Жазға салым Қарабас тауындағы арқар біткен Тарбағатайдың биігіне қарай ойысатын. Шекара шебіндегі шоқыда ақсақ-тоқсағы ғана қалар еді. Кейін «Тарбағатай» ұлттық табиғи паркі құрылып, арқардың дені Қарабастан аумайтын болды. Қорғауда екенін жарықтық жануар да сезеді ғой. Көктемде ғана инспекторлар Қарабастан елу шақты арқар санаған.
«Тарбағатай» ұлттық табиғи паркі инспекторларының жұмысы аң санақпен ғана шектелмейді. Аумақтағы әрбір аң мен құсты кәдімгідей қорғауларына алған. Қыл аяғы, қыртысты тау сілемдерінің қай қуысын қандай аң мекен ететіндеріне дейін біледі. «Әнеу жерге аққу қонған, мынау жерде екі-үш елік жүр...» деп отырады. Бірақ қай жерде нендей аң мекен ететінін тәптіштеп біз жазбаймыз. Бұл – инспекторлардың өтініші. Қалай дегенмен, қару асынған екі аяқты пендеден келер қауіп жоқ емес.
Әнеугүні бірқатар инспекторлар жоспарлы түрде Қарабас тауын аралап қайтқан. Қарабас тауы Тарбағатай тауларының оңтүстік беткей жағында жеке дара тұрған төбе. Төбе дегенімізбен, ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1 200 метр. Мұнда сүтқоректілердің 15-ке жуық түрі мекендесе, құстардың 25-тен астам түрі бар. Қызыл кітапқа енген аң-құс та кездеседі. Таудың күншығыс жағына аса берісте тас бетонға болаттан құйылған «НКВД» мөрі бар. Тарихтан тартсақ, 1960 жылдары дәл осы маңда «Қарабас» заставасы болған-ды.
– Қарабас тауы – Үржардағы көрікті жерлердің бірі. Аң да, құс та осында. Беткейде түрлі петроглифтер де кездеседі. Ал әр шыңнан мойын созатын арқарлар осы таудың символы десек те болады. Қазір адамнан көп үрікпейді. Өткенде жақыннан фотоға түсірдім. Жыл сайын саны артып келеді. Күзге салым Тарбағатайға ауғаны қайтып оралады, – дейді Тарбағатай қорығының аңшы-биологы Елена Красон.
Әдетте арқарлар төлдеп, қозықалары аяқтанған соң Тарбағатайға жөңкіле көшетін. Мамандардың есептеуінше, оның 15 пайызы Қарабаста қалған. Тіпті арнайы маршрут жасап, туристерді алып барып, арқарларды көзбен көрсетуге де болады. Ең бастысы, арқарлар ауа көшпесе екен.
Абай облысы,
Үржар ауданы