• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Шілде, 2022

Ресей мұнай бағасын төмендетуге мәжбүр – экономист

286 рет
көрсетілді

Белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев бас басылымға берген сұхбатында әлемдік мұнай нарығындағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мұнай-газ секторында Ресейге қарсы қабылданған шектеулер салыстырмалы түрде аздау және дені күшіне әлі енген жоқ. Еуропа Ресей көмірін тамыз айынан бастап алмаймыз деп мәлімдеді. Мұнайын осы жылдың соңына дейін алады. Келер жылдың наурызынан бастап Ресейден жанар-жағармай алуды тоқтатпақ. Еуропа құбырмен Ресейден алатын газға шектеу қойған жоқ. Дегенмен шектеуді Ресейдің өзі енгізіп, қазір бұрынғымен салыстырғанда газ сатуды бес есеге жуық азайтты. Соған қарамастан, көршіміз қазір мұнай өнімдерін бұрынғыдан да көп көлемде сатып жатыр», деді Ж. Құлекеев.

Оның айтуынша, Brent маркалы мұнайдың баррелі 129 долларға дейін барған кездері болған. Сол кездерде Ресей өз мұнайын бұдан шамамен 40 долларға төмен бағаға сатқан. Сондықтан санкцияның «игілігін» Қытай мен Үндістан көруде.

«Еуропа Ресей мұнайын алуды шамалы азайтты, бірақ Азиядағы екі алып керісінше алатын мұнай көлемін ұлғайтып отыр. Сосын Қытай бұрын Иранның мұнайын көп мөлшерде алатын. Санкция шырмауында отырғандықтан Иран оны шамалы арзан бағаға өткізетін. Қазір Иран өз мұнайын Қытайға бұрынғы көлемде сата алмайтын болды. Себебі Ресей бағаны мүлдем төмендетіп жіберді. Қытай арзан мұнайды таңдайды, әлбетте. Дегенмен Иран да өз өнімін қалайда өткізуі керек. Сондықтан бұл мемлекет те Қытай мен Үндістан нарығынан айырылып қалмас үшін өз мұнайының бағасын арзандатуға мәжбүр. Осының барлығы әлемдік мұнай бағасының бір күнде 10-12 долларға дейін арзандауына алып келді.

Біршама уақыт бұрын бір баррель мұнай 120 долларға сатылса, қазір баға 100 долларға дейін төмендеді. Ресей бұрын қандай дисконтпен сатса, сол деңгейді қазір де сақтауға мәжбүр. Әрине, көрші ел үшін мұнай бағасының жоғары болғаны тиімді. Дегенмен осындай жағдайлар мұнай бағасының тұрақсыздығын туындатуда», деді ол сұхбатта.