• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 22 Маусым, 2022

Қазақстандық мұғалім – Apple компаниясының тренері

225 рет
көрсетілді

Әлемге әйгілі Apple компаниясы жыл сайын оқытушыларға арналған Apple Certified Trainer курстарын өткізеді. Биыл аталған курстан өткендер қатарында Германия, Ирландия, БАӘ, Мысыр, Үндістан секілді елдердің педагогтерінен бөлек қазақстандық мұғалім де бар.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Рес­пуб­ликалық физика-математика мектебінің информатика мұға­лімі Қуа­ныш Ма­ғауин Apple компаниясының Swift бағдарламалау тілі бойынша серти­фикатталған оқы­тушысы атанды. Бұл үшін ол Apple курстарынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырды.

Осылайша, Қ.Мағауин қазақ­стандық мұғалімдер арасында алғаш болып танымал ІТ компанияның сертификатын иеленді. Енді ізденімпаз педагог әлемнің үздік әзірлеушілері білім саласындағы жаңа жобаларын таныстыратын Apple Education эксклюзивті іс-шараларына қатыса алады.

«Қазақстанда қазір IT-индустрия бар­лық бағытта, соның ішінде білім беру саласында да қарқынды дамып келеді. Біз электронды оқулықтар мен күнделіктер қолданатын, сондай-ақ емтихандар мен олимпиадаларды онлайн форматта өткізетін санаулы елдердің қатарындамыз. Apple курстарында Swift бағдарламалау тілі арқылы мобильді қосымшаларды әзірлеудің негіздерін үйрендік. Тәлімгерлер дәрісті ағылшын тілінде өткізді. Менің тобымда негізінен қосымшаларды әзірлеуде мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Ал мен топтағы жалғыз мұғалім болдым. Барлық емтиханды тапсырып, Apple оқытушысы мәртебесін алғаныма қуаныштымын! Алдағы уақытта оқушыларға арналған мобильді қосымшалар әзірлеу бойынша мектепте курстар өткізіп, әріптестеріммен алған тәжірибемді бөліспекпін», дейді информатика пәнінің мұғалімі Қ.Мағауин.

Педагог Қуаныш Мағауиннің арқа­сында Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі өзі жұмыс істейтін мектепке де автомат­ты түрде берілді. Енді Қуаныш Мағауин жұмыс істейтін елордадағы Рес­публи­калық физика-математика мектебі Swift қосымшасын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушыларды сертификаттап, оқу орнында Apple classroom зертханасын ашу құқығына ие.