Қазір еңбектің қай саласын да цифрланусыз елестете алмаймыз. Цифрланбаған сала – көшке ілесе алмаған жалқау түйе сықылды: көп уақыт өтпей-ақ сансыз процестің арасында малтығып қала береді. Енді заманауи осы үдеріс құрылыс саласында да маңызды бола бастады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Әсел Дүйсембаеваның айтуынша, құрылыс саласын цифрландыру мемлекетке елдің аумақтық және инфрақұрылымдық дамуын тиімді және сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сенімді және өзекті деректер негізінде жедел басқару шешімдерін қабылдауға көмектеседі.
Сарапшы сөзінің мысалы ретінде «Инфрақұрылымдық деректердің бірыңғай геопорталын» келтіреді. Онда – бас жоспар, инженерлік инфрақұрылым, абаттандыру объектілері және қала құрылысын талдау функциялары топтастырылған.
Тағы бір инструмент – «бір терезе» қағидаты бойынша тапсырыс берушілер мен эксперттік ұйымдардың басын біріктіретін E-PSD бірыңғай цифрлы платформасы. Ол жерде жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіші, типтік жобалар бар. Ал «Казреестр» – тұрғын үй құрылысындағы үлестерді есепке алуды мемлекеттік тіркеу саласындағы ақпаратты автоматтандырылған жинау, өңдеу, сақтау және талдау жүйесі. Жобаның бірегей нөмірін, құрылысқа рұқсатты, үлестік қатысудың электронды келісімшарттарын сол жерден алуға болады. Қазір порталда 73 құрылыс салушы компания тіркелген, еліміздің 11 өңірінде жұмыс істейді. Сонымен қатар құрылыс саласын цифрландыруда сәтті жұмыс істеп жатқан e-QURYLYS (құрылыс процесінің барлық кезеңіндегі ашықтықты қамтамасыз етеді) және e-SHANYRAQ (тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жұмысының тиімділігін арттырады) жүйелерін де атап өтсе болады.
«Осы жобалардың барлығы да құрылыс процесінің әрбір кезеңінде үлкен рөл ойнайды. Бұл біз үшін мониторинг жасаудың мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл бастамалар құрылыс салушылардың қаржысын үнемдеп, құрылыс пен тұрғын үйді пайдалануға беруді біршама арзандатты», дейді Ә.Дүйсембаева.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алтай Күздібаевтың айтуынша, қазір тұрғын үй құрылыс нарығы үшін біраз өткір мәселе бар. Олар – тұрғын үй шаруашылығындағы ақпараттық асимметрияларды жоюдың маңыздылығы, құрылыс барысындағы онлайн-мониторинг, құрылыс тәуекелдерін сақтандыру.
«Кез келген трансформация, соның ішінде құрылыс секторының трансформациясы екі бөліктен тұрады. Ол – өзгерістің адами бөлігі және техникалық бөлігі. Адами бөлігі дегеніміз – құрылыс саласындағы проблемалар мен тақырыптарды талқылау. Техникалық бөлігі – нормативтік-құқықтық база. Заманауи цифрлы технологияларды пайдалануға мүмкіндік беретін нормативтер Қазақстанда бар. Сондықтан мұны «жаба тұруға» болады. Екінші маңызды дүние – IT-инфрақұрылым. Бізде IT-жүйені дамыту бойынша біраз ілгерілеу бар, дегенмен кедергілер де жоқ емес», дейді «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС кеңесшісі Мария Широкова.
Оның айтуына қарағанда, қазір Қазақстан посткеңестік елдерді басып озып, BIM (Building Information Modeling – ғимаратты ақпараттық моделдеу) технологиясын сенімді қолданып жатыр. BIM пайдалану кезіндегі көп таңдалатын танымал технологиялар ретінде сарапшылар бұлтты есептеу (42 пайыз), модель негізінде модельдеу (33 пайыз), виртуалды/ұлғайтылған/аралас нақтылық (28 пайыз), 3D-басып шығару (25 пайыз) жүйелерін айтады.
Алайда BIM-ді толықтай енгізуге қарсылар бар. Өйткені ол үшін маман даярлау керек, техниканы меңгеру керек, мұның бәрі – уақыт пен ақша. Сол үшін қазір құрылыс компаниялары арасында сауалдама жүргізіліп жатыр екен.