Жетісудан енші алған Алматы облысының негізгі арқа сүйері өндіріс ошақтары екенін мамандар саралап отыр. Яғни енді аймақ экономикасының дамуына аумақтағы ірілі-ұсақты өндіріс орындары сеп болмақ. Өйткені облыстың өнеркәсіп өнімі көлемінің 35 пайызын осы аудан шығарады.
Ауданда 309 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 245 кәсіпорын өңдеу өнеркәсібін өркендетіп отыр екен. Ал өткен 5 айда ауданда 241,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 19,2 пайызды құрапты. Экономикалық дамудың көшбасшысына айналған «Филип Моррис Казахстан», «Джей Ти Ай», Raimbek-Agro, Galans Bottlers, «Первый пивзавод», «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» сияқты алты жүйе құраушы кәсіпорын осы Іле ауданында орналасқан. Аталған өнеркәсіп өндірісі аудандағы өндіріс көлемінің жартысынан астамын шығарады, яғни 54 пайызға жеткен. Нәтижесінде, жергілікті бюджетке түсетін түсімдері де қомақты, ол үлес 42 пайызға жеткен. Жалпы, 2026 жылға дейін Алматы өңірінде жалпы құны 1 трлн теңге болатын 134 инвестициялық жобалар пулы құрылуда. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 9 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Мұндағы Іле ауданының үлесі орасан. Ал аудан инвестиция тарту бойынша 17 пайыз үлеске ие, бұл облыстағы екінші орын. Сол сияқты ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы көңіл бөлінген. 2021 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 213 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Іле ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 71,5 мың гектарды құрайды. Сол сияқты жалпы алаңы 6,9 гектар болатын 36 жылыжай бар, өндіріс қуаттылығы жылына 190 тонна, алайда 25 жылыжай жұмыс істемей тұр екен. Суармалы жерлерді ирригациялық желілермен қамтамасыз ету үшін биыл «Самбет» 1,8 мың гектар және «Свиносовхозный» 484 гектар магистралдық арналарын қалпына келтіру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, ауданда 60,7 мың бас ірі қара бар. Соған сәйкес бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын көбейту міндеті күн тәртібінде тұр. Облыстағы 11 құс фабрикасының төртеуі осы ауданда. Өңірдегі құс еті мен жұмыртқа өндірісіндегі ауданның үлесі қомақты.
Әрине, ауданда жайылымдық жердің жетіспеушілігі, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, білім мен денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызы зор бағытта шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 5 412 адам тұр. 2021 жылы Өтеген батыр кентінде 618 млн теңгеге бір 60 пәтерлі несиелік үй салынған. Ал биыл ауданда 161,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты мегаполиске жақын орналасқан ауданда үш ауысымды мектеп мәселесі де өзекті. Бүгінгі таңда облыста осындай 54 мектеп болса, оның жиырмасы Іле ауданында, яғни 3 384 оқушы орнына тапшылық бар. Осы мәселені шешу мақсатында 2021 жылдан бастап 5 100 оқушы орнына арналған 4 мектептің құрылысы Боралдай, Жаңаталап, Көкқайнар, Междуреченск ауылдарында жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны – 16 млрд теңге, осы жылы 12 млрд теңге бөлінді. Биыл Жаңаталап ауылындағы мектеп қолданысқа беріледі, басқа мектептердің құрылысы 2023 жылы аяқталады деген үміт бар.
– Жалпы, Іле ауданында шешімін күткен мәселелер баршылық. Соның ішінде жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту жұмыстарын тұрақты жүргізу керек. Сыртқы нарыққа бағдарлана отырып, сапалы ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін жаңа технологияларды белсенді енгізу де маңызды. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану жұмысын жандандыру керек. Жердің нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге енді жол берілмейді. Қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтай отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерін беру және жер деректерін цифрлау бойынша қажетті шаралар қабылдаймыз. Халықты орталықтандырылған сумен, су бұру жүйесімен және газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алып отырмыз, – дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алматы облысы