Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай жеткізуді әртараптандыруды маңызды міндеттердің бірі деп атап, Транскаспий бағдарын басым бағытқа айналдыруды, «ҚазМұнайГазға» заманына қарай амалын жасап, уақытша жабылып жатқан бағыттардың қашан ашылатынын босқа күтіп, уақыт жоғалтпай, жаңа маршруттарды дамытуды тапсырды.
Ақордада өткен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі жиында: «Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау жолдарын әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.
«Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасы инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», деді Президент.
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты, бұл құбыр арқылы айдалатын көлем – 80 пайыз. Желінің қуаттылығы жылына 67 млн тонна мұнайды құрайды. КҚК акционерлерінің қатарында Ресей Федерациясының үлесі басым екені белгілі. Одан кейінгі қомақты үлес – Қазақстанда. Нақтыласақ, Транснефть басқаруында – 24 пайыз, баланста – 7 пайыз, жиынтығы – 31 пайыз.
Геосаяси жағдай мемлекеттің негізгі экспорттық тауары – мұнайдың бағытын әртараптандыруды үнемі жалғастыра беру қажеттігін тағы да еске түсірді. Наурызда КҚК-ның Новороссийск портындағы екі айлақтық қондырғысы істен шыққан кезде Ресей Қаратеңіздегі күшті дауыл себеп болғанын айтты. Ал одан кейінгі – «теңіз түбінен аса қауіпті жарылғыш заттар анықталғандықтан». КҚК-ның ресми сайтында консорциумның бас директоры Николай Горбанның 2022 жылдың 18 маусымында I және II айлақтық құрылғылар акваториясында жарылу қаупі бар заттарды іздеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан Төтенше жағдайлар министрлігі құрама отрядының басшылығымен кездескені, кездесу барысында бүйірлік сканерлеу аппаратының көмегімен бірқатар нысанды түсіру бойынша одан әрі жұмыстарды жүргізу тәртібі әзірленгені айтылған. «Минаға ұқсас объектілер туралы деректерді растауды мобильді сүңгуір топтары мен қашықтан басқарылатын суасты көлігі (ROV) жүргізетіні анықталды. Қауіптіліктің анықтамасы негізінде расталған жарылғыш объектілер олардың жойылу орнына (теңіз аймағында, айлақтық құрылғылар аумағынан тыс) ауыстырылады» делінген хабарламада. Ал 6 шілде күні Каспий құбыр консорциумы Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотына сот шешімінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтініш жібергені белгілі болды. Онда Каспий құбыр консорциумының үздіксіз циклді кәсіпорын екені, оның қызметін тоқтату өндірістік процесс үшін қайтымсыз зардаптарға, техникалық объектіде қолайсыз және бақыланбайтын процестің пайда болуына әкелетіні айтылған.
Көпшіліктің көңілінде «Транскаспий бағыты КҚК-ға балама бола ма?» деген сауал бар. Мамандар арасында Ресей осы жағдай арқылы біздің мұнайды Еуропаға шығармауды ойластырып отыр деген пікір басым. КҚК сот шешімін тоқтатуды өтінсе де бұл жағдайдың алдағы уақытта «көзір» ретінде қайталана беретінін айтып жатыр. Қысқасы, біраздан бері «КҚК-да мұнай тасымалдау қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр» деген хабар жұрттың алаңдауын онша баса алған жоқ. Қауіп те сейіле қоймады.
Не істемек керек...
Қоғам «Каспий құбыр консорциумының орнын алмастыру үшін не істемек керек?» деген сауалға жауап күтіп отыр. Бұл ретте Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов айына 4,5 млн тонна тасымалдауға мүмкіндік беріп келген Каспий құбыр консорциумына балама бола алатын бағыт әзірге жоқ екенін айтады.
«Бізге дәл қазір ертеңгі жоспар ғана емес, қолдағы барымыз да маңызды. Қазіргі мүмкіндік 1-1,5 млн тонна тасымалдауға жетеді. 2020-21 жылдары біз Ақтау портынан тек 2 млн тонна мұнай жібердік. Осы көктемде «Теңізшевройл» компаниясы екі айда темір жол арқылы 500 мың тоннаны жөнелтті. Бюджет мұнайға, ал мұнай сапасы технологияның үздіксіз жұмыс істеп тұруына тәуелді. Технологияны тоқтатса, мұнай қоймалжыңға айналып, сапасы төмендейді», дейді ол.
Н.Жұмағұловтың айтуынша, қазір компаниялар қара алтынды 25 доллардан сатады. Ал әлемдік нарықтағы баға – 100 доллардан асып кеткен. Арадағы айырмашылық экспорттан түскен пайданың есебінен жабылып келген. «Қазақстан Әзербайжанмен жеткізілім көлемі мен тариф бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуі қажет. Менің білуімше, Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнайды өз шарттарымен қабылдауға келіседі. Бұл 10 жылға кепілдік берілген жеткізу келісімшарты болуы керек», деп атап өтті сарапшы.
Осы тұста сарапшы қазақ мұнайын Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) құбыры арқылы айдауда да проблемалар бар екенін айтып өтті. Себебі БТД құбыры біздің мұнаймен салыстырғанда жеңіл және Бренд маркалы мұнаймен салыстырғанда қымбат Azeri Light мұнайына бейімделген. Егер Теңіз бен Қашағанның күкіртті және ауыр мұнайы түсетін болса, онда БТД акционерлері мұнай сапасының төмендеуіне байланысты кірістерін жоғалтпау үшін айдау тарифін көтеруі мүмкін.
Н.Жұмағұлов Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан өзге балама жолды қарастырмады деген әңгіме негізсіз екенін айтып берді. Бірақ күні бүгінге дейін жоба деңгейінде қарастырған кезде олардың бәрі КҚК-дан қымбат болып шығыпты. Мұнай жөнелтуші инвесторлар ең жылдам әрі арзан бағытты таңдайды. Сарапшы айтып өткендей, біз үшін әзірге КҚК ең қуатты және ең арзан бағыт болып тұр.
Сарапшының баяндауынша, бірінші кезекте мәселе танкерлерге байланысты болып тұр. Оларды жалға алу арқылы мәселе шешілген күннің өзінде паромдар да тапшы. Қазір бір паром 54 темір жол контейнерін ғана сыйғыза алады. Осы мәселелер шешімін тапса, Ақтау жүк қабылдап-жөнелтетін халықаралық алып хабқа айналады. Сарапшының баяндауынша, Қашаған мұнайының қожайындары CNPC мен KMG Kashagan B.V. биылғы қазаннан бастап, қара алтынды Ақтау порты арқылы жөнелтуді ойлап отыр. Техникалық мамандарының делегациялары Ақтау айлағына барып қайтқан. Келіссөздерде отандық порт арқылы қашағандық мұнайдың алғашқы партиясы қазанда әлемге жол тартатыны айтылған. Әзірге көлемі және әрі қарайғы бағдардың жайы пысықталып жатыр.
Каспий арқылы өтетін маршруттардың нұсқалары қарастырылып жатыр
Саясаттанушы Замир Қаражанов Каспий Қазақстан үшін Еуропаға перспективалы бағыт болатынын айтады. Өткенді еске түсірсек, осындай жағдайды 1990-жылдары бастан өткеріппіз, Халықаралық құбырлар істен шығып, мұнайымызды темір жол цистерналарымен тасуға тура келген күндер де болған. Ал қазір тасымал бағыттары біршама диверсификацияланды. Қазір әңгіме сол баламалы бағыттардың өткізу қабілетін арттыруға басымдық беріп тұр. Геосаяси тәуекелдерден қорғану үшін Қазақстан Кавказ арқылы және Парсы шығанағына қарай балама көлік жолдарын қарастыруы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерді Иран мен Қатарда көтерді, талқылады. Сарапшы айтып өткендей, қазір Каспий арқылы өтетін маршруттардың әртүрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Жуырда Бакумен паромдық көлік қатынасы ашылғаны туралы хабарланды. Қауіпсіздік мәселесі әлі сейілген жоқ. Себебі осы бағыттағы соңғы нүкте Иранның Ресеймен байланысы дұрыс, бірақ ол елде де салынған санкциялары бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайды Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы әлемдік нарыққа шығаруды тапсырып отыр. Бұл бағытты Қазақстан мұнай тасымалдау жүйесін Баку – Тбилиси – Джейхан тасымалдау жүйесіне қосу арқылы құбырлық жүйемен де жалғастыруға болады. 1990-жылдардың аяғында осы жоба туралы әңгіме болғанда Ресей Каспий акваториясының экологиясы зардап шегеді деп қарсылық білдірген. Жоба қайта жанданып, Каспий теңізінің түбімен мұнай құбыры, ал келешекте газ құбыры тартылатын болса, онда Қазақстан ғана емес, тұтас Орталық Азия бауырлас Түркия порттары арқылы әлемнің түрлі бөлігіне өз энергетикалық өнімдерін жеткізу мүмкіндігіне ие болуы ғажап емес», дейді З.Қаражанов.
Экономист-сарапшы Шыңғыс Ергөбек Қазақстан Еуропалық энергетикалық нарық диверсификациясын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар елдердің қатарында екенін айтты. Ресей мұнайының орнын толық алмастыра алмағанмен Еуропа мұқтажының біраз бөлігін қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие мемлекетпіз. Бірақ мәселе Ресейдің Каспий құбыры консорциумын түрлі себептермен пайдалануға шектеу немесе оны тоқтату ниетінде екені соңғы уақытта айқын сезіле бастады.
«Бұл таза Украинадағы қақтығыспен ғана байланысты ұғым емес, құбырды бақылау Ресей үшін тұтас аймақты бақылау мүмкіндігімен пара-пар. Осыған орай аймақтық саясатқа ықпал етудің маңызды тетігін қолында ұстау арқылы Ресей қазақ мұнайының бағасын, оның көлемін, жеткізілу мүмкіндіктерін қадағалау, реттеу мүмкіндігіне ие болды. Ресей бұл тетіктен айырылғысы келмейтіні де түсінікті. Бірақ дәл қазіргідей құбыр жұмысының кешеуілдеуі аймақ елдеріне әлемдік нарыққа энергетика ресурстарын жеткізудің альтернативті бағыттарын іздеуге ықпал ететіні сөзсіз. Путин саясатының қызықты қырлары осы», дейді Ш.Ергөбек.
Сарапшы айтып өткендей, КҚК-ға балама жол үшін қаржы керек. Екіншіден, Ресеймен қанша жерден одақтас болсақ та Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатының нәтижесінде балама жолдарды қалыптастырдық.
«Әлемдегі мұнай нарығы бұрынғыдай емес. Еуропадағы мұнай тапшылығына қарамастан, Ресей энергетикалық ресурстар нарығында өз орнын жоғалтып алмау үшін әлі де Ресей мұнайына мүдделілік танытып отырған елдерге, оның ішінде Қытайға мұнай мен газды үлкен жеңілдікпен сатуда», дейді Ш.Ергөбек.
Біз үшін келешегі бар бағыт – Қазақстанның Ақтау порты арқылы мұнай тасымалын көбейту. Бұл бағытта Қазақстан Баку – Тбилиси – Джейхан құбырына жеткізілген мұнайды бұрыннан тасымалдауда. Егер порттың өткізу мүмкіндіктерін кеңейтетін болсақ, онда бұл бағыт та альтернативті бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Мұнда қосымша мүмкіндіктердің бірі – Иран арқылы тасымалдау.
«Қазақстан мұнайын Иран өзі алып, орнына Парсы шығанағынан өз мұнайын экспорттау мүмкіндігіне ие болуға болады. Бұл бағыттың өзі әлемдік нарыққа энергетика ресурстарын тасымалдауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл жерде де қитұрқы мәселе бар. Біріншіден, Кавказ – өте тұрақсыз аймақ. Таулы Карабах мәселесіне әлі нүкте қойылған жоқ. Ресей мен Грузия қатынастары мәз емес. Абхазия мен Оңтүстік Осетияның шешілмеген мәселелері – соның көрінісі. Әрине, бұл Баку – Тбилиси – Джейхан жобасы жұмыс істемейді деген сөз емес. Бұл жоба осыған дейін де өзінің тиімділігін көрсеткен маңызды жоба болды. Бүгінгі таңда бұл бағыт басты көлік құралдары – теңіз және темір жол арқылы өзара сауданың денгейін тұрақты өсіріп отырса, болашақта құбырлар мен тасжолдың мүмкіндіктері арқылы тауар айналымы еселеп артып, Жібек жолының толық қалпына келтіруге болатындығы сөзсіз», деп атап өтті сарапшы.
Әрине, бұл қаражат пен уақытты талап етеді, бірақ Қазақстан экспортын әртараптандырудың ең тиімді маршруттарының бірі осы болатыны сөзсіз. Қазіргі күннің өзінде жоба Қытай мен Еуропаны жалғастырушы маңызды бағыттардың біріне айналуда. Бұл Қазақстанның тауар экспортын әртараптандырып қана қоймайды, сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін еселеп өсіретін маңызды жоба болмақшы.
Сарапшылардың пікірінше, кез келген жобаға қомақты қаржы керек. Бірақ тәуелсіздік, дербестік ақшамен өлшенбейді. Еліміздің ертеңі осы әртараптандырумен байланысты. Қазақстанның қауіпсіздігін, оның ішінде экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі өзге елдердің Қазақстан тәуелсіздігі мен тұрақтылығы мүддесін қамтамасыз етуде жатыр. Яғни тәуелсіз Қазақстанға тек өзіміз ғана емес, аймақтағы барлық ел мүдделі болуы керек.
АЛМАТЫ