• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Маусым, 2022

Құндылықтарымызға кім қорған болады?

298 рет
көрсетілді

Осыдан бірнеше жыл бұрын Италияның бірқатар ірі мәдени қаласын аралау бақыты бұйырды. Ә дегенде бізді баурап алғаны ондағы атмосфера еді. Бейне бір антика дәуіріне топ ете қалғандай күйді бастан кештік. Ғажап күй, ғаламат сезім! Неге? Себебі онда шынайылық бар еді. Мәдениеті бір басқа, халқының ұлтына деген сүйіспеншілігі еріксіз тебірентті. Тұрғындарының жанарынан өткеніне, тарихи құндылықтарына деген шексіз құрметті көрдік, сездік. Көше бойына сән берген көне ғимараттардың құлаған әр кірпіші мен ажырап түскен әрбір сылағының орнынан өмір үнін іздеген адамдары сонысымен де аяулы көрінді. Ал бізде ше? Бәрі керісінше...

Олай деуімізге күні кеше ғана әлеуметтік желіде ұлардай шулаған халықтың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған үйдің сүрілуі мен киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүлінуіне қарсы білдіріп жат­қан наразы пікірі, пікір астарын­дағы жан шырылы еді. Шынтуай­тында, жаңарамыз деп көне құн­дылықтарды күресінге жіберу – қа­сіреттің көкесі.

Әйтпесе, айдың-күннің аманында қабырғасын көк шалып, сызданған жеті ғасырлық тарихы бар көне кесененің бүгінгі аянышты халі – уақыттың таңбасы емес, адам қолымен жасалған жасанды қиянат екені жанды аяздай қариды. Тегінде о бастан-ақ Түркістандағы бұл киелі ескерткішке мардымды көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан лайықты қорғалмағанын әр маусымда киелі өлкеге жол түс­кенде көріп-біліп жүргенімізбен, кесененің дәл бүгінгідей күйге түсіп, азып-тозуы аталған мәсе­ленің шешімі ендігіде кезек күт­тірмеуі қажеттілігін аңғартқандай. Жолыңыз түссе тура сол стильде салынған дәл сол дәуірдің та­бысы – Самарқандтағы Әмір Те­мір кесенесін барып көріңіз! Екеуі бір ғасырдың жемісі бол­ға­нымен, жағдайлары әртүрлі. Өзбек ағайынның пысықтығы мен ыждағаттылығының, тарихына деген құрметінің арқасында Әмір Темір кесенесіне өңін өзгертпей өз ерекшелігін сақтай отыра сәтті реставрация жасалып, бүгінде туристердің жан семіртіп, көз қуантатын, тәу етіп, тағылым тұтатын тамаша бір рухани ортасына айналғанына талайлар куә. Ал хандарымыз бен билеріміздің мүрдесі жатқан киелі мекен, Түркістандағы тарихи жәдігердің жағдайын солай марқая әңгімелей аламыз ба? Әрине, жоқ. Бұған дейін де күмілжіп баяндаушы едік, енді маңайына абаттандыру жұмыстары жасалып, «Керуен сарай» арнасы арқылы су жүргеннен кейінгі жағдайы тіпті жанды жа­быр­қатты. Бұл қауіптің тез арада ал­дын алмаса, күңіренгеніміз – күңі­ренген.

* * *

Сол секілді Шығыс Қазақ­стан­ның Шыңғыстай ауылындағы жазушы Оралхан Бөкейдің тұр­ған үйін алып қарайық, оның да жағдайы көңіл көншітпейді. Арнайы барып аралағанымызда, бұл мұражай үйден тұрмыстық заттардан өзге, қаламгерге тиесілі жұмыс үстелі, фотоаппараты, қолсағаты және «Найзағай» мен «Бейтаныс» картиналарынан басқа затты кездестіре алмадық. Тек қабырғада ілінген естелік суреттермен көңіл жұбатуға тура келді. Тіпті кітап жиналған сөре-де де өзге кітаптардың барлығы болғанымен, Ор-ағаңның аты жазылған «Ұйқым келмейдісі» мен «Ардақ» аталатын кішкентай кітапшадан өзгесін ұшырата алмадық. Жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызының айтуынша, мұндағы дүние-мүліктің көбі кезіндегі қиын-қыстау кезеңде қолды болып кеткен екен. Есіктің құлпы орнында тұр­ғанымен, бау­кеспелер артқы тау жақ терезе арқылы қасиеттен, қаламгердің киесінен қорықпастан бағалы дүние-мүліктің барлығына «жиен­дік» жасапты. Соның салдарынан да мұражай үйдің көп мүлкінің орны басқа заттармен алмастырылса, біраз бөлігі қаламгердің мерейтойына келген сыйлықтармен толтырылыпты. Ал қараусыз қалып, қаңырап тұрған бұл ағаш үйдің іргетасы шіріп, бүгінде құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны жергілікті билік өкілдеріне шыбын шаққан құрлы әсер етпейтіні де еліміз үшін үлкен трагедия. Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының күресінге кеткен үйі де тарихқа жасалған ке­шірілмес қиянат екені анық. Әйтпесе, ұлы тұлғаларымыз туған сондай тарихи мекендерді Толстойдың «Ясная полянасы» сияқты гүлдендіріп қойсақ, бұл әрекетіміз кімнің тақиясына тар келіпті. Керісінше, ұрпақ өткенін танып, сүйіп оқитын қалам­гер­лерінің рухани әлеміне барынша жақындай түсуіне тамаша жол ашылмас па еді?!

* * *

Ал сіз сонау Атыраудың ірге­сіндегі Сарайшықтың аянышты жағдайына үңіліп көрдіңіз бе? Бұл қу мекиен далада бір кездері салтанаты асқан сәнді қала болды деп ешкім айта алмас еді. Себебі қаланың 5/6 бөлігі Жайықтың асау ағысына жұтылып кеткен. Ескі қаланың көне орнын жыл өткен сайын Жайық мүжіп, өр суының өр толқыны жұлып, жеп, құрып барады. Бүгінде көне шаһар «хал үстінде». 1340 жылғы белгілі сая­хатшы Мауро түсірген картада оның көлемі 2000х600 метр болып белгіленсе, қазірде қала аумағы бар-жоғы үшбұрышты 140х140х65 метр-ақ болып қалған. Оның өзі ежелгі қала табанының күнгей бетіндегі ескі қорымдар мен өндірістік шеберханалар орны ғана. Басқа жәдігерлерді түгел­дей Жайық «жалмапты». Сон­дықтан да бұл жердің тарихын, өткеннің өнегелі істерін бүгінде көне жәдігерлер баяндамайды, керісінше, келгеннен-ақ уілдей, зарлана соққан жел бар мұңын сыр қылып, мұң қылып шертеді. Сол зарлы үнімен-ақ, тарихтың талай аумалы-төкпелі кезеңін басынан кешкен көне қаланың бүгінгі мүшкіл халін баяндайды.

* * *

Үзіп-жұлып тілге тиек еткен бұл мысалдар тек бергі жағы ғана. Дендей зерттеп, ішіне үңілсең, жағдайы жылап қарсы алатын тарихи мекендер, мемлекет тарапынан қорғауға мұқтаж мәдени ескерткіштер еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдап саналады. Тек соны көріп, еститін құлақ болса, мәселеден нақты шешім шығара алатын нағыз ұлтжанды азаматтар атқа қонса, көп дүниенің күрмеуі шешілер еді. Ең бастысы, нағыз италиялықтарша әр тасы мен сылағына құрметпен қарап, тәу ете алатын ұлтын сүйер ұрпақ өсіре алсақ, олжаның үлкені сол.