• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Маусым, 2022

Уақытпен бірге түлеген

797 рет
көрсетілді

«Сөз тоқтаған жерден ән басталады» деген сөз Мұқағалидың мәңгі өлмес өмірінің бір сыпаты секілді. Ақынның өзі «әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма?» деп жазыпты Шәмілге хатында. Ән тілеп, жан түлетіп өткен жүректің өлеңдеріне жазылған әндерді біреулер жүзге жеткізсе, біреулер бес жүзге шамалайды. Оны сөз етпек емеспіз. Сөз етпегіміз, Мұқаңның сөзіне жазылған аңыз ән, ғажап туынды.

Мұқаң мен Нұрғисаның достығы туралы әңгімелер аңызға бергісіз. Жыр­дың күйіндей жанды тербейтін құбылысқа пара-пар. Оның шет жағасы «Мұқағали» көркем фильмінде де көрі­ніс тапқанын білеміз. Екеуі 1975 жылы, ақын өлерінің алдында бір жыл бұрын Нұрағаңның шаңырағында бір ай жатып, композитормен бірге шығармашылық жұмыстар атқарған деседі. Екеуінің достық қарым-қатына­сының белгісіндей бірнеше ән қалғаны аян. Арасынан «Сарыжайлау» мен «Дариға, домбырамды берші маған-ды» атаса да жеткілікті шығар. Ал біз атағалы отырған ән... Сөзі Нұрағаңа аманатқа қалған секілді. Нұрағаң оған қиянат жасамасы анық қой, десек те ел арасына әнші, композитор, ақын Елена Әбдіхалықованың әуені арқылы кеңінен тараған.

Мұқаңның бірнеше сөзіне ән жазған Нұрағаң 1976 жылы ақын дүние салғанда қатты қайғырады. Ағыл-­тегіл жылап, бүк түсіп жатып қал­ғаны айтылады. Сөйтсе, бір күн­дері Мұқаң екеуі жазған әндердің мәтінін парақтап отырса, арасынан Мұқағалидың бүктеулі хаты шығады. Ақынның «Есіңе мені алғайсың» өлеңі екен. 1975 жылы бір ай қонақта болғанда ұзаққа бармасын білді ме екен, Мұқаң Нұрағаңның шығармашылық жұмыстары қатталған қағаздар арасына осы өлеңін қалдырыпты. Мұны композитор ақын о дүниелік сапарға аттанған соң қағаздарын ақтарып отырып тауып алады. Әсіресе сонда қатты толқып жылағанын айтады жары Дариға Тілендиева апа. Тура сол күні Нұрағаң сөзге ән жазыпты. Білетіндер вальс есебіне балағанымен, бұл әннің сазында қоштасу мен қимастық қылаң ұрары сөзсіз ғой. «Отырар сазы» оркестрі орындап келеді күніге. Дәл осы әңгіменің бір аңызы ел ішінде Мұқағали «Есіңе мені алғайсың» өлеңін Нұрғисаның костюмінің қалтасына салып кетіпті» делініп жүр. Ғажабы онда да емес, біздіңше. Ғажабы – Мұқаң қайбір жылдары бір жазып тастап, кейінгі уақытта қайта өңдеген бұл өлеңіне Нұрғисадан кейін Елена Әбдіхалықова студент кезінде ән жазып, халық арасына кеңінен таралып кеткені. Қазақ радиосының эфирінен ақын өзі де оқыған бұл туындыға Нұрағаң мен Еленадан басқа да бірнеше композитор ән жазыпты. Алайда орындалып жүргені – Елена Әбдіхалықованың әні.

«Әлі есімде, Мақатаевтың «Соғады жүрек» деген қос томдық кітабы болды. Сол уақытқа дейін бірнеше рет оқыған болуым керек, ашып қалсам осы өлеңі тұр екен, қатты әсер етті. Жылдың төрт мезгілінде де мені есіңе ал дейді. Сол кездегі менің жастық күйімді, ғашық күйімді, пәк, таза болмысымды дөп басқандай. Ақынның құдіреті де осы деп білген жөн шығар. Сонда мен домбыраны алып, Мұқаңның осы өлеңін бірден ән қылып айта бастадым», дейді Елена. Ән туған уақыт 1990 жылдың тамызы дейді автор. Екінші курсты аяқтап ауылға барған кезі екен.  

«Нұр жауып тұрған көктемде» деген сөздің өзі киелі емес пе? Қазақ разы болғанда «Алланың нұры жау­сын» десетін. Жастықтан, албырт, асқақ сезімнен басталады өмір. Ән де солай тыныс ашады байқаса. Жо­ғары, кең тербеліспен шырқап алып жөнеледі. Және бұл ұлы туындыны алғаш орындаған әншіні айтсаңызшы?! Мадина Ералиева деген қазақтың қайталанбас әншісі! Ол кісі әнді 1994 жылы аттай қалап алғанын еске салады автор.

«Есіңе мені алғайсың» қазақ сахнасында осылай жарқ ете қалды деге­німізбен, оған дейін тыңдарманға Мақпал Жүнісованың шырқауында жетіпті. Ол кісінің орындауында да өзгеше естіледі. «Мен» деген әнші­лердің қай-қайсының болсын назарын аудартқан туындыны бертінде Жұбаныш Жексенұлы мен авторы Елена Әбдіхалықова қайта шырқап шықты. Өлмес туынды осылай уақытпен бірге түлеп отырса керек.