• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Шілде, 2022

Қаралы кезең картинасы

503 рет
көрсетілді

Қазақ халқын қынадай қырған ашаршылық тақырыбының айналасында әлі де анықталма­ған тарихи деректер, шұқшия қарауды қажет ететін жайттар аз емес. Мемлекет басшысы өзі­нің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақа­ла­сында осы мәселеге айрықша тоқтала отырып: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қыры­лып қалмағанда халқымыздың саны әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыз­дың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді» деген болатын.

Президент аталған ойдың жалғасын­да ашаршылыққа байланысты ала-құла деректер мен әртүрлі көзқарас қоғамды адастыратынын, сондықтан тиісті тарихи құжаттар мен жиналған деректерді мұқият зерттеу ғылыми қоғамдастық үшін ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін баса айтты.

Әлбетте, мұндай ауқымды тақырыпты кемеріне жеткізіп, түбегейлі зерттеп-зерделеу аз уақытта атқарылар шаруа емес. Тарих нақтылықты сүйеді. Жалған долбар, байлам-болжам қасіретті кезеңнің картинасын әділ таразылай алмасы анық. Сондықтан тарихи құжаттардың әлеуетіне сүйенудің маңызы зор. Осыны ескерген архив ғалымдары бұл тақырыптағы аса құнды деректерді қамтыған қос томдықты жарыққа шығарды. «Қазақстандағы ашаршылық 1921-1923» деп аталған еңбек қазақ даласын жалмаған ашаршылықтың алғышарттары мен себептері, барысы мен салдары туралы мол мағлұмат бере отырып, ауыр нәубеттің тарихын толық түсінуге жол ашады.

Тарихи еңбектің таныстырылымы­на жи­нал­ған ғалымдар 1921-1923 жылдар­дағы ашаршылық тарихына қатысты тың құжаттар кешені алғаш рет топтастырылып, ғылыми айналымға енгенін айтады.

– Ашаршылық ұлт тарихын қасіретпен айғыздаған ауыр нәубет. Зұлмат шырқау шегіне жеткен 1922 жылдың қыс-көктем айларының өзінде 3 млн-ға жуық адам аштық құрсауына ілініп, 1 млн-ға тарта бала қараусыз қалды. Тіпті адам етін жеу фактілері де тіркелді. Мұндай құжаттар архивте көптеп кездескенімен, оларды жинаққа қоспауды жөн көрдік. Архив ізденісі жұмыстарының нәтижесінде айқындалған тарихи деректерді зерделей отырып, оларды археографиялық өңдеуден өткізу барысында құжаттар жинағына жалпы саны 450-ден астам құжат пен материал енгізілді. Бұл жинақ зерттеушілер үшін де аса қолайлы құрал болады деп есептейміз. Тарихи құжаттар жинағы еліміздің барлық аймағындағы ірі кітапханалар мен іргелі оқу орындарына таратылады, – дейді Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай.

Сол бір қилы кезеңде ашаршылықтың зардабын тартпаған әулеттер кемде-кем. Іргелі еңбектің жарық көруіне қаржылай қолдау танытқан меценат-дәрігер Ғани Смаханұлы жинақтың таныстырылымында өз нағашы жұртының басынан өткен ауыр күндерді әңгімелеп берді.

– Өзімнің нағашы жұртым Әсіл ата немересі Құлбайтегі Ысаұлы Біләл көкем өзінің бір кіндіктен 14 ағайынды бол­ғанын, оның 11-і осы зұлматты жылдар алапатынан көз жұмғанын бізге күр­сініспен айтып отыратын. Ол кісі үнемі тоқтықтың қадірін білуді, ысырапқа жол бермеуді, халыққа, ағайынға мейірімді болуды насихаттап үлгі ететін. «Алланың берген әр күніне тәубе етейік» дей­тін, жарықтық көкем. Осындай салмағы ауыр әңгімелерді шешесі Қошаман­қызы Зәурекүл әжеміздің ұрпағына туған келіні Әсем Қасымқызына жеткізгенін ел-жұрты бүгінгі күнге дейін, «Көксарай» ауылының көнекөз тұрғындары үлкен тебіреніспен айтады. Сонда інісі Төрехан көкем қарындасы Қапиза апам әке-шешесіне күндіз қолғабыс жасап, түнде «бір уыс бидайды» қол диірменге тартып талғажау еткенін, аш құрсақтарын тойдырмаса да өмірлерін солай сақтап қалғанын бізге жеткізген. Осы оқиғалар­ды жасымнан естіп өскендіктен де осынау тарихи маңызы зор жинаққа қол­дау білдіруге бірден келісімімді бердім. Тарихты танудағы басты мақсат – өткенге салауат айта отырып ұлттық рухымызды жану, қайраттану, ынтымаққа ұйысу, сол арқылы тәуелсіздігіміздің тұғырын сақтап қалу. Бүгінгі ұрпақ сол жылдардың ызғарын, салмағын бар болмысымен сезіне алса ертеңіміз жарқын, – дейді Ғани Смаханұлы.

Иә, зұлмат жылдар зобалаңын көз алдымызға әкелетін мұндай оқиғалар қазақ даласында аз болған жоқ. Қазақ үкіметін (Совнарком) үзіліссіз 14 жыл басқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов: «1917 жыл бір тамшы жауын болмай, қатты құрғақшылық болды. Жылына екі мәрте таситын Сырдарияның суы саға­сынан шықпай қалды. Қанша елді және оның миллиондаған бас малын асырап келген егістіктері, майса шабындықтары, байтақ жайылымдары шөлге айналды, қыс аса қатты болды. Осындай жағымсыз құбылыстардың салдарынан тұрақты суармалы жері жоқ қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Одан кейінгі жаппай ашаршылық халқымызға ауыр қасірет арқалатты», деп жазады бір естелігінде.

Жинақ деректеріне сүйенсек, түрлі кеселдің өршуі, шегірткенің қаптауы ашаршылық дертін одан сайын асқындыра түскен. Айталық, 1921-1923 жылдардағы ашаршылық тек Қазақстанның 5 губерниясы мен 1 уезін ғана емес, кеңестік Ресей Федерациясының 30-дан астам губер­ниясын қамтыды. Әсіресе Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары ашаршы­­­лық­тан қатты зардап шекті. Ашаршы­лық ­жай­лаған осы 35 губернияны мекендеген ­90 миллион халықтың 33 миллионы (ресми мәліметтерде 22 558 550 адам) аш­тықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құрбаны болды. Бірақ бүгінгі таңға дейін 1921-1923 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарынан өрши түскен жұқпалы аурулар және індеттерден қайтыс болған адамдардың санын нақты анықтаған бір­де-бір зерттеу жұмысы жоқ. 1921-1923 жылдары Қазақстанда болған ашаршы­лық тарихы – отандық тарихнамасы­ның осал тұстарының біріне жатады. Бұл тақырып кешегі кеңес тарихнамасын­­­да да дұрыс қарастырылмады. Зерттеу­ші­лер Азамат соғысынан кейін болған 1921-1922 жылдардағы ашаршылық­­тың басты себептері ретінде Кеңес өкіме­тін орнату жолындағы күрес барысын­да шаруашылықтың күйзеліске ұшырауын, қуаңшылықты, Азамат соғысының қиын­шылықтарын, билік тарапынан жіберілген экономикалық қателіктерді баса көрсетеді.

«Президент Жарлығымен құрылған мемлекеттік комиссияның бастамасымен, ғалымдардың үлкен еңбегінің нәти­жесінде бұған дейін Қазақстандағы ашар­шылық туралы 5 томдық жарық көрді. Алғашқы 5 томдық 1931-1932 жылдардағы аштықты арқау етті. Ал 1921-1923 жылдардағы ашаршылық осы уақыт­қа дейін көлеңкеде жатқан тақырып еді. Нақты ресми құжаттармен дәйектелген жинақ ашаршылық тақырыбын зерделе­гісі келген ізденушілерге жолбасшы болады деп есептейміз. Тақырып өте ауқым­ды болғандықтан алдағы уақытта үлкен толықтырулар енгізіліп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табады деген сенімдеміз», дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді.

 

АЛМАТЫ