• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Шілде, 2022

Жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңіл болмай тұр

365 рет
көрсетілді

Шымкент облыс орталығы болып тұрған кезде мақта кластерін дамыту мақсатында ірі жобалар қолға алынып, мақта өңдеуші зауыттар салынған еді. Алайда шикізат өз өңірімізде болғанымен жеңіл өнеркәсіп алға жылжып кете алмады. Бүгінде кәсіпорындар тек арнайы киімдерді тапсырыспен тігуден әрі аса алмауда.

Қалалық кәсіпкерлік және ин­­дустриалды-иннвациялық да­­­му басқармасының өкілі Ер­мек Тұрманов бұл өте күрделі мә­­се­ле екенін айтады. «Жеңіл өнер­кәсіпті дамытуға біріншіден, ин­вес­торлардың өзі құлықты болып отырған жоқ. Себебі оның өзіндік құны өте төмен. Мәсе­лен, әрбір тігілген киімнен түсе­тін табыс бар-жоғы – 100-200 тең­ге ғана. Оған мақтадан мата тоқу технологиясының қиынды­ғы мен қымбаттығын және білік­ті мамандардың тап­шылығын қосыңыз. Жеңіл өнер­кәсіпті өр­кен­детуге алдымен мемлекеттің өзі мүдделі болуға тиіс. Мәселен, та­нымал «Вайкики» мен «Катон» фирма­ларының киімдері саты­латын шетелдегі дүкендердің арендасын Түркия өзі өтеп бере­ді. Сондықтан да ол киімдердің бағасы арзандау», дейді Ермек Тұрманов.

Ал экономист Марат Сейдах­метовтің пікірінше, Шымкент­те жеңіл өнеркәсіптің дамуы­на тұсау болған бір кедергі – қымбат та­­риф. Мәселен, Қырғызстанда 1 кВт электр энергиясы 4 теңге тұрса, Шымкенттің индус­триал­ды айма­ғында – 15 теңге, ал өнді­ріс айма­ғынан тысқары кәсіп­орын­дар 28 теңге төлейді. Сонымен ­бірге ма­манның айтуына қараған­да, біз­де әлі де «жабайы капитализм» қалдықтары қалған. Көп инвес­торлар содан да қорқып, инвестиция салудан қашқақтай­ды. Белгілі экономист Сапарбек Жобаев жеңіл өнеркәсіптің дамуына Қытай, Үндістан, Түркия нары­ғының бәсекелестігі кері әсер етіп отырғанын айтады. Сон­­­дықтан бұл мәселеден шығу үшін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде еңбек бөлінісін іске асыру қажет.  Бұл енді өңір­де өсетін мақтаны  өңдеуден шығып отырған мәселе. Әйтпесе, инвес­тиция тарту Шымкент қала­сын дамыту жоспарындағы маңыз­ды міндеттердің бірегейі. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дайын өнім өнді­рісін ұлғайтуға байланыс­ты тап­сыр­масының орындалуында осы инвестиция тарту мә­се­ле­сінің алар орны ерекше екені мәлім. Сондықтан қала әкім­дігі бұл бағытта ілгері жыл­жу­­дың жөн-жобасын жасауда. Со­ның бір айғағы Шымкентте инвес­тициялық штаб құрылған. Әрбір отырысында қаланың экономикасына қаржы құя алатын инвес­торлардың мүмкіндіктері қара­лып, жол-жөнекей кездескен ке­дер­гілер талқыланады.

Шымкенттің өсіп-өркендеуіне инвестициялық әлеует өзінің оң әсерін тигізуде. Жергілікті және шетелдік капиталды қаланың өндірісіне, инфрақұрылымына тарту үшін бизнес өкілдеріне де жағдай жасалуда. Мысалы, «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесін келтіруге болады. «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін бұл мекемеде түрлі кеңестер беріледі және құжат рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында тиісті жұмыстар атқарылады.

Сандарды сөйлетсек, 2020 жылы Шымкентте 37,5 млрд тең­г­е­нің 22 инвестициялық жобасы іске асырылды. Былтыр 16 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылды. Биыл 50 млрд теңгеге бағаланған 16 жоба нақты қолға алынады. Соның нәтижесінде, биыл мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Мәселен, алюминий банкілерін шығара­тын зауыт жылына 500 млн дана өндіруге қауқарлы. Шығарылған тауар келешекте елге келетін осы өнімнің импорттық баламасы­ның 60 пайызын алмастырады.

Сондай-ақ қала экономикасы үшін маңызды жобалардың бірі – «Standard Steel KZ» ЖШС. Бұл кәсіпорында түсті металл концентраттары (мыс, қорғасын, цинк, алтын) алынады. Осы жоба арқылы бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қал­дық­тары тазартылып, қаланың экологиясын жақсартуға үлкен септігін тигізеді.

Инвесторларды тарту оңай шаруа емес.  Әдетте инвесторлар бүкіл тәуекелдерді есептеп барып, шешім қабылдайды. Соның ішін­де инвестордың ойында шикізат­ты қайдан алам, өнімді қайда өткі­зем деген екі сауал тұрады. Бүгін­гі әлемдегі геосаяси жағдай­дың тұрақсыздығы логистиканы, экспорт пен импортты қиында­тып отырған жайы бар. Сондық­тан шымкенттік кәсіпкерлерге қазір­гі ахуал оңай тиіп отырған жоқ. Дей тұр­ғанмен, үшінші мегаполис­те кәсібін дөңгелетіп отырған инвес­­торларға барынша жеңіл­діктер қарастырылған. Айта­лық, «Оңтүстік» арнайы экономи­ка­лық аймағында кәсіпорындар әлеуметтіктен басқа мүлік, жер, корпоративтік табыс секілді са­лықтың барлық түрінен боса­тылған. Зауыт құрылысына жер учаскесі арендаға арзан баға­да немесе кейбір өміршең жоба­ларға тегін беріледі. Сонымен бірге кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарламасы­на қатысып, 6 пайыздық жеңіл­дікпен несие ала алады. Инвести­циялық келісімшарт құжаты­ның көмегімен түрлі жеңілдіктер­ге қол жеткізеді. Мәселен, сырттан әкелінетін қондырғы ақы­сының 30 пайызы сатып алған кәсіпкер­дің өзіне қайтарылады.

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade», «Қазақ экспорт» АҚ ұлттық компаниялары сақ­тандыру, дайын өнім тасы­ма­­лына кеткен шығынның өтема­қ­ысын төлеу, жарнамалау, шетелде қоймада тұрған отан­дық тауардың жалдау ақысын өтеп беру секілді мәселелер бойын­ша кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде.

Мегаполисте 4 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Олар­дың инфрақұырылымын жүр­гізуге мемлекеттік бюджеттен 17,8 млрд теңге қаражат жұм­салса, қазынаға ондағы кәсіп­орын­дардан түскен салық табысы бүгінге дейін 36,5 млрд теңгеге жеткен. Тәуелсіздік жылдар бе­дерінде инвесторлар өнімінің арқасында шымкенттік брендтер қалыптасты. Олардың қатары­на «Бал текстильдің» кілемдерін, «Рахат-Шымкент», «Нұртау­дың» кәмпиттерін, «Люкс шуз», «Заряның» аяқкиімдерін, «Әлем-БТ-ның» шұлықтарын, «Азала текстиль», «АГФ груптің» төсек-орын жабдықтарын жатқызуға болады. Жүздеген кәсіпорынның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 20 жоба іске асырылуда. Үш жоба Қытай елінің еншісінде болса, оншақтысы Түркияға тиесілі, қалғаны басқа мемлекеттердің үлесінде.

Сондай-ақ Шымкент іргесін­дегі көрші ел астанасы Таш­кент­­пен сауда-экономикалық бай­­ланыс та жылдан-жылға кү­шейіп келеді. Оған Қазақстан-Өзбекстан арасындағы соңғы жыл­дары қол жеткізілген бауыр­лас­тық және әріптестік тығыз қарым-қатынастардың жандануы да түрткі болды. Соның нә­ти­­­жесінде, қос мемлекетпен ара­­­да сауда айналымы күшейіп, эко­но­микалық белсенділік арта түсті. Әсіресе алыс-беріс мәсе­ле­сінде Шымкенттің алар үлесі ауқымды. Өзбекстандық инвес­торлар бүгінгі таңда қала экономикасына қаржы салуға әзір. Екіжақты байланыстың беки түс­кеніне өзбек ағайындардың мегаполисте керамикалық тақталар шығаруға қатысты жоспарлары мен металлургиялық зауыт са­луға тыңғылықты кірісіп жатуы дәлел. Көрші елдің кәсіпкер­ле­рі жұмысы тоқтап қалған же­ңіл өнер­кәсіп саласындағы «Меланж» бен «Ютекс» кәсіп­орын­­дарының екінші тыны­сын ашып еді, өкінішке қарай, құ­қық­тық кедергілердің салдары­нан аталған қос өндіріс ошағы бір орында қайта шиырлап қалды.

Дегенмен қалада алдағы үш жылда 242 бизнес жобаны іске асыру көзделіп отыр. Соның нә­ти­­жесінде, 20 мыңнан астам шым­­­кенттік тұрақты жұмыс орны­мен қамтылады. Ал аталған жо­балардың жалпы құны 2,6 трлн тең­геден асып жығылады.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,

журналист

 

ШЫМКЕНТ