Өткен аптаның соңындағы жаңалық – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Nazarbaev University ғимаратында өткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған ғылыми конференция болды. Алаш ардақтысына арналған алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы елшілері, ректорлар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиын тізгінін белгілі алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы ұстады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ұлттық және халықаралық деңгейде аталып өтетіні белгілі болды. Былтыр 23 қарашада ЮНЕСКО-ның бас конференциясында да ұлт ұстазының мерейтойын мерекелеу жөнінде арнайы шешім қабылданды. Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлық идеялары халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда әлі де өзекті. Түрік, қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, тағы басқа елдер ғалымдарының өз ұлттық жазуының қалыптасуына септігін тигізгені жөнінде арнайы зерттеулер де бар. Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығы өз еңбектерінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына ХХ ғасырдың басындағы мәдени бетбұрыс жасаған реформатор ретінде жоғары баға берді. Бүгінгі конференцияның Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің мүшелері, білім және ғылым салалары министрлерінің отырысы аясында өткізілуінің де өзіндік мәні бар» деп атап өтті Дихан Қамзабекұлы.
Алқалы жиынның басында Түркі академиясы әзірлеген 2 томдық «Түркістан – Түркелі» энциклопедиясының, 3 томдық «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» жинағының және «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Академия президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, «Түркістан – Түркелі» осыдан 25 жыл бұрын шыққан «Түркістан» энциклопедияның халықаралық талаптарға сай жаңартылған нұсқасы. Мұнда Алаш қайраткерлері, түркі әлемінің ынтымақтастығына қызмет еткен қайраткерлер қамтылған. «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» қазақ және түрік тілінде, түркі әлемінің 260-қа жуық тұлғасы топтастырылған. Үшіншісі аты айтып тұрғандай, Ахаң жөніндегі кітап. Қазақ және ағылшын тілінде.
Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде баяндаманы ана тілінде жасады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Түркияның бірнеше қаласында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылып, Анкарада Ахаңа үлкен ескерткіш қойылатынын хабарлады. Парижде ЮНЕСКО көлемінде дөңгелек үстел, қорытынды халықаралық түркологиялық конгресс Түркістан қаласында өтеді екен. «Ағылшын тілі соңғы ғасырда 5 рет квалификациядан өткені мәлім. ХХ ғасыр басында Уинстон Черчиль, тағы басқа Нобель сыйлығының лауреаттары жұмыс тобын құрып, ағылшын тілін квалификациядан өткізді. Оксфорд сөздігін дайындағанда да ағылшын тілінің біртұтас квалификациядан өткен сөздігін жасап шыққан. Одан кейін де 4-5 рет осындай үлкен квалификация жүргізген. Сондықтан ағылшын тілі халықаралық мәртебеге сай, сыйымдылығы өте кең тілге айналып отыр. Мұны біз де бастауымыз керек. Қазақ тілі әлі күнге Байтұрсынұлы жазып кеткен оқулықпен келеді. Яғни бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы жасап кеткен квалификация негізінде келеміз. Бір ғасырда қаншама жаңалық келді жаһанға. Тіл сыйымдылығы деген ұғым бар. Атақты Шварц атты кісінің кітабын аударғанда көзім жеткен, ағылшын тілінің сыйымдылығы соншалықты жоғары. Жаңа терминдер, ұғым, тұжырымдамалар сыйып
кете береді. Сондықтан жаңадан құрылып жатқан министрліктің құрамындағы Тіл комитетінің ресурстарын да өзгертудеміз. Ана тіліміздің қолданбалы түрдегі цифрлық кеңістікте де, квалификация тұрғысынан да үлкен жұмыс тұр алдымызда. Жаңа Қазақстанның идеологиялық негізі жаңартылған квалификациялық тілде болмақ», дейді Саясат Нұрбек.
Қырғыздар Алашты намысым, қанатым дейді екен. Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев ұлт ұстазы Ахаңның түркіге ортақ тұлға екендігіне тоқтала кетті. «Біздің мәдениетіміз, тарихымыз, сөз байлығымыз, салтымыз ұқсас. Ахмет Байтұрсынұлының әрекеті тарих алдында біздің жауапкершілігімізді еске салып, жұрт басын біріктіріп, келешекке көз салуға нұсқайды» деген ол Ахаң жасаған әліпбиді Қытай, Ауғанстан, Иран қазақтары қазірге дейін қолданып келе жатқанын еске салды.
Дәл осы күні V отырысын өткізген Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемінде Байтұрсынұлы жылын жариялады. Өз кезегінде академия президенті Дархан Қыдырәлі биылғы наурыз айының 20-сында Ахмет Байтұрсынұлы жылын бастап кеткенін қаперледі. Елордада, Алматы, Бішкек, Баку, Анкара, Ыстамбұлда арнайы жиындар өткізген. «Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ұйытқы болған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті», «Түркі әлемі географиясы» оқулықтарын қайта жаңғырттық. Бауырлас елдердің білім министрлерінің қатысуымен бұл оқулықтар ресми түрде бекітілді. Енді хаттамаға сәйкес академияға мүше мемлекеттерде осы оқулықтар 7-8 сынып оқушыларына оқытыла бастайды.
Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтары тарихында тұтас бір дәуірдің келбетіне өзгеріс жасаған кемел тұлға. Ол қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу, жүйелеу, реформалау арқылы бауырлас халықтардың да әдеби жауһарларының зерделенуіне, түркі тілінің жаңа белеске көтерілуіне ықпал еткен ғылым қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор, Семей, Ташкент, Алматы, Шәуешек, Баку қалаларында еңбек етіп, саяси-қоғамдық, ағартушылық қызметтер атқара жүріп, түркі руханиятын жақындастыруға орасан үлес қосты. Осы бағытта түркі әлемінің рухани көсемі, жәдитшілдік қозғалысының жетекшісі – Исмаил Гаспралыны ұстаз тұтып, оның ізбасар мұрагері болды.
А.Байтұрсынұлы түркінің ағартушы тұлғалары Абдурауф Фитрат, Мунаввар Кары Абдурашидханов, Махмуд Ходжа Бехбудилермен Түркістан халықтарының тұтастығы жолында ортақ еңбек етті. Әсіресе, педагогика саласындағы еңбектері бауырлас елдердің жаңашыл тұлағаларымен тығыз байланыста өрбіді.
А.Байтұрсынұлының қайраткерлік жолындағы ең өнімді саласы – білім, ортақ әліпби, мектеп реформасы, оқулықтар дайындау қызметі татар, башқұрт,қырғыз зиялыларымен иық тіресе атқарған еңбектерінен көрініс табады».
Байтұрсынұлы бас алқаға сайланған Баку конгресінің ең өзекті бағдарламасы әліпби реформасы туралы мәселе болғаны белгілі. Мен жақында ғана Бакуде болдым. Сонда Әзербайжан Жазушылар одағының басшысы Анар мырза, Чингиз Абдуллаев сияқты ақын-жазушылармен кездестім. Анар мырза «Баку конгресінің шешімдеріне қазіргі күн тұрғысынан қарасақ, ең дұрыс сөз айтқан Байтұрсынұлы болды. Мен егер сол кезде өмір сүрсем Байтұрсынұлын қолдар едім. Бірақ әрине, қазір бізге латын әліпбиі керек. Сол кезде біздің тіліміздің тұтастығын сақтап, руханияттан ажырап қалмау үшін Байтұрсынұлы айтқан әліпбиде қалуымыз керек еді. Оның сингарманизм заңдылығы туралы айтқандары, терминдер тұрғысында қозғаған мәселелері әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ» деп Анар мырза тосын ой айтты» деді Дархан Қуандықұлы.
Сонымен қатар конференцияда отандық және шетелдік түркітанушы, ахметтанушы ғалымдар, атап айтқанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов, Назарбаев Университетінің вице-президенті Қ.Даирова, Әзербайжан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Насими атындағы Тіл білімі институты Түркі тілі бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Эльчин Ибрахимов, Түрік Республикасы Памуккале университетінің профессоры, доктор Нергиз Бирай, академик Ш.Құрманбайұлы, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қ.Сартқожаұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Б.Әбдуәлиұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті Қ.Кемеңгер баяндама жасап, ұлт ұстазының қоғамдық қызметі мен ғылыми еңбектеріне жан-жақты тоқталды.