Таяу Шығыста НАТО-ға ұқсас әскери одақ құру идеясы тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл одақты құрудағы негізгі мақсат – ДАИШ, Әл-Қаида және Ираннан туындайтын қауіппен күрес. Аталған әскери одаққа Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің әріптестік кеңесіне мүше 6 мемлекет –Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ, Оман, Қатар, Бахрейн және Египет пен Иорданияны қамту жоспарланған.
Одақтың құрылуына қатысты АҚШ бірінші болып әрекет ете бастады. Вашингтон әкімшілігі «Араб НАТО-сын» құру ісіне 2018 жылы кірісті. 2020 жылғы баспасөз мәслихатында Ақүйдің бұрынғы басшысы Дональд Трамп «NATOME» (Таяу Шығыс НАТО-сы) идеясын көпшілікке ұсынды.
Бұл идеяны Иордания королі Абдалла II биылғы 24 маусымда америкалық CNBC арнасына берген сұхбатында тілге тиек етті. Абдалла II НАТО-ға ұқсас Таяу Шығыс әскери одағының құрылуын қолдайтынын білдіріп, мұндай одақты құру үшін «көзқарас пен миссия өте айқын болуы керек және оның рөлі жақсы анықталуы керек, әйтпесе, бәрі шатасып кетеді» деп атап өтті.
Саяси сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Иордания королінің Таяу Шығыс әскери одағын қолдауының өзіндік себебі бар. Одақ құрылса, біріншіден, Сирияның оңтүстігіндегі Иран мен оның одақтас күштерінің ықпал ету аясы әлсірейді. Екіншіден, Ресей-Украина соғысын өз пайдасына қолданып, Сириядан келетін есірткі мен қару-жарақ контрабандасын шектеу қолға алынады.
АҚШ-тың Таяу Шығыста басқа елдердің ықпалын жою мақсатында НАТО-ға ұқсас ұйым немесе Таяу Шығыс стратегиялық коалициясы секілді түрлі әскери одақ құруға талпынған. Бірақ бұдан әзірге нәтиже жоқ. Сарапшылардың айтуынша, Иордания королі Абдалла II қайта көтерген бастама дәл қазір пайдасын бермейді. Аймақтық және халықаралық одақтар мен Таяу Шығыстағы көптеген елдің қарым-қатынасы Джо Байден АҚШ президенттігіне сайланғаннан кейін өзгергені белгілі. Сондықтан Иордания королінің әскери одақ құру туралы пікірі уақыт жағынан кеш және қазіргі әлемдік саяси оқиғалар одақтың құрылуына кедергі деп есептейді.
Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері жақында Сириямен қарым-қатынасын жаңартты. Өз кезегінде Башар Асад 2011 жылдан бері араб елдеріне жасаған алғашқы сапарын осы БАӘ-ден бастады. Сонымен қатар ресми Абу-Даби Таяу Шығыстағы белсенді ел ретінде 26 маусымда Израильмен аймақтық әскери одаққа қарсы екенін ресми түрде жариялады. Бұл туралы Америкалық The Wall Street Journal басылымы БАӘ аймақтық әскери одақ немесе ынтымақтастықтың қолдаушысы емес екенін жазды.
Бұдан бөлек Эр-Рияд-Тегеран желісіндегі жақындасу мен Ирак премьер-министрі Мұстафа әл-Каземидің 25-26 маусымда Сауд Арабиясына жасаған сапарынан кейін екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қайта қалпына келуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. 2021 жылдың сәуір айынан бері Иран мен Сауд Арабиясы қайраткерлері арасында тікелей келіссөздер өткізген Ирак премьер-министрі Каземи аймаққа сапары кезінде Сауд Арабиясынан кейін Иранға барып, президент Ибрахим Реисимен кездесті. Каземи Тегеранда Реисимен ортақ баспасөз мәслихатында Таяу Шығыс аймағындағы тыныштық пен Йемендегі атысты тоқтату туралы өзара келісімге келгенін жеткізді. Бұған қатысты Ирактың бұқаралық ақпарат құралдарында Каземидің Сауд Арабиясы мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Селманға хабарлама жолдағаны туралы ақпарат тарады.
Иранның аймақ елдерімен қарым-қатынасының жақсаруы Таяу Шығыс НАТО-сы идеясын жүзеге асыруды қиындатады. Осыған сәйкес, Израиль Қорғаныс министрі Бенни Ганц мәлімдеме жариялаған. Сондай-ақ елдегі бұқаралық ақпарат құралдарында Тель-Авив Парсы шығанағы елдерінде соңғы апталарда Иранның қызметін бақылау үшін алдыңғы қатарлы радар жүйелерін орнатты деген хабар тарала бастады. Демек Израиль АҚШ бастамасымен Таяу Шығыста қорғаныс одағын құру үшін өздігімен іске кіріскені байқалады.
Сарапшылар жоғарыда атап өткен мәлімдемелер АҚШ-тың Иран қаупіне қарсы Израильмен біріге отырып, жаңа әскери одақ құруға ниетті екенін көрсетеді деп есептейді. Сонымен қатар Таяу Шығыс елдері көшбасшыларының өзара сапарлары Иран және Израиль мен АҚШ арасындағы шиеленіс қайтадан өршіген кезде жүргізілгенін, бірақ соңғы уақытта Иран мен Парсы шығанағындағы араб елдері арасында өзара шиеленістің төмендеуі байқалғанын айтып отыр. Осы орайда Америкалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, өткен наурыз айында Вашингтон әкімшілігі Мысырдың Шарм-әл-Шейх қаласында америкалық және израильдік жоғары лауазымды басшылары, араб және Парсы шығанағы елдерінің көшбасшыларының қатысуымен жасырын отырыс өткізіп, онда Иранға қарсы одақ мәселесі талқыланған.
Алайда Иранның аймақ елдерімен қарым-қатынасының қалыпқа келгенін ескерсек, Оман, Қатар және Ирак елдерін Иранға қарсы бағытталған одаққа кіруі екіталай. Себебі бұл елдер мен Иран арасында стратегиялық, экономикалық, қауіпсіздік және іскерлік қатынастар бар. Сонымен қатар Мысыр да Иран өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп есептемейді.
Әуелі АҚШ, содан кейін Иордания тарапынан айтылған Таяу Шығыста НАТО-ға ұқсас әскери одақ құру идеясы Иранның аймақтағы ықпалын жоюды, сондай-ақ лаңкестік ұйымдармен күресуді мақсат етеді. Дегенмен Таяу Шығыс елдерінің өзара байланысының өзгеруі және Иранның кейбір елдермен қарым-қатынасының қайта қалпына келуі бұл идея сөз жүзінде қалатынын көрсететіндей.
Мәдина АМАНБЕКҚЫЗЫ,
журналист