• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 01 Шілде, 2022

Балаларға арналған үйірмелердің қатарын көбейту керек

335 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули бала тәрбиесі, оларға жағдай жасау сапасы халықтың тағдыры мен мемлекеттің болашағымен тікелей байланысты екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, адамгершілік, руханият, тәрбиенің жоғары деңгейі білім беру ұйымдарында баланың өсіп-жетілуінің барлық кезеңінде қалыптасады. Ұлттық комиссияның мүшесі қоғамды толғандыратын бірнеше мәселеге тоқталды.

Бірінші мәселе пән мұғалімі мен сынып жетекшісінің функцияларын біріктіруге қатысты. Сарапшының айтуынша, бұл мұғалімдердің жұмысын қиындатады.

«Өйткені тәрбие және тәрбие процестері бір-бірімен тығыз байланысты. Ал мұндағы негізгі тетік – мұғалім. Мұғалім – идеология негіз­дерін жүргізуші. Қазірде күрделі оқу бағ­дарламасы ауыр жүктемелерді қамтиды. Сондықтан бізге бірқатар негізгі функциядан босатылған сынып жетек­шілері немесе мектеп тәрбиешілері қажет: мектеп оқушыларын жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және олардың қызметін үйлестіру; пән мұғалімдерімен, психо­логиялық және әлеуметтік қызметтермен, ата-аналармен және әкімшілікпен ынты­мақтастық; табысты оқу үшін оңтайлы жағдай жасау», деді ол.

Екінші мәселе – 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің ішкі бұйрығымен бекітілген Білім берудің тұжырымдамалық негіздері балаларды тәрбиелеудің стратегиялық құжаты емес. 2011 жылдан бері балаларға арналған стратегиялық құжат жоқ: не «Қазақстан балалары» мемлекеттік бағдарламасы, не 2030 жылға дейінгі Балалар мүдделерінің тұжырымдамасы, не 2030 жылға дейінгі Балалардың ұлттық іс-қимыл жоспары бұл мәселені қамтымайды.

Үшінші мәселе – ата-аналарды алаң­датып отырған интернет пен БАҚ-тың жағымсыз контентіне қатысты. Балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездік оқиғалары БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы қоғамды алаңдатуда. Бұқа­ралық ақпарат құралдары оқиғаларға қатысты материалды көрсетуді қайта бағдарлап, өмірімізге жағымды контент енуі керек. Балалар ересектерге арналған мазмұнды тұтынуда, осы қауіпті үрдіске шектеу қою қажет. Елімізде кибербуллингке қатысты заңға өзгерістер енгізілді. Балалар жылының іс-шаралар жоспары аясында қауіпсіз интернетті енгізуге ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай жиында БАҚ-тың өз жауапкершілігі деңгейінде Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, балалар цензурасын енгізу мәселесі сөз болды.

Төртінші мәселе мектептен тыс ұйым­дардың аздығына қатысты. Еліміз­де әлі күнге дейін қосымша білім беру ұйымдары желісінің стандарты жоқ. Мысалы, 50 мың балаға арнал­ған оқушылар сарайы, техникалық шығар­ма­шы­лық мектептер, өнер және музыка мек­теп­тері, жас турис­тер станциялары мен жас натуралистер станция­лары, т.б. қанша болуы керек? Қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік әлеуетін іске асырудың қажеттілігіне айналады. Бүгінгі жас ұрпақ гиперактивті, амбициялы, ақпаратты жылдам қабылдайды. Бұл әлеуетті жақсылыққа дамытуға, игі істерге қарай пайдалануға болады. Оң тәжірибе бар. Биылғы 5 айда 743 пікірсайыс клубы ашылып, республика бойынша бұл көрсеткіш 5905-ке жеткен. 

«Бірақ бұл сан тұрғындар санының әралуандығына және ауылдарда қосымша білім беру үшін тиісті инфрақұрылымның болмауына байланысты әлі де жеткіліксіз. Бәлкім, осындай мекемелердегі жүктемені реттейтін стандарт керек шығар, ал жер­гілікті билік балаларға арналған қосымша үйірмелер мен секциялар ашуға басымдық бергені жөн», деді комитет өкілі.

Аяна Тоғанбек