Еліміздегі бірден-бір химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС-дағы анықталған оқиғалар кейінгі кездері ел аузынан түспейтін аңыз әңгімеге айналды. Осыдан біраз уақыт бұрын мыңдаған қызметкері бар кәсіпорынның Сарысу ауданындағы бөлімшесінде оқыс оқиға тіркелді. «Қаратау» кен өндіру комбинатындағы фосфор ұнтақтайтын құрылғы ішінде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан кезде диірмен өздігінен іске қосылып кетіп, екі адам мерт болған еді.
Енді Тараздағы күкірт қышқылы цехы өндірісіндегі келеңсіз жағдайдан кейін көне шаһардың көк аспанын түтін басып, тұман торлады. Қою түтіннің қарқынынан қаймыққан жұрт он бес минуттың ішінде даурықпа әңгімеге дем беріп үлгерді. Тіпті мәселенің байыбына бармаған кейбіреулер: «Денсаулығымызға қауіп төндіргендері үшін ақы төлесін» деген сыңайда әлеуметтік желілерге жазба қалдырып та жатты. Ал шын мәнінде мәселе қалай болған еді?
Көне шаһардағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан қою түтіннен тұрғындарға қауіп бар ма? Серіктестіктің бас экологы Арман Қарғалиевке осы сауалды төтесінен қойған едік.
«11.07.2022 жылы сағат 20.00 шамасында «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» Тараз филиалының күкірт қышқылы цехында абсорбердің моногидратты сорғысы (тазартудың екінші сатысы) істен шығып, соның салдарынан түтіндік газдың қысқа мерзімді шығарылуы орын алды.
Сағат 20.15-те осы цехтың жұмысшылары зауыттың диспетчерлік пункті мен цех басшылығына хабарлап, цех жұмысын шұғыл тоқтатты. Компания басшылығы санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, жақын маңдағы қала көшелерінде және шығарындылардың негізгі көздерінде атмосфералық ауаны өлшеу жұмыстарын ұйымдастырды. Талдаулардың нәтижелері бойынша атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі анықталған жоқ. Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің зертханасымен бірге шығарындылардың негізгі көздерінде (БГС бөлімшесі) көміртегі тотығы, азот оксиді, аммиак, фторлы сутегі сияқты ластаушы заттардың құрамы бойынша жүргізілген бірлескен зерделеулер шығарындылардың ШРК шегінде орын алғанын көрсетті.
Сонымен қатар нақты уақыт режіміндегі автоматтандырылған бақылау жүйесінің көрсеткіштері бойынша негізгі шығарындылар көзінде (БГС бөлімі) фторид сутегінің артық мөлшері тіркелмеген. Атмосфералық ауадағы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайтын деңгейдегі ластаушы заттар тұрғындардың денсаулығына және қоршаған ортаға әсер етпейді.
Қысқасы, 15 минуттың ішінде тараған түтіннен ел даурықты. Әлбетте, мұндай жағдайда ауаға зиянды заттардың тарауы ықтимал. Әйткенмен, зерттеу нәтижесі көрсеткендей, шекті мөлшерден артық тараған жоқ.
Десе де жұртшылық дәл сол сәтте түтіннен төнген аздаған болсын қауіпті сезінбеді дей алмаймыз. Сол кезде адамдарды жөтел қысқаны рас. Әйткенмен, ол мезеттік дүние ғана. Оқиға болған кезде ғана халыққа әсер етті. Ал кейбіреулер байбалам салып жүргендей, апта бойы ауаға жайылып, елдің денсаулығына кері әсер ететіндей бұл экологиялық апат емес. Халық осыны түсінсе екен дейміз», дейді А.Қарағалиев жағдайды түсіндіріп.
Қазіргі кезде минералды тыңайтқыштар зауыты қалыпты режімде жұмысын жалғастыруда. Шығарындылардың барлық көздері үздіксіз бақылауға алынған. Тараз қаласында экологиялық жағдай тұрақты. Шығарындылар салдарынан күкірт қышқылы цехы мен Минералды тыңайтқыштар филиалының бірде-бір қызметкері зардап шеккен жоқ. Бізді қуантатыны да сол.
Таразда оқыс оқиға тіркелген сәтте облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулеттің жетекшілігімен жұмыс тобы құрылды. Мамандардан жасақталған топ түн қатып жұмыс істеді.
«Облыстық экология департаменті Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінде шекті рұқсат етілген концентрация бойынша өлшеу жүргізді. Нәтижесінде аммиак пен көмірсутегі бойынша шекті рұқсат етілген концентрация мөлшерінен аспағаны анықталды. Фтор қосылыстарының аздап жоғарылауы байқалған. Сондай-ақ Жамбыл облысы Шайқорық ауылында да зерделеу жүргізілді. Артық ештеңе байқалмаған. Тараз қаласындағы Сәтпаев көшесінде орналасқан «Қазгидромет» автоматтандырылған стансасының мамандары келтірген мәліметтерге сенсек, ауадан зияндылығы жоғары заттар табылмаған. Тараз қаласы тұрғындарына төнген ешқандай қауіп жоқ», дейді Р.Дәулет.
Ауаны жайлаған күмәнді түтін халықтың ойын сан-саққа жүгірткені рас. Жалпы, «Қазфосфатта» оқыс оқиға атаулы алғаш рет анықталып отырған жоқ. Ең бастысы, 15 минутта тізгінделген қауіпті түтіннен халықтың зардап шекпейтіні қуантады. Алайда бұл серіктестік басшылары сергек болуы керектігін айғақтай түссе керек. Тұман тудырған күмән сейілгенімен, «Қазфосфат» басшылары құрылғыларының сапасын жиі тексеріп тұрғаны жөн секілді.
Жамбыл облысы