Осындай тақырыпта Алтайдың баурайында халықаралық ақындар айтысы өтті. Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген танымал айтыскерлер жыр додасында бақ сынасып, Катонқарағайдың көркемдігін сүбелі сөзбен жырлады.
Алтайдағы бұл аламанға Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Аспанбек Шұғатаев сынды танымал 16 ақын қатысты. Жыр додасына Ұлықбек Есдәулет, Кәмел Жүністегі, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек, Серік Құсанбаев қатарлы сөз зергерлері қазылық етті. Ал айтыстың тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ұстады.
– Бұл айтысты Алтайдың атымтай жомарт азаматтары ұйымдастырып, қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Мақсатымыз – осындай табиғаты бай, сұлу өлкені өзге жұртқа таныстыру, Катонқарағай жері туризмнің төрі екенін таныту. Әр елден келген жыр жүйріктері бүгін осыны тілге тиек етері сөзсіз, – деп айтыстың шымылдығын ашты Жүрсін Ерман.
Айтысты Шығыс Қазақстан облысының ақыны Серік Қуанған мен Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Еркебұлан Қайназаров бастады. Кесек сөйлеп, кесімді ой айтып жүрген ақын Серік Қуанған жырын нөсерлете келе: «Тәңір өзі тартуға беріп тұрған, табиғат құшағына енгенсіңдер, ұлылықты ұқтырған елденсіңдер, жұмыр жердің бетінде бар болса егер, жұмақта өмір сүрген сендерсіңдер», деп бір қайырды.
Әуелде «Алтайда халықаралық айтыс өтеді» дегенді естіген жұрт Катонқарағай ауылының орталық алаңынан табылған. Ашық аспан астында өтіп жатқан айтыстың бір ерекшелігі, көрерменге орындықты сығымдалған (престелген) төрт бұрышты шөптен жасаған. Алғашында көзге оғаштау көрінгенімен, жамбастай жатып, айтыс көруге өте қолайлы екен. Халық эко-орындық деп әзілдесіп жатты.
Ал ақындардың тағы бір жұбы болып Зайсанның жас бөрісі Ардабек Ақбаба мен моңғолиялық Серуен Әзімұлы шықты. Десе де, Алтайды жырлаудан Ардабектің асып түскенін жырға шөлдеген халық төрешілерден бұрын байқады.
Ақындардың легі осылай жалғасып жатты. Аспанбек Шұғатаевтың да «Бір сүйем жер бермеген бабалардың, сүйегін Ресейге шашасыңдар» дегендей сөзі де елдің есінде қалды. Себебі Берелден табылған сақтардың сүйегі, құнды жәдігерлердің табылғанын ғана білеміз де, қайда, кімнің қолында кеткенін білмейміз. Әйтеуір Петерборда, зерттеуде деседі. (Зерттеу дегендей, мұның өзі зерттейтін тақырып)
Алтайды жырлауда қай ақын да тізгін тартар емес. Байқағанымыз, Оралхан мен Алтай егіз ұғымға айналған. Қай ақын болмасын, жырының соңына Оралханның ойымен нүкте қойып отырды.
Алтайдың асқақ даласын тақырыпқа арқау еткен алғашқы халықаралық айтыстың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрап, бас жүлдеге 5 миллион теңге тігілді. Ұтымды ойымен оза шапқан зайсандық ақын Ардабек Ақбаба айтыстың бас жүлдесін жеңіп алып, 5 миллион теңгені қанжығасына байлады. Осылайша, халықаралық айтыста жаңа есім жұртқа танылып, мықтылардың қатарын толықтырды. Ал екі миллион теңгелік бірінші орынның сыйлығы қызылордалық ақын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бір миллион теңгеден жүлде тігілген екі екінші орынды Рүстем Қайыртайұлы мен Еркебұлан Қайназаров еншіледі. Айтыстың үшінші орнын өзбекстандық Талғат Орынбеков пен алматылық Хазірет Бердіхан жеңіп алып, 500 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындардың да қоржыны бос қайтқан жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы