• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 17 Шілде, 2022

Аймақтың экологиялық жағдайына зерттеу жасалды

487 рет
көрсетілді

Қазақстандағы АҚШ елшілігі ел аумағындағы жоғары оқу орындарында экология және қоршаған орта саласындағы негізгі оқу бағдарламаларын дамыту жобасын қолға алып, бастама аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінде шетелдік мамандар қазақстандық жас ға­лымдарға дәріс өткізді. Ми­чиган мемлекеттік уни­вер­­ситетінің профессоры Джи­хуан Чен бастаған он күндік воркшопта отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары об­лыс аумағында далалық жұ­мыстар жүргізді.

Қазақстандық жоғары оқу орын­дарында экология және қорша­ған орта саласындағы білім беру бағ­дарламасының мазмұнын жетіл­ді­руге арналған жобада педаго­ги­ка­лық шеберлікті арттыру, эко­логия және қоршаған орта саласын­дағы сараптамалық білімді дамы­ту қарастырылып отыр. Оған жергі­лікті оқу орны мамандарымен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Х.Дулати атын­дағы Тараз университеті және Қ.Жұ­банов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, А.Бараев атындағы ас­тық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жас ғалымдары қатысты.

Қоршаған ортаның ахуалын білу үшін жасалған жұмыстар барысында әр 25 метр сайын өсімдіктің түрлеріне зерттеу жасалып, сол аумақтағы көле­мі анықталды. Жас ғалымдарға АҚШ-тағы іргелі оқу орындары профессорлары, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі тұрақты егіншілік орталығы мамандары офлайн және онлайн форматта дәріс оқыды.

– Бұл – негізінен аймақтық уни­вер­ситеттерге арналған жоба. Қазір­гі уақытта НАСА-мен бірлесіп ғылы­ми жоба дайындап, Арал теңізі тар­тылуының әлемдік климатқа әсерін зерттеу үстіндемін. Сондай-ақ семи­нар барысында қазақстандық жә­не америкалық білім беру бағдар­ла­маларын салыстырып талдау жасадық, – дейді профессор Джихуан Чен.

Америкалық маманның айтуын­ша, жас зерттеушілердің НАСА ға­рыштық агенттігінің Қазақстандағы және Орталық Азиядағы жобаларына қатысуға мүмкіндіктері бар.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ха­лықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Абылайхан Әзімбай – воркшоп барысында мазмұнды ақпаратпен, жаңа құрылғылармен танысқан жас маманның бірі. Ол үшін ғаламдық өзгерістер мен жерді бақылау орталығының профессоры Фен Пейлейдің жетекшілігімен далалық жұмыстар аясында өсімдік құрамы мен сапасы жайлы жүргізілген зерттеулер, жаңа құрылғылар арқы­лы ауаның ылғалдылығын, су­дың мөлшерін анықтау қатты қызық­тырыпты. Ол профессор Джихуан Ченнің «Биофизикалық модельдер және оларды экожүйелік талдауда қолдану» атты оқу құралының осы сала мамандарына берері мол екенін айтады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Экология» кафедра­сының меңгерушісі, PhD докторы Эльмира Мадалиева шетелдік оқытушылар білім берудің жаңа тәсілдерін үйреткенін жеткізді.

 

Қызылорда