Қазақ шипагерлік өнері ерте кезден дала заңдары арқылы көрініс тауып отырды. Аспанда жұлдызға қарап жер осін болжап, төрт түлік мал арқылы ауа райын анықтаған ата-бабаларымыз медицина саласын да қамтусыз қалдырмаған.
Қазақ медицинасының айтулы жемісі ретінде – «Шипагерлік баян» медициналық-энциклопедиялық кітабын атауға болады. XV ғасырда өмір сүрген атақты шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы кей деректерде 1388-1478 жылдар аралығында өмір сүрген. «Шипагерлік баян» еңбегі қазақтың Жәнібек ханының арнайы тапсыруы бойынша жазылған. Ғалым ұшан-теңіз еңбекті 70 жасында бастап, Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы,
85 жасында жазып бітіргені жөнінде мағұлмат қалдырған. Ғалымның 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де мәліметтер бар. Өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауы бар кітапта маңызды мәліметтер жетіп артылады. Мәселен, «шешек» ауруына вакцина егуді ағылшын ғалымы Эдуард Женнерден 1796 жылы қолға алса, Да Винчи, В.Гарвей сынды зерттеушілер қан айналымы, жүрек пен ми қызметтеріне тұжырымдамалар жасаған. Бір таңғаларлық жайт, Өтейбойдақ бабамыз бұл салада бір ғасырға жуық уақыт бұрын зерттеу жүргізген. Жергілікті елдің ар-намысына тиетін кекесін сөз бен әрекеттеріне қарамастан, ғалым өлген адамның денесін боршалап, Омбыда тірі түлкінің терісін сыпырып, Жетісу аймағында тірі қойдың кеудесін пышақпен жарып, жүрегін жұлып алу арқылы жүрек, ми, қан тамырлары қызметі жайлы өз тұжырымдамасын жасайды. Осындай жанкешті тәжірибелерден туған құнарлы мәліметтердің басымдығынан болар, аңызға айналған кітапты Қытай өкіметі жоғары бағалап, 1997 жылы маусым айында «1-дәрежелі мемлекеттік таңдаулы ұлттық кітап» сыйлығымен марапаттаған. Сонымен бірге Қытайда «Шипагерлік баянды» зерттеу үшін арнайы медициналық орталық құрылған.
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дүниенің басқа қызықтарын шетке ысырып, тек өмірге келгендегі дара миссиясы санаған шипагерлік қызметті жетілдірумен ғана ғұмыр кешті. Тіпті бала сүю, жар сүю сынды отбасылық құндылықтардан бас тартып, өмірін толық адамдардың жан-тәніне дәру табуға арнады. Ғалым өсиетнамасында: «Тапқысыз баға гауһардай асылдарға да, пысқақ, бықсыққан, жасықтарға да шипа ем дарымдадым. Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым» деп асқан тазалығын, жоғарғы парасаты мен кісілік кемелділігін көрсетеді.
«Шипагерлік баянда» тек емдеу ісі жөнінде емес, адамды өзін тануға, рухани жоғарылауға қарай ұмтылдыратын ізгілік, отансүйгіштік, ағартушылық жолдар да қамтылған. Жақсы мен жаманды ажырату жайлы 91 нәрсені жеуге тыйым салса, 7 нәрсеге тиіспеуді өсиет етеді. Жеті қағида адамды рухани тазалыққа үндейтін бірегей дүниелер. Бұлар: «Көктемде көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу, көктемде көбеймелі жорғамаларға тиіспеу, көктемде көрінген қозғалыштарға тиіспеу, көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу, қай-қашанда қонжатқа тиіспеу, қай-қашанда көршіге тиіспеу, қай-қашанда елшіге тиіспеу».
Иә, жүрегінен нұрды бұлақша ағызған ғұлама ғалымды тану бүгінгі ұрпақтың борышы. Өлмес өнер қалдырған ол өмірінің соңғы жылдарында алдағы ұрпаққа сенім артып: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылардың қадірін біліп, ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білсе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» деп, алып мұрасын болашаққа аманат еткен. «Қазақ өз-өзін таныса бүкіл əлемді жаулап алар еді» дегендей, еліктеудің шеңберінен шығып, асыл түбірімізге үңілсек, көптеген жауһарға кезігеріміз хақ.