Өзгеріс уақыты. Әлем өзгеріп жатыр. Экономикалық заңдылықтар да, шарттар да, бағыттар да өзгеруде. Не біз сол әлеммен бірге өзгереміз, не қиындықтармен бетпе-бет келеміз.
Кеше Президент жиын өткізді. Жиынның мақсаты транзит жолдарын дамытуға бағытталды. Мына сөзді қараңыз: «Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін» дейді.
Бұл не деген сөз? Бұл шикізатымыздың басым бөлігін Каспий арқылы не Иранға, не Әзербайжанға жеткізіп, басқа бағыттарды іздеуге тиіспіз деген сөз. Соңғы айда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты көп айтылды. Енді «Қазақстан – Әзербайжан – Грузия» немесе «Қазақстан – Әзербайжан – Грузия – Түркия» бағыттарын дамытуға ден қоямыз деген сөз. Екі маршрут та Қара теңізге шығуға мүмкіндік береді және Еуропаға тауарымызды жеткізуге болады. Бірақ ең маңыздысы біз Ресей аумағы арқылы тасымалданатын шикізат мөлшерімізді азайтып, Ресейдің қысым рычагының салмағын төмендетеміз.
Тағы бір мәселе көтерілді. Ол – көлік-логистика саласында теміржол мен автожолды дамыту. Бұл – өте маңызды. Соның ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу бойынша нақты тапсырма берілді. Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен автожолдарын жөндеу маңызды екені айтылды. Елішілік жолдарды талапқа сай етіп, логистикалық мүмкіндіктерді де арттыра түсетіні айтпаса да түсінікті.
Теміржолды дамытып, шикізат пен өзге тауар түрлерін дамытудың алда тағы екі бағыты қарастырылады деп ойлаймын. Ол «Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан» жолы, «Қазақстан –Түрікменстан – Иран» арқылы Парсы шығанағына шығу мүмкіндігі және Қазақстан – Қытай жолы арқылы Қытай порттарына шығып, Оңтүстік-Шығыс Азияға бағыт алу. Қателеспесек, Қытай бізге порт берген немесе беруге дайын.
Міне, біз де тарыққанда транзиттің жаңа жолдарын іздей бастадық. Жаңа бағыттарға уақыт керек, бірақ ол өзін ақтайды. Себебі біз бірнеше бағыт бойынша ішкі және сыртқы логистикалық маршруттарды әртараптандырамыз, мұнай жеткізуді диверсификациялаймыз. Ресейге салынған санкциялық қысымдар жеткізу жолдарын үзді, ал Ресей бар жолды өз қолымен жабуда. Бұл – оның қателігі, ал бізге басқа бағыт іздеуге себеп және үлкен мүмкіндік.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы