Қазақстан мұнайы экспортының 82 пайызын (жылына 67 млн тонна) тасымалдап отырған «Каспий құбыр желісі консорциумының» (КҚК) қызметі 30 тәулікке тоқтады. Мұндай шешімді Новороссийск қаласының Приморье аудандық соты қабылдады. Ространснадзор мұнайдың апатты төгілуін жою жоспары бойынша бірнеше құжаттық бұзушылықты анықтапты. Сөйтіп, бірнеше жылдан бері басты экспорттық маршрутымызға айналған, халық арасында КТК атымен танылған консорциум тағы да тығырыққа тірелді. Осы орайда кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесті айрықша атап өту керек. Мемлекет басшысы мұнай экспорты жолдарын әртараптандыруды тапсырды. Сонымен қатар транскаспий бағытына басымдық беру қажет екенін айтты.
Алғаш рет КҚК жұмысы наурызда Қара теңізде тұрған дауыл салдарынан бір айға тоқтап, Қазақстан 330 млн доллар табысынан айырылған еді. Екінші рет маусымда теңіз табанынан Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған миналарды іздейміз деп, 1-ші және 2-ші айлақтық құрылғылардың жұмысы тоқтап қалды. Мина табылды ма, табылмады ма, әйтеуір жарты айлық үзілістен соң КҚК қайта жұмысын бастады.
Шілденің 4-інде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақтың президенті Шарль Мишельмен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналатын Еуропа одағымен орнықты байланысты дамытуға бейілді екенін атап өткен болатын.
«Қазақстан Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасында «аралық нарық» рөлін атқара отырып, бұл іске өз үлесін қоса алар еді» деді Президент. Әрі Еуропа одағын балама трансқұрлықтық дәліздерді, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту ісінде ынтымақтастық орнатуға шақырды. Расымен, біздің экспорттық һәм транзиттік әлеуетімізді бір ашса, осы Транскаспий дәлізі ашады. Ашып қана қоймайды, Ресейге бағдарланған экспорттық тәуелділіктен арылтады.
Өткен айда Брюссельде Қазақстанның транзиттік стратегиясын және Транскаспий бағытының перспективасын талқылаған жиын да өтті.
«Қазір еуропалық институттар Қазақстанды тек қана саяси ғана емес, экономикалық тұрғыдан да мықты серіктес санайды. Транспорттық серіктестіктің нығаюы – біздің Еуроодақпен байланысымыздың аясын кеңейтудегі базалық элемент саналады», деді Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұхан.
Қатер ме, мүмкіндік пе?
Айналдырған аз күннің ішінде Қазақстанның осындай іргелі қадамдарға баруы, баламалы жолдар қарастыру бойынша түркі елдерімен (Түркия, Әзербайжан) қарым-қатынасты нықтай түсуі – белгілі бір деңгейде Ресейдің шамына тиетін-ақ әрекет. Ресейлік БАҚ-тар КҚК арқылы экспорттың тоқтауынан Қазақстан бюджет кірісінің 40 пайызын жоғалтады, Қазақстанның басқа балама маршруттарының жиынтық мүмкіндігі КҚК мүмкіндігінен үш есе төмен деп жазып жатыр.
КҚК-ның қолайлы екеніне тағы бір себеп – тасымал құнының арзандығы. 26 наурызда телеграмдағы Energy Analitycs каналы оқырмандарына «Болашақта КҚК-ның уақытша жабылып қалуынан құтылу үшін Қазақстан мұнай экспорттаудың қандай бағыттарын қарастыруы керек?» деген сауал тастаған. Сауалдамаға жауап бергендердің 6 пайызы «өте арзан болғандықтан КҚК-да қала беру керек» десе, 39 пайызы Баку-Тбилиси-Жейхан маршрутын балама нұсқа ретінде дамыту қажеттігін қолдаған. 6 пайызы – Қазақстан-Қытай бағытын, 7 пайызы – Иранның Нека портын қолайлы көреді. Ал 61 пайызы қайткен күнде де КҚК-дан құтылу үшін кез келген баламалы жолды қарастыруды жөн дейді. «Осы жолы қанша жерден арзан болса да КҚК маршрутын жақтаушылар өз пікірлерін өзгертеді деп үміттенемін. Өйткені бұл бағыт бойынша тәуекел факторы бәрібір жоғары», деп жазады канал авторы.
Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, 30 күндік кідірістен экспорттаушылар 300-500 млн доллар кіріс жоғалтады.
«Қазір Атасу-Алашанькоу құбыр желісі жылына 12 млн тонна мұнай тасымалдайды, оның 10 миллионы – ресейлік мұнай. Кезінде РФ арқылы өтетін арзан маршрутты таңдадық та өзімізде Қытайға жіберетін мұнай қалмады. Енді экономикалық қауіпсіздікке қатер төніп тұрған кезде РФ-мен келісімшартты тоқтатып, 10 млн тоннаны Қытайға қарай бағыттау қажет. Қосымша компрессор көмегімен бұл құбырдың қуаттылығын 20 млн тоннаға дейін жеткізуге болады. Екінші нұсқа – біздің теміржол арқылы Қытайға аттанатын РФ тасымалын шектеу. Сөйтіп, теміржолмен мұнайды Шығысқа, Өзбекстан мен Қырғызстан мұнай өңдеу зауыттарына жіберу қажет. Тағы бір күрделілеу шешім – Каспийдегі үш портымыз – Ақтау, Құрық және CatRo-ны пайдалана отырып, бүкіл тасымалды Бакуге жөнелту. Сондай-ақ АҚШ-пен байланысқа шығып, Парсы шығанағындағы Қазақстан – Түрікменстан – Иран құбыр желісінің құрылысынан санкцияны алып тастауды өтіну де – бір амал. Қазақстан үшін қиынға соғады, әрине. Салық пен инвесторлардың оптимизмін жоғалтамыз. Бірақ қанша қиын болса да бұл тығырықтан шығамыз», дейді экономист.
Бұл жағдай Қазақстанның импорт қабылдап, көмірсутекті экспорттауға қатысты ұстанымына әсер етіп, жаңа инфрақұрылымдық шешімдер іздеуге жол ашады. Саяси шолушы Никита Шаталов осылай дейді. «Тоқаевтың халықаралық турнесі қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр – Иран билігі теміржол тасымалы бойынша 44 пайызға жеңілдік беріп отыр, ал түрікмендер оны 3 есе төмендетті», деп дерек келтіреді шолушы.
КҚК ұлттық құбыр желісіне айнала ма?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов бұл тақырыпқа орай былай пікір білдіреді: «Ресейде КҚК-ны ұлттық ету мәселесі бұрыннан айтылып келеді және ел билігі оны экологиялық талаптардың бұзылуынан бастап отыр. Мен осыған дейін 15 жыл бұрын «Росприроднадзордың» Сахалин-2 жобасынан ондаған млрд долларға бағаланған экологиялық бұзушылық анықтап, артынша «Газпромның» жобаға 50 пайыз үлеспен кіргенін жазып едім. Жақында ғана В.Путин Sakhalin Energy («Газпром», Shell, Mitsui және Mitsubishi-дің бірлескен кәсіпорны) компаниясын ұлттық ету туралы жарлыққа қол қойды. Көп адам Путиннің бұл шешімін «достастығы» жоқ елдердің компаниясына қатысты энергетикалық активтерді ұлттық етудің бастамасы деп санайды», дейді сарапшы.
Балама бағыттың қайсысы тиімді?
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша биыл Ақтау-Баку-Тбилиси-Жейхан бағытына жылына 1,5 млн тонна және Ақтау-Батуми арқылы күзге таяу 1,5 млн тонна мұнай жөнелту жоспарланған. Ал орта мерзімді перспективада (2023-2025 жылдары – жылына 20 млн тонна): Ақтау – Баку – Батуми арқылы (теміржол) – 5 млн-ға дейін, Ақтау – Баку – Супсе арқылы (мұнай құбыры) – 5 млн, Ақтау – Баку-Тбилиси-Жейхан арқылы – 5 млн-нан көп және Ақтау – Иран арқылы (своп-операция) 5 млн-ға дейінгі көлемде мұнай тасымалдау жоспарда бар.
Ұзақ мерзімді перспективада Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты жылына 20 млн тоннадан астам мұнай тасып беруі тиіс. Алайда ол үшін көп инвестиция қажет дейді сарапшылар. Себебі аталған бағыттың мүмкіндігін толық пайдалану үшін – Ескене/Теңіз – Ақтау/Құрық мұнай құбырын; Ақтау/Құрық терминалын, Бакудегі ауыстырып тиеу терминалын және ауқымды танкерлік флотты жөндеуден өткізу қажет. Energy Analitycs сарапшыларының есептеуінше, қазір Баку – Тбилиси – Жейханның тең жартысы пайдаланылмай тұр.
Argus халықаралық тәуелсіз бағалау агенттігінің мәліметінше, реконструкция жұмыстары аяқталғаннан кейін Ақтау теңіз портының қуаттылығы жылына 12,5 млн тоннаға дейін артпақ. Қашаған кен орнының басшылығы биыл қазан айынан бастап мұнайды Ақтау порты арқылы жөнелтуді жоспарлап отыр. Иранға мұнайды своптық жеткізу де – бір нұсқа.
«Қазақстан Президентінің Иранға сапарынан кейін Иранға шикізатты транскаспийлік жеткізуді қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазақстан мұнайын Иранға своптық жеткізу 2011 жылға дейін жылына 2-3 млн тоннадан жеткізіліп келген еді. Мұнай Иранның Нека портына жеткізіледі, әрі қарай мұнай өңдеу зауыттарына барады. Оның орнына жеткізуші дәл апарған көлеміндей мұнайды алып қайтады. Ақтау – Нека бағытымен мұнай тасымалдау үшін фрахт (тасымал құны) бағасы тоннасына 16-18 долларды құрайды. Нека арқылы мұнайды апару тоннасына 10-12 доллар болады, ал зат алмастыру бойынша құн осыған дейін тоннасына 16 долларға бағаланған еді. Оған Атыраудан Ақтауға дейінгі теміржол тарифін қосыңыз – тоннасына 30 доллар. Барлығын есептегенде, тоннасына – 75 доллар.
«Некадағы терминал Тегеран мен Тебриздегі мұнай өңдеу зауыттарымен мұнай құбыры арқылы жалғанған. Құбыр желісінің өткізу қуаттылығы тәулігіне 370 мың баррельді құрайды. Ол әрі қарай 500 мың баррельге дейін кеңеюі мүмкін», деп жазады телеграмдағы Energy Monitor каналы.
Президент бағытты өзгертуге тапсырма берді
Кеше транспорттық-транзиттік әлеуетті дамыту бойынша Ақордада өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалын әртараптандырудың маңызы ерекше екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар Транскаспий бағдары басым бағыт екенін де атап өтті.
Еске салайық, Транскаспий халықаралық транспорт бағыты (ТХТБ) Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясын, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Қара теңізді басып өтіп, әрі қарай кәрі құрлыққа жол бастайды. ТХТБ қауымдастығына теміржол әкімшіліктері, порт, кеме және логистикалық компанияларды қоса есептегенде 8 елден 20 компания кіреді.
КҚК қызметін тоқтату туралы Приморский аудандық сотының қаулысына қарамастан Қазақстанда мұнай өндіру тоқтаған жоқ. Керісінше, өсе түскен. iacng.kz мәліметі бойынша 6 шілдеде елімізде 219 мың тонна «қара алтын» өндірілген. Бұл соңғы айдағы орташа көрсеткіштен 15 мың тоннаға көп. КҚК мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау жалғасуда (оны бірден тоқтатып тастау қиындау). Оның үстіне теңіз терминалындағы резервуарлар 500 мың тоннаға дейін мұнай сақтай алатындай етіп салынған. Соңғы мәлімет бойынша қазір SEAFAITH және DELTA EURYDICE танкерлері екінші күн қатарынан (сот шешімінен кейін) мұнай тиеуді жалғастырып жатыр. Бұл теңіз терминалына Еуроодақтың да, АҚШ-тың да санкциялары салынбаған. Себебі құбыр консорциумындағы ресейлік «Транснефть» компаниясының үлесі 25 пайыздан төмен.
Қалай болғанда да КҚК біз үшін енді қауіп емес, жаңа мүмкіндіктің бастамасы болатынын ұғындырып өткендей.