Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина «Уимблдондағы» жеңісінен кейін елордаға келіп, қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездескен болатын. Назарларыңызға қазақстандық теннисшінің баспасөз конференциясында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға берген жауабын ұсынамыз.
– «Уимблдондағы» әр матчта бір-біріне ұқсай бермейтін ойын көрсеттіңіз. Жалпы турнир барысында сізге қай қарсыласыңыз көп қиындық тудырды?
– Матчтардың бәрі бірдей қиын болды. Сол себепті нақты біреуін бөліп-жарып айта алмаймын. Бірақ мен үшін финалдық матч ауыр өтті. Себебі кейінгі екі күнде қатты қобалжыдым. Турнирдің басы қалыпты, тыныштау болды. Бірақ финалдың алғашқы сетінде жақсы ойын көрсете алмадым, бұл жерде эмоциям кері әсер етті ме екен деп ойлаймын. Ал екінші-үшінші сеттерде қарсыласыма қарағанда жақсырақ ойнай алғаныма қуаныштымын. Өйткені Онс Жабер оңай қарсылас емес, әйелдер арасында ол сияқты ойнай алатын спортшылар өте аз. Жаберге қарсылас болу кез келген теннисшіге қиын.
– Финалдағы соңғы, шешуші соққыңыздан кейін қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл соққымның шешуші болатынын өзім де күткен жоқпын. Видеодан көрсеңіздер, не істерімді білмей есеңгіреп қалдым. Турнирдегі алғашқы ойынымнан кейін жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын сезе бастадым. Дегенмен, биылғы маусым мен үшін аса сәтті бастала қойған жоқ еді. Жыл басында жарақат алып, ол аздай сырқаттанып қалдым. Бірақ «Уимблдонға» өзімді жақсы сезініп келдім.
– Сіз бұған дейін «Уимблдондағы» табысыңыздың бір бөлігін Қазақстандағы жас теннисшілерді қолдауға және қайырымдылыққа жұмсайтыныңызды айтқан едіңіз. Қалған бөлігін қайда жаратасыз?
– Ең бірінші, соңымыздан еріп келе жатқан жас теннисшілерге көмектескім келеді. Сыйақының басым бөлігі жастарды қолдауға жұмсалады. Сонымен қатар табысымның бір бөлігін жануарларды қорғауға бағыттағым келеді.
– «Уимблдондағы» жеңісіңізден кейін Евгений Кафельников бұл жеңістің Қазақстанға еш қатысы жоқ, олар «дайын өнімді сатып алды» деп мәлімдеді. Бұл туралы не айтасыз?
– Мен Қазақстанға келгенде жасөспірім болатынмын. Ал жасөспірімді дайын өнім деп айтуға болмайды, өйткені жасөспірімдерден ересектер дуына қосылу өте қиын. Ол үшін сенің жаныңда кәсіби мамандар болу керек. Кәсіби спортқа ауысып, одан әрі қарай сәтті өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Санаулы адам ғана шыңға шыға алады. Бұл тұрғыда менің жолым болды. Сондықтан мені Қазақстанға «дайын өнім» ретінде келді деген пікірмен келіспеймін.
– Токио Олимпиадасындағы сәтсіздігіңізден кейін теннис мамандары сізді ол ойында психологиялық тұрғыда жеңіліп қалды деген еді. Ал араға жыл салып «Уимблдонда» жеңіс тұғырынан көріндіңіз. Осы уақыт аралығында психологпен жұмыс істедіңіз бе?
– Мен ешқашан психологтің көмегіне жүгінген емеспін. Өзімді әлі де жас теннисші санаймын және енді-енді тәжірибе жинақтап жатырмын деп есептеймін. Олимпиададағы ойыныма келер болсақ, әрине жүлдеге қол созым қалған жерде сүрінгеніме әлі күнге дейін ішім ашиды. Дегенмен, Олимпиадада жинаған тәжірибемнің арқасында «Уимблдонда» жеңіске жеттім.
– Неліктен Қазақстанды таңдадыңыз және басқа мемлекеттерден ұсыныс болды ма?
– Бұл – бес жыл бұрын болған оқиға. Сол кезде менің алдымда екі таңдау тұрды. Біріншісі – теннис ойнауды әрі қарай жалғастырып, кәсіби деңгейге көшу. Екіншісі – оқуға түсіп, білімімді жетілдіру. Өйткені мені АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеттері оқуға шақырған болатын. Осы жерде көптеген жас теннисші екінші жолды таңдап жатады. Мен «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, жастар арасындағы рейтингте үшінші орында тұрған едім. Ересектер арасындағы WTA күнтізбесіне енетін алғашқы турнирімді де сәтті өткіздім. Содан кейін маған Қазақстаннан ұсыныс түсті. Меніңше, бұл өте сәтті ұсыныс болды және ол дер кезінде жасалды. Осылайша, спорттағы тағдырым Қазақстанмен байланысты жалғасып жатқанына қуаныштымын. Бүгінге дейін жеткен жетістігімнің бәрі Қазақстанның арқасында екенін жасырмаймын. Қолдауларыңыз үшін көп рахмет.
– Қазақстан теннис федерациясы тарапынан берілетін сыйақыдан не үшін бас тарттыңыз?
– Федерация маған бұған дейін де көмектесті, әлі көмектесіп жатыр. Енді менің кезегім келді деп ойлаймын, яғни алғысымды сөзбен емес, іспен де дәлелдейтін уақыт жетті. Менің жеңісім баршаға ортақ. Алдағы уақытта бұл жеңісіммен тоқтап қалмаймын, әлі талай жеңісті сәттер күтіп тұр деп үміттенемін. Тиісінше қайырымдылық жасау да жалғасын табады.
– Өзіңізді іштей қай елдің азаматы сезінесіз және қай қалада тұрасыз?
– Әрине, мен Қазақстан азаматымын. Бұл сұраққа бұған дейін де бірнеше рет жауап бергенмін. Өкінішке қарай, теннис – өте қиын жұмыс. Кейінгі екі жылда тұрақты мекенім жоқ. Апта сайын бір қонақ үйден екіншісіне көшіп жүремін.
– Турнир алдында чемпион боламын деген сезім болды ма?
– Әрине, басыңнан өткен кез келген нәрсенің бәрі ұмытылмайды, оны уақыт өте келе түсіне бастағандаймын. Қазір мен үшін бәрі жаңа, тың дүние, көптің назары менде болып жатыр. Журналистермен тілдескеннің өзіне қатты қобалжимын. Бірақ бәрі уақыт пен тәжірибенің арқасында келеді емес пе? Нәтижелерімді нашарлатып алмай, әрі қарай да жетістіктерге жетемін деп үміттенемін. «Уимблдонға» дейін турнирде жеңімпаз атанамын деген сезім болған жоқ. Психологиялық тұрғыда өзіме толық сенбеген тәріздімін. Оған жарақат пен сырқатыма байланысты дайындықтың дұрыс болмауы себеп секілді. Дегенмен жақсы дайындалып, жақсы формада болған кезде дұрыс бағытта екенімді, ірі турнирде жеңіске жетуге мүмкіндігім бар екенін түсіндім.
– Қоғам арасында сіздің азаматтығыңыз қатты талқыланып жатыр. Осы дауға нүкте қою үшін төлқұжатыңыз бен жеке куәлігіңізді көрсете аласыз ба?
– Әрине, төлқұжатым бар. Міне, сіздерге дәлел (төлқұжаты мен жеке куәлігін көрсетіп жымиды).
– Жас теннисшілерге қандай кеңес бересіз?
– Ең бастысы – істеген ісіңнен ләззат алу. Мұнда ата-аналардың көмегі орасан. Ата-анамның қолдауынсыз мен ешқандай жетістікке жете алмас едім. Сондай-ақ денсаулық та маңызды, ал денсаулық дегеніміз – тәртіп. Бәрі қарапайым нәрселер болғанымен, жеңістің кілті осындай қарапайым нәрселерде жатқанын ұмытпау керек.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Енді аз уақыт тынығып, Америкада өтетін турнирлерге дайындықты бастау керек. Бізде ойындар өте көп, апта сайын өтіп жатады. Ұзақ уақыт демалуға мүмкіндік жоқ. Алдағы ең маңызды турнирдің бірі – «Үлкен дулыға» санатына енетін жылдың ең соңғы жарысы US Open болмақ.
Жазып алған
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»