік қозғалысын жүргізуге болады. Ал асфальттің негізгі қабаты келесі жылы төселеді. Яғни Талдықорған – Үшарал бағытындағы жолдың игілігін көретін уақыт алыс емес.
Осы сапарында Алакөл жағасында қажетті инфрақұрылымдарды жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдерімен сөйлескен Бейбіт Исабаев бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға жол берілмейтінін қадап айтты. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаның алғашқы нұсқасына түзетулер енгізу керектігін алға тартқан «Көлсай Строй» ЖШС мердігер компаниясына ұсыныстар тиісті құжаттармен дәлелденіп, негізделуі керектігін ескертті.
– Осындай ірі жобалардың конкурсына қатысар алдында кез келген компания өз мүмкіндіктерін шынайы бағамдауы керек. Жұмыс көлемі, кадрлар саны мен біліктілігі, техниканың мүмкіндіктері – бәрін де салмақтау керек. Барлық тәуекелдерді, соның ішінде баға өсімін де зерделеуге тиіс. Соның бәрін конкурсқа дейін түсініп, шешіп алу керек еді. Жобада жоспарланған 10 млрд теңгенің алғашқы траншын келісімшарт бойынша алдыңыздар. Бұл бюджеттің қаржысы, халықтың ақшасы. Жұмыстың 8 айдай тұрып қалғанын, тиісті жұмыс көлемі орындалмағанын халыққа қалай түсіндіреміз? Жобаға түзету енгізу туралы өтініштеріңіз негізді ме, жоқ па, алдымен қараймыз. Нақтыланса, қолдау көрсетуге әзірміз. Басқаша болған жағдайда қатаң шаралар қабылдайтын боламыз, – деді Бейбіт Исабаев.
Жетісу облысы