• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 17 Шілде, 2022

«Тақиялы періштедегі» «Япурай»

1008 рет
көрсетілді

«Тақиялы періште» фильмінің байлығы баласына қалыңдық іздеген қазақ анасының күлкісі ғана емес, қазақ әндерін, соның ішінде қазақтың халық әнін де дәріптей алуында деген ойдамыз. Бұл фильмнің әр оқиғасының бұрылысы мен жықпылына тоқталуға болады. Бірақ айтпағымыз ол да емес, атақты режиссер, режиссер ғана емес әнші Шәкен Аймановтың қайталанбас дауысынан туындап отыр әңгіме.

Кинода шырқалатын әндердің көбі сол туындыны түсіру барысында жазылғаны туралы мәлімет бар. Алайда біз назар тігіп отырған халық әні «Япурай» осы фильмде ерекше мәнерде орындалады. Халық әні деген соң атақты, кемеліне келген шығарма екені айтпаса да белгілі. Бұл әннің шығу тарихы, орындаған әншілер, халық арасына тараған түрлері жөнінде тере берсе бір кітапқа жүк шығар. Затаевичтен бастап Илия Жақановқа дейін ерекше тоқталып зерттеген, тұжырымды пікірлер айтқан. Ынтығып шырқамаған атақты әнші де кемде-кем. Затаевичке жеткізген ескі әншілер Шомбал Доспамбаев пен Ғалымжан Шыңғалиевтен бастап Иса Байзақов, Ришат Абдуллин, Ермек Серкебаев, бертінде Димаш Құдайбергенге дейін орындап келеді. Радионың қорында Құрманбек Жандарбеков жаздырған нұсқа сақтаулы екендігін айтады И.Жақанов. Әсіресе «Исаның тенор үнінде құштарлық дуылдап тұратын еді» деп еске алады екен Латиф Хамиди.

Затаевич туындыны Орал өңірінен, екі әншіден екі түрін жазып алған деседі. Екеуінде де «Я, пірім» аталған. Кейбір зерттеушілер «Япырай» деп те атайды. Айналып келгенде, үшеуі де дыбыстық өзгеріске ұшыраған бір сөз сияқты. Қазақтың «Япырай, ә!» таңғалған сөзі айналып келгенде «Я, пір-ай, ә?!» дегені емес пе? Совет заманында пірден, мұсылмандықтан қашқан жоқ па? Сондықтан «Япурай» аталып кете берген шығар дейді бір ойымыз. Ән алысқа кеткені сонша, желілерде шетелдік музыканттар да мелодиясын романс ретінде тартып жүргенін көргенбіз.

Енді бұл әнге Шәкен Аймановтың не қаты­сы бар дейсіз ғой. Бар. Атақты «Тақиялы періш­тенің» ортасында «Япурайдың» шыр­қалуы тегін емес. Және ол жалғыз-ақ нұсқада емес, әуелі домбырада, одан кейін операда Серкебаев орындайды. Ал домбырадағы не­гізгі нұсқаны Шәкен Аймановтың өзі шыр­қа­ған көрінеді. Естуімізше солай. Кино аяқ­тал­ғанда ол жазыла қоймаған сыңайлы. Қарап таппадық. Дәл осыған шұқшиып отыр­ған себебіміз, «Япырай» әнінің негізгі нұс­қа­ларының бірі осы Шәкен Айманов салған түрі сияқты. Қазіргі орындау­шылардан өзгерек естіледі онда. Үзілдіріп, бояуын қанықтырып, аса бір жайлылықпен жеткізеді. Киноны көріп отырғанда елеусіз өтіп кетуіңіз кәдік, себебі оқиғалар тізбегі жетелеп, көңілді күлкі билеп алмай ма «Тақиялы періштеде»? Дәл сол ән шырқалар тұстың өзі күлкілі. Әлгі әнді шыр­қайтын адам Тайлақтың шешесіне қарата «менің әкем жас күнінде сіздің шеше­ңізді көргенде сөзсіз ғашық болар еді...» демей ме, ол кісінің жары жоғын біліп. Сөйтіп отыр­ғанда әннің негізгі нұсқасынан көңіл та­йып кетуі әбден мүмкін. Ал қайыра тыңдасаңыз тұщын­бай кетпейсіз. Орындаушылық мәнер мен дауыстың қасиетіне. Жүректің қасиеті дауыс­тан сезіледі. Көңілді үн тереңдігі баурайды. Тереңдік әрдайым кемелдікпен ұштасып жат­пай ма? Және домбыраны қағысы өзгеше, мүл­де тамаша. Дауыс жайлы, жаймашуақ, байып­ты естіледі де домбыра асықтырып, соның соңынан қуып келе жатқандай әсерге қал­дырады. Ғажабы да сол. Орал өңірінен жазылғ­ан әннің табиғатын домбыраны шерту дәс­түрі байқататындай. Құдды бір ауылдың ты­нық, жайлы кешінде ғашығына асыққан жүрек­тің алқынысын естуге болады. Әрине бұл ғажап. Кейінгі орындаушылар, әншілер Шә­кен Айманов орындаған осы түріне зер салса қалай қабылданар екен? Біздіңше, дами түседі.

Әннің сөзі туралы да әртүрлі айтылады. Көптеген деректерге ұшырастық. Бір әңгіме­лерде Мағжан Жұмабаев жазған дейді. Белгі­лі күйші Секен Тұрысбек: «Осы секілді «Япу­рай» әні қандай керемет! Тек Мағжан сын­ды классиктердің ғана қолынан келеді он­дай­ды тудыру. Ал біз оны оп-оңай автордан жұлып ала саламыз да, халықтікі дей сала­мыз. Мағжан Жұмабаевтың «Жа­зы­ғын» да көп жұрт біле бермейді, міне, нағыз ұлт үшін туған, қайталанбас туынды деп мен соны айтар едім. Мағжан атамызда көп ән болған», дейді.

Иса Байзақов қазақ әндеріне жаңаша сөз жазарда осы «Япырайды» тыңдап алады екен. Темірқазық болғаны ғой.

Ән де халықпен бір түлеп, заманмен бірге жаңарып отырмай ма? Мәселен, Мұхиттың «Айнамкөзінің» Ғарифолла Құрманғалиев орындаған әуелгі нұсқасы мен кейін Баян Нұрмышева орындаған түрін салыстыруға болады. Оны да жоққа шығара алмайсыз ғой. Халық қабылдады.     

Кинода шырқалған әннің түрінде домбыра қағысы сөздегі жаймашуақ көңіл күймен әдемі жымдасқан. Байыпты, үзілдірген да­уысты асығып қуып келе жатқандай.

Жаз болса жарқыраған көлдің беті,

Көгеріп көрінеді, япурай, алыс шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын

Шайқайды жас баладай, япурай,

желдің лебі.

Алтын бу айна көлдің бетін жабар,

Ақ сәуле көктен төніп, япурай,

маржан тағар.

Есіме ақ сәулемді алған кезде

Ақ моншақ жылт-жылт етіп, япурай,

жерге тамар.

Кім жазса да азабынан ғажап жасағаны байқалады!