• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 29 Маусым, 2022

Нақты пайыздық мөлшерлеме нөлге теңесті

505 рет
көрсетілді

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша отандық қаржы нарығындағы пайыздық ставкаларға шолу жасады. Қауымдастық сарапшыларының айтуынша, нақты пайыздық ставка 2016 жылдан бері алғаш рет нөлге теңесті және жақын айларда теріс мәнге айналуы мүмкін.

Нақты пайыздық ставканың нөл­ге теңесуін түсіндіре кетейік. Нақ­ты пайыздық ставка – базалық став­ка­дан инфляцияны алып тас­тағандағы мөлшерлеме. Қазір бізде базалық ставка да, инфляция да – 14 пайыз. Демек нақты ставка – 0 (нөл). Егер инфляция өсуін тоқ­тат­паса, онда алдағы уақытта нақ­ты пайыздық ставка теріс, яғни минусқа қарай кетуі ықтимал.

«Инфляцияның базалық ставкамен бір деңгейге шығуы жағдайында елдегі қаржы-несие шарты ынталандырушы мәнге ие болды. 3-4 пайыз шегіндегі ел экономикасы үшін тепе-теңдік деңгейі кезінде экономикадағы нақты пайыздық ставка 2016 жылдан бері алғаш рет нөл болып отыр. Жақын арада ол теріс террито­рия­ға шығуы мүмкін. Сонымен қатар базалық ставка бойынша шешімдер транс­миссиясының деңгейі ақша нары­ғында, корпоративті несиелеу нарығында, бөлшек қорландыру мен бағалы қағаздар нарығында жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл ретте 2021 жылы бизнеске берілген барлық несие көлемінің 24 пайызын алған бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалары есепке алынып отырған жоқ», делінеді қауымдастық хабарламасында.

Олардың айтуынша, базалық ставканың өзгеруі бөлшек несиелер бойынша ставкаға әсер ете қоймаған. Сарапшылардың пайымынша, бұл бәлкім, нарықтағы клиент үшін бәсекеге орай пайыздық маржаның төмендеуімен және жеңілдетілген несие үлесінің тым көптігімен байланысты.

«Корпоративті және бөлшек несиелеу нарығының жекелеген сегменттеріндегі нақты ставка теріс аймақта. Мәселен, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және байланыс секторларындағы займ бойынша нақты ставкалар минус мәнде – (-) 0,4, (-) 2,7 және (-) 4,8 па­йыз. Ипотекалық займдар бойынша – (-) 5,8 пайыз. Корпоративті қарызды орналастыру көлемі де айтарлықтай құлдырады. Бұл геосаяси дағдарысқа және жүйедегі ставкалардың жалпы өсімімен байланысты. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында облигацияларды орналастыру көлемі 61,5 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 6 есе төмен (былтыр 366,3 млрд теңге болған)», дейді сарапшылар.

Қауымдастық өкілдерінің сөзі­не сүйенсек, ақша нарығындағы құралдар кірісінің өсімі және база­лық ставканың ұлғаюынан кейін іле-шала өтімділіктің тазалана түсуі олардың тартымдылығын арттырып, ұлттық валюта мен инфляцияға деген қысымды азайтқан.

«Экономикадағы проинфля­циялық қысым және инфляцияның мақсатты таргеттен (4-6 пайыз) асып кетуді жалғастыруы инфляция­лық күтілімдердің одан әрі өсе түсуіне әсер етеді. Экономиканың өсуін жеделдету кезінде (2021 жылдың қорытындылары бойынша 4 пайызбен салыстырғанда, қаңтар-мамырда 4,6 пайызға дейін) монетарлық рет­теуші үшін Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес елдегі бағаның одан әрі өсуін тежеу және қазақстандықтардың әл-ауқатын қолдау басымдық болып саналады», дейді қауымдастық.