Ұлттық банк біраздан бері айтып жүрген цифрлы теңге 2022 жылдың соңына дейін енгізіліп, қолданысқа берілмек. Жақында ҰБ мен Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы (ТҚТДО) «Цифрлы теңгені енгізу бойынша шешім қабылдау моделі» баяндамасын жария етті.
Модельде цифрлы теңгенің технологиялық іске асырылуын, әлеуетті экономикалық пайдалар мен шығындарды, жүйені реттеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ экожүйені дамыту әлеуетін бағалау бойынша зерттеулер қамтылған. Талдау құралдары ретінде технологиялық эксперименттер, экономикалық модельдеу, мүдделі тараптармен дизайн-сессиялар қарастырылған. 2022 жылдың 4-тоқсанында нарыққа қатысушылармен және тұтынушылармен цифрлы теңгенің технологиялық платформасын өтпелі тестілеу жоспарланып отыр.
«Зерттеу нәтижелерін объективті түсіндіру мақсатында тәуелсіз халықаралық сарапшылар мен халықаралық қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен «Цифрлы теңге» жобасының Консультативтік кеңесі құрылды. Қаржы нарығының қатысушыларымен цифрлы теңгенің экожүйесін құру да жобаны дамытудағы табыстылықтың маңызды факторы. Осы мақсаттар үшін коллаборативті алаң – Digital Tenge Hub құрылды, оған нарық қатысушылары, инфрақұрылымдық ойыншылар, халықаралық серіктестер қатысады. Цифрлы теңгені енгізу, оның ішінде офлайн төлеу мүмкіндігі арқылы төлем мен қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады», делінген ҰБ хабарламасында.
Сарапшылардың айтуынша, цифрлы теңге инфрақұрылымы қаржы нарығына қатысушылар мен мемлекеттік органдар үшін қосымша құралға айналады, бұл смарт-контракт технологиясы негізінде инновациялық қызметтерді құруға мүмкіндік береді. Болашақта цифрлы теңгені енгізу трансшекаралық төлемдердің тиімділігін де еселейді деген үміт бар.
Модель құрылымы сұрақтар мен талдау критерийлерін төрт блокқа логикалық түрде топтастырады: цифрлы теңге архитектурасының дизайнын анықтайтын негізгі параметрлер, архитектурасы және экономикалық мәселелерді ескере отырып, цифрлы теңгенің дизайнын айқындау, таңдалған цифрлы теңге дизайнының өміршеңдігін бағалау, тұжырымдамалық операциялық және реттеуші модельдерді талдау.
«2022 жылдың соңына дейін зерттеу аясында технологиялық эксперименттердің, сауалнамалардың, экономикалық модельдеудің және қаржы нарығына қатысушылармен және сарапшылар қоғамдастығымен талқылау нәтижелерінің көмегімен бағаланатын технологиялық, экономикалық және реттеуші аспектілер талданады. Цифрлы теңгені енгізу туралы шешім 2022 жылдың соңында әлеуетті пайдалар мен тәуекелдерді жан-жақты зерттеу, технологиялық аспектілерді пысықтау, ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа әсерін, сондай-ақ Ұлттық төлем жүйесі мен оның қатысушылары үшін ықтимал әсерді бағалау нәтижелері бойынша қабылданады», деп мәлімдейді ҰБ.
Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы Бинур Жәленовтың айтуынша, цифрлы теңгені енгізу бір күннің шаруасы емес.
«Цифрлы теңгені енгізу елдің қаржылық тұрақтылығына жағымсыз әсер бермеуі керек. Тиісінше, бұл бір күннің шаруасы емес. Қазір мамандар цифрлы теңге не үшін қажет және оны енгізуге Қазақстанның экономикалық һәм технологиялық дайындығы бар ма деген мәселені зерделеп жатыр. Бірінші кезектегі мәселе киберқауіпсіздікке келіп тірелетіндіктен ықтимал тәуекелдер таразыға тартылады», дейді Б.Жәленов.